«Рейтинг» жазған еді, жауап хат келді: «Бедебаевтың заңсыздықтарға қатысты жоқ»
«Рейтинг» газетінің 21 тамыз күнгі №34 номерінде «Бедебаев былыққа басымен жауап беруі керек» деген тақырыппен жарияланған мақалаға байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалынан хат келді. Хатта филиал мамандары мақаладағы сауалдарға жауап беріп, кейбір мәселелерге тереңірек түсінік бергенді жөн санапты. Соныменен хатта не дейді?
Алдымен еске сала кетейік, жуырда Түркістан облыстық прокуратурасы 13 млрд. теңгеге салынған Жетісай ауданындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы жекеменшік компанияға өтеусіз негізде беріліп кеткенін, ал компанияның каналдан құм-тас алып, оны сатумен айналысқанын, прокуратураның араласуымен нысан қайтадан мемлекетке қайтарылғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Алайда сол күні Су ресурстары және ирригация министрлігі оны жоққа шығарып, нысанның жекеменшікке берілмегені жөнінде мәлімет таратты (бұл туралы біз мақаламызда келтіргенбіз). Мақалада біз осыған қатысты сот шешімдеріне сүйене отырып, «Қазсушардың» Түркістан филиалы мен «СК Парасат» компаниясы арасындағы жасалған келісім шартқа тоқталып, иелігінде ешқандай техникасы жоқ компаниямен келісімнің арғы жағында күдікті жәйттардың барына тоқталған едік. Хатты осы мәселеге түсінік берілген.
"СК-Парасат" ЖШС-імен арадағы келісім былтыр 26 маусымда жасалған. Серіктестік келісімге сәйкес машиналық су көтеру арнасының түбін арнайы техниканың (земснаряд) қолдану арқылы, каналдан шыққан сазды және құм тәрізді шөгінділерді тазартуға міндеттенген.
- Мердігер мекеме 2023 жылы қыркүйек айынан бастап шарттың талаптарына қарамастан, арнаның іргелес аумақтарынан және каналдың дамбасынан дайын жатқан үйінді құмды өз бетінше өндіріп және жергілікті халыққа сатып жатқаны анықталды. Бұдан басқа, мердігер мекеменің теңгерімінде арнайы техниканың (земснарядтың), жоқтығы, сонымен қатар мердігер мекемеде Жомарт Сабырханов атты азамат өзі ғана жұмыс істейтіні анықталды. Жомарт Сабырханұлы Сабырханов жалдамалы басшы екені, оның орнына серіктестікті Марат Сабырханұлы Момбек басқаратыны анықталды, - делінген хатта.
Алайда бұл келісім жасалып жатқан кезде «Қазсушардың» Түркістан облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев денсаулығына байланысты жұмыста болмаған. Келісімге сол кездегі директордың міндетін уақытша атқарушы А.Қыстаубаев деген азамат қол қойған. Қазыбек Бедебаев 2023 жылы қазан айында жұмысқа шыққан күннен бастап заңсыз құм тасымалдаушыларға қарсы құзырлы органдармен бірлесіп, шара көруге кіріскен. Нәтижесінде құм тасымалдауға тосқауыл қойылған.
- Қазыбек Бедебаевтың бастамасымен "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы 2023 жылдың қазан айында жергілікті облыстық құзырлы органдарға (облыстық Прокуратура, ҰҚК департаментіне, облыстық Полиция департаментіне) өтініш хаттар жолдап, келісім шартты бұзу рәсімін бастады. Бұған Түркістан облысының табиғатты қорғау прокуратурасы аталған мердігер мекеменің қызметін толық тексеріп, 2024 жылдың ақпан айындағы заңбұзушылықтарды жою жөніндегі ұсыныс беруі де қосымша себеп болды. Нәтижесінде, серіктестікпен түзелген келісім шартты бұзу амалдары бойынша сот органдарына талап-арыздар "Қазсушар"РМК Түркістан филиалы атынан жолданған. Бүгінгі күні өтініштердің қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің 334-бабының 2-бөлігі бойынша "СК-Парасат" ЖШС қатысты қылмыстық іс Жетісай ауданы полиция бөлімінде тергелуде. Бұдан басқа тағы бір іс сотқа дейінгі тергеу сатысында, ол іс басқа жеке тұлғаға қатысты, қылмыстық іс облыстық полиция департаментінің өндірісінде. Күдікті тұлға машиналық су көтеру арнасының аумағынан құм тасымалдап, жергілікті халыққа сатқан.
Айта кетерлігі, осы машинамен су көтеру арнасынан алынған құм сату бизнесі 2023 жылғы 26 маусымдағы №1 келісім шартты түзген тұлғаларға тиімді болған. Өйткені, келісім шарттың екінші түпнұсқасы «Қазсушар» РМК Түркістан филиалында жоқ, оны сол кездегі директордың міндетін уақытша атқарушы Асқар Қыстаубаев түбегейлі құртқан. Келісім шарт елтаңбалы мөрмен бекітілмеген, Қыстаубаев А. оны «Шарттар үшін» мөрімен бекіткен. Бұл іс-әрекет кәсіпорынның ішкі ережесіне қайшы келетіні сот шешімінде де келтірілген.
А. Қыстаубаев 2023 жылғы 26 маусымдағы №1 келісім шартты түзген күні «СК Парасат» ЖШС-іне «1000м3 қоқыс шығарды» деген актіге заңсыз қол қойып берген. Осындай заңбұзушылықтар анықталған соң бұрынғы лауазымды қызметкер А.Қыстаубаев пен тағы да басқа тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттері және "СК-Парасат" ЖШС-нің заңсыз кәсіпкерлік қызметі фактісі бойынша шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға, антикор мен Қаржылық мониторинг агенттігіне өтініш-арыз жолданған, - делінген хатта.