Тоқаевтың тапсырмасын шымкентше орындау...
Шымкенттік шенеуніктер инвесторлардың мәселесіне селқос қарап, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор бизнес жоспардың іске асуына кедергі жасаған. Шымкент қаласының прокуратурасы осындай мәлімет таратты.
-- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокурорлық қадағалау инвесторлардың проблемаларын тиімді шешуге бағытталған. Шымкент қаласының прокуратурасы 150-ден астам жұмыс орнын ашып, құны 3,2 млрд теңгеден асатын кондитерлік зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатқан түрік инвесторының құқығын қорғады. Атап айтқанда, 2 ай бойы әкімдік индустриялық аймақтың қатысушысына жер бөлу туралы шешім қабылдамаған, бұл бекітілген кесте бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажет инвестордың техникалық шарттар мен басқа да құжаттарды алуына кедергі болған. Шымкент қаласы прокуратурасының қадағалау актісіне сәйкес әкімдік жер учаскесін бөлу туралы қаулы шығарды.
Сондай-ақ инвесторға сәулет-жоспарлау тапсырмасын және эскиздік жобаны алуға көмек көрсетілді. Кінәлі лауазымды тұлға - Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Маңызды инвестициялық жобаларды қолдау жұмыстары жалғасуда,--деген ақпарат таратты прокуратура.
Прокурорлардың кінәлі тұлғаны адаспастан дәл тапқанын қарасаңызшы. Ал аталған басқарманың басшысы, қала әкімінің инвестиция саласына жауап беретін орынбасарының бұл істе ешқандай кінәсі, жауапкершілігі жоқ па?
Жалпы инвесторларға барынша жағдай жасау Президенттің басты тапсырмаларының бірі саналады. Жуырда Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполисте «Coca-Cola Kazakhstan» сусын өндіру зауытының салтанатты ашылуына қатысты. Осы жиында әкім: «Инвестициялық климатты жақсарту - мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз», – деген еді.
Сонда Сыздықбековтың айтқандарын қарамағындағылары жүре тыңдайтын болғаны ма?