Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Сенатор Дархан Қыдырәлі бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының біріне айналып отырған жастар мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Айылын жимай тұрған жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен жауыздықтарды ауыздықтау керек екенініне тоқталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты:
"Өкінішке қарай жастар арасында агрессия, буллинг, вандализм, суицид, әлімжеттілік, ерте жүктілік сияқты жаға ұстатар жайттар азаймай тұр. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады екен. Бас Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1% көбейген. Соның ішінде Ұлытауда 77,8%, Астанада 54,3%, Павлодарда 50%, Атырауда 38,9%, Солтүстік Қазақстанда 16,7%, Алматыда (14,6%), Маңғыстауда 14,3%, Шымкентте 13,6% арта түскен. Қорқыныштысы, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасында жасалған қылмыс саны 93,8% көбейген. Бұлардың арасында ұрлық – 512, тона – 121, бұзақылық – 94, алаяқтық – 66, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 60. Ел тұрғындарының үштен бірін, электораттың жартысына жуығын жастар құрайтынын ескерсек, бұл өте алаңдарлық жағдай.
Мәселен, 2023 жылы 30 қазанда Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9 сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ бала 16 жасар оқушыны тепкілеп өлтірді. Алматыда еріккендер ересек адамды ұрып кетті. Зайсанда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада зорланған қыздың тағдыры баршаны алаңдатты. Кеше ғана Ақтауда желіккен топтың төбелесі желіде тарады. Ал Талғардағы жантүршігерлік оқиғада еліріп алғандар бір шөлмек сыраға бола 16 жасар Шерзатты өлтіріп кетті. Адам өмірі осыншама түкке тұрғысыз болғаны ма? Осындай озбырлық, қатігездік, агрессия қайдан шығады? Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қаныпезердің бәрі жазалануы тиіс!
Әрине, жастар арасындағы проблемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр.
Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалуда.
Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатігездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралатын ойындар жастардың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын да қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз, сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке бір инспектордан келеді екен.
Жалпы жастар мәселесі түрлі министрліктердің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы Жастар саясаты басқармасы бар, қалған облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен 2 млн. халқының 40% жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мыңнан астам жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небәрі 70 мың болғандықтан Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ бұл орталықтарда 318 орын бос тұр. Жастарды біріктіретін республикалық деңгейдегі ұйымдар да жоқтың қасы.
«Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет», - деген Мемлекет басшысы жастар мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Тиісті тапсырмалар беріп, заңдар мен бағдарламалар қабылдануда. Атқарылып жатқан ауқымды істер де аз емес. Десек де бұл – ұлт болып ойланатын, қоғам болып қолға алатын өзекті тақырып. Ешқайсымыз жауапкершіліктен тыс емеспіз. Болашағымызды айқындайтын мәселеге қалдық принципімен қарауға болмайды, кешенді, жүйелі жұмыс керек.
Ойымызды сабақтай келе төмендегідей ұсыныстар береміз:
1. Тәрбие жұмысын жандандыру, мектеп инспекторларын көбейту, «Жас ұлан» сияқты ұйымдардың жұмысын трансформациялау;
2. Балалар және жастар контентіне баса мән беру;
3. Жастар Ресурстық орталықтарының қаржылық жағдайын жақсарту, аймақтарда Комьюнити орталықтарын ашу;
4. Жастар саясаты бойынша Басқармаларды барлық өңірлерде қайта құру;
5. Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін Жастар ісі жөніндегі комитеттің құзіретін күшейту. Отбасы, демография және жастар ісімен арнайы Агенттік айналысатын Германия, Финляндия, Малайзия сияқты көптеген озық елдердің тәжірибесін де ескеру қажет".