Қызылордада –Нұрлыбек, Түркістанда--Әзімбек. Ендігі сценарий қалай болады?
Саяси сарапшылардың пікіріне сенсек, референдумды өткізіп алған Ақорда өңір басшыларының арасында кадрлық тағайындаулар жасайды. Президент Үкіметтің отставкіге кетпейтінін референдум күні журналистерге берген сұхбатында нақты айтты. Бірақ әкімдер арасында ауыс-түйістер болуы әбден мүмкін. Саяси жауырыншылардың жасаған болжамының қаншалықты шындыққа жанасатыны осы аптада белгілі болмақ.
Алайда Түркістанда өткен аптада әдеттен тыс тағайындау болды. Түркістан қаласының іскер әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімінің орынбасары лауазымына жоғарылап, оның креслосына Елордадан, бұған дейін бір күн де әкім болып көрмеген Әзімбек Пазылбекұлы келіп отырды (мұның шет жағасын «Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде жазғанбыз). Биліктің жазылмаған заңдылығына жүгінсек, әдетте үлкен саяси науқан тақалып тұрған кезде шенеуніктер ат ауыстырмайды. Ал бұл жолы керісінше, шенеуніктер елдің назары референдумға ауып тұрған кезде осы бір ауыс-түйісті елеусіздеу жасап жібергенді дұрыс көрген сияқты. Мұның арғы жағында бір гәптің бары анық.
Түркістан қаласының су жаңа әкімінің аты-жөні, тегі құжаттарда Әзімбек Пазылбекұлы деп жазылған (облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ермек Кенжеханұлы деген сияқты ғой, баяғы). Мұның арғы жағында елге танымал фамилияны жасыру жатқан жоқ па деген күдіктің қылаң бергені рас. Қателеспеген екенбіз. Марқұм Бердібек Сапарбаев облыстың әкімі болып, Оңтүстікте атақ-абыройы асқақтап тұрған кезде «Қызылордада Бекеңнің туған інісі ГАЙ-дың бастығы, қонақ болып барған шымкенттіктерді жата жастана күтіп, шекараға дейін шығарып салады екен» дегенді талай рет құлағымыз шалып еді. Әзімбек Пазылбек осы көрші облыста ГАЙ-дың бастығы қызметін атқарған Пазылбек көкеміздің ұлы болып шықты. Иә, марқұм Бердібек Сапарбаевтың, қазіргі уақытта Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың немере інісі. Түркістанға қандай арнайы кадрдың келгенін, атқамінерлердің дәл референдумның алдында қандай тағайындау жасағанын енді түсінген шығарсыз?!
Бердібек Сапарбаев уақтысында Қызылорда облысының әкімі болған. 1999 жылы, Шымкент өңірінде газ бен жарықтың тақсіреті шектен шығып бара жатқан тұста Президент оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болу міндетін жүктеді. Аумалы-төпкелі, қиын-қыстау кезде бұл міндетті абыроймен атқарды. Ақпарат құралдарында «спецназ Сапарбаев» атанған, одан кейін үш облысты басқарған Сапарбаевты жұрт кетер кезде әуежайға дейін қимай шығарып салды. Бекең әзірге бес бірдей облыстың тізгінін ұстаған жалғыз шенеунік. Ол «ескі Қазақстанмен» де, «жаңа Қазақстанмен» шәй деспей жұмыс істеді. Бұл Бекеңнің тіл табыса білетін қасиеті ғана емес, белгілі топқа, әулетке емес, халыққа қызмет етуді басты ұстаным етіп алғандығында болса керек. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Президент Тоқаев оны арнайы қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мұндай сый-құрметке ие болған қандай шенеунікті білесіздер?!
Абырой-беделі осылайша аспандап тұрған Сапарбаев зейнеткерлікке кеткен күні оның туған бауыры, бұл кезде Үкімет кеңсесінде еңбек етіп жүрген Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл тағайындауың сырын көпшілік Сапарбаевтың билікке ықпалынан іздеді. Рас, Бекеңнің өзі ақпарат құралдарына берген сұхбатында мұны жоққа шығарды.
--Әкімді мен тағайындамаймын ғой. Әкімді тағайындайтын мемлекеттің басшысы. Менің інім туралы көп айтады. Ол даладан келген жоқ қой? Ол аудан, қала деңгейінде, Үкіметте жұмыс істеді. Ол мемлекет басшысының шешімі, - деген болатын Сапарбаев. Дәл зейнеткерлікке кеткені күні Сапарбаевтың туған бауырының облыс әкімі атануы жай ғана сәйкестік дегенге ешкім де сенбесе керек. Бұл әкімдіктің эстафетасын Сапарбаев әулетінің келесі буынына тапсыру десек, қателеспейтін сияқтымыз. Ал Нәлібаев бұл эстафетаны кім табыс етеді? Бұл сауалдың жаубын іздеуге әлі ертерек.
Дегенмен мойындау керек, Нұрлыбек Нәлібаев облыс басшысының крелосына расында да даладан келген кадр емес. Ол 2005 жылдардан бастап Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданының әкімі, ал 2013 жылы Қызылорда қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. Одан әрі Үкімет кеңсесі, облыс әкімі. Біздің мақаламыздың басты кейіпкері Әзімбек Пазылбекұлының карьерасы 2013 жылы ағасы Нұрлыбек әкім болған Қызылорда қаласында басталған. Алғашқыда Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман болған. 2015 жылы Қызылорда қалалық әкімінің аппаратында тер төккен. Бұдан кейінгі карьерасы министрліктерде жалғасқан. Соңғы қызметі-- Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналды шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары. Енді міне, көкелерінің жолын қуған Әзімбек те әкімдердің командасына келіп кірді. Осы жерде көкейде мынандай бір сұрақ көлденеңдейді:
--Әзімбек Пазылбекұлын Түркістан қаласына әкім етіп тағайындау облыс басшысы Дархан Сатыбалдының өз шешімі болды ма, әлде жоғарыдағылардың ықпалымен жасады ма? Мұны енді тап басып айту қиын.
Ғаламторда, ақпарат құралдарында Нәлібаевтар әулетінен шыққан шенеуніктер мен оларды қандай бизнестерінің бары туралы материалдар жетіп артылады. Олардың бәріне тоқталып жату қажет емес шығар. Дегенмен осы дереккөздеріне сенсек, Әзімбек Пазылбекұлының әкесі Пазылбек Нәлібаев уақтысында Қызылорда облыстық Жол полициясының бастығы болған, қазіргі уақытта «Арал-Сырдария» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы қызметін атқарады. Яғни, енді әкелі-балалы шенеуніктер Түркістан облысын түлетуге бірге атсалысады деген сөз. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Пазылбек көкеміздің тағы бір ұлы Жарылқасын Пазылбекұлы Мәшбек қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарады екен. Ол уақтысында ағасы Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс істеген Премьер-министрдің кеңсесінде тәжірибе жинаған. Осы жерде басшылық лауазымды атқарған Ғабит Сыздықбековтың көзіне түссе керек. Қазір ол Сыздықбековтың ең сенімді кадрларының бірі саналатын көрінеді.
Әзімбек Пазылбекұлы 2018 жылы облыс орталығы атанған Түркістанның төртінші әкімі. Жоғарыда айтқанымыздай, ол бұған дейін әкімдік жүйеде жұмыс істемеген. Жергілікті жағдайды да бес саусағындай біледі деу қиын. Мұндай тәжірибемен оны Түркістанды кереметтей түлетіп жібереді дегенге сенуге бола ма? Әй, бірақ бәрі де шенеуніктің қарым-қабілетіне барып тіреледі ғой. Нағыз іскер басшыға оң да, солы да бір емес пе? Бірақ бір анығы--Әзімбек Пазылбекұлының карьерасы қала әкімінің орынтағымен шектеліп қалмайды. Оған бірер жылда облыс әкімінің креслосы бұйырып жатса таңқалмаңыз. Эстафетаны табыс ететін көкелер жоқ емес қой.
Түркістан бүгінде күрделі кезеңдерді бастан кешіріп жатыр. Түркі әлемінің рухани астанасын туризмнің орталығына айналдырамыз деген жоба әзірге тек сөз жүзінде қалып тұр. Жаңа әкімге жүктелген міндеттің бірі осы туризмге қатысты. Оған Пазылбекұлының қаншалықты тісі батады, қаншалықты игеріп кете алады? Нұрбол Тұрашбеков Түркістанға әкім болған 3-4 жылдың көлемінде бірқатар оң тірліктерді атқарды. Жұрт Тұрашбековті іскер, еңбекқор әкім ретінде таныды. Пазылбекұлы өзін қай жағынан танытанын уақыт көрсете жатар.
P.S. 2000 жылы Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен Түркістан қаласының 1500 жылдығы дүркіретіп тұрып тойланып еді. Сол кезде мектеп партасында отырған Пазылбекұлының пешенесіне енді міне, Түркістанның әкімі болу бұйырды. Қазір елдің арасында осыған қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен су жаңа әкімге дәл қазір сын емес, қолдау-қуаттау керек. Пазылбекұлының кабинеті бүгінде құттықтап келушілердің қарасынан босамай тұрған болу керек. «Мен Бекеңмен тізе қосып бірге жұмыс істеген едім», «Бердібек көкеңнің үзеңгілес серігім едім» дегендер де аз емес шығар, сірә. «Әйтеуір, Пазылбекұлы моралдық-психологиялық ахуалы ауырлау Түркістанда ат төбеліндей топтың шылауында қалып кетпесе болғаны» дейді бір білгіштер. Кім біледі?! Бәрін уақыттың төрелігіне тапсырдық.
«Рейтинг» газеті, 9 қазан 2024 жыл.