Генерал Таев туралықтан тайды ма?
Шымкенттің полициясынан тағы да сыбайлас жемқорлыққа қатысты шатақ шықты. Сол «баяғы ішіп қойды, жеп қойды, пара алды» деген шу. Жоқ, бұл жолғысы жай ғана жел сөз емес, құзырлы органдардың өздері таратқан ресми мәлімет. Дау-дамайдан, ұсталу мен сотталудан көз ашпай келе жатқан Шымкент полициясы соңғы жылдары біраз тыншығандай болып еді, департаменттің тізгінін генерал Думан Таев қолға алғалы қайта басталған сияқты.
Естеріңізде болса, жыл басында әлеуметтік желіде Шымкент полициясында лауазымды қызметкердің 50 мың доллар және 30 миллион теңге парамен ұсталғаны туралы ақпарат таралған. Алайда Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, генерал Думан Таев мұны жоққа шығарған болатын. Бұл жолғысын жоққа шығара алмайды-ау.
Шымкент полициясында шенділердің жаппай тұтқындалып жатқаны туралы ақпарат өткен аптада ақпарат құралдары арқылы тарады. Белгілі журналист Михаил Козачковтың телеграмдағы каналында жарияланған жазбаларға қарағанда, департаменттегі қаржылық қамтамасыз ету басқармасының басшысы мен мемлекеттік сатып алу бойынша бас маманды тұтқындау жөніндегі өтінішхатты сот санкциялаған. Бұл тұтқындаулар 400 миллион теңге жуық қаражаттың құрал-жабдықтарын сатып алумен байланысты болған көрінеді. «Қаржы жымқыру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі Ішкі істер министрлігіндегі өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бірлескен топ тергеп жатқаны айтылды. Алайда кейбір мәліметтерге қарағанда, қылмыстық іс тек қаржы жымқырумен байланысты емес, бұл істің арасында пара беру деректері бар дейді. Пара жоғары шенділерге берілмек болғанға ұқсайды. Ол жоғары шенділер кімдер? Телеграм каналдар тіпті осы оқиғадан кейін Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, генерал Думан Таевтың шұғыл Астанаға кеткенін, оның орынбасарларының тұтқындалғанын жазды. Кейбір мәліметтерде жымқырылған қаржының көлемі 370 миллион теңге деп көрсетілген.
Сол күні Ішкі істер министрлігі Шымкенттегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
«Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеруді бастады, оның қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданады және кінәлілер заңға сәйкес жазаланады. Ішкі істер министрлігі кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік бойынша қағидатты ұстанымда», - делінген министрліктің таратқан мәліметінде.
Міне, апта басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкенттегі полиция департаментінде болған тұтқындауларды растады. Informburo.kz порталының жолдаған сауалына берген жауабына қарағанда, ҰҚК Шымкентте екі полицейдің өзіне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін аса ірі көлемде жымқырды деген күдікпен ұсталған. Бұл қылмыстық іске жергілікті бір компанияның жетекшісі де іліккен. 7 қыркүйекте үш күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Әзірге бар ресми ақпарат осы ғана.
Шымкент қаласының полиция департаменті аталған фактіге байланысты ешқандай мәлімет таратпай отыр. Департаменттің ресми сайтындағы ақпараттарда соңғы күндері Думан Таевтың аты-жөні аталмай қалды. Генерал іс-шаралардан бой көрсетуді қойғанға ұқсайды. Мұның тегін еместігі айтпаса да түсінікті.
Думан Таев Шымкент қаласының Полиция департаментінің басшысы қызметіне былтыр тамыздың соңында тағайындалған болатын. Бұған дейін ол Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің бастығы, Ақмола облысының полициясын басқарған. Жалпы Таев Шымкенттің бас полицейі болғалы тәртіптің әлсіреп, сыбайлас жемқорлықтың күшейіп кеткені туралы әңгіме бұған дейін айтылған. Мәселен...
Жуырда ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Шымкент Полиция департаментінде химиялық есірткілерді сатқаны үшін полиция майорын тұтқындады. Аталған құзырлы органның таратқан ресми мәліметіне қарағанда, мегаполистегі Тұран аудандық полиция басқармасының майоры психотропты заттардың саудасына қатысы болғаны үшін ұсталған. Қазір оған қатысты тергеу амалдарын ҰҚК жүргізіп жатыр. Есірткі саудасына, нашақорлыққа қарсы күрес бүгінде Президенттің ерекше бақылауында тұрған өте өзекті мәселе. Осындай кезде Шымкент полициясының өз ішінен есірткі саудагерлері шығып жатса, бұған не айтуға болады? Биыл сәуірде Шымкент қаласының Полиция департаменіне қарасты көші-қон басқармасының бастығы қызметін атқарған С.Түгелбаев шетелдіктердің құжаттарын жасап бергені үшін пара алды деген айыппен 7 жарым жылға сотталған болатын.
Ал жуырда ақпарат құралдарында «ең адал полицей» деген атқа ие болған шымкенттік полицей Азамат Айымбетовты сот пара алды деген айып бойынша бас бостандығына айыру жазасына кескені туралы мәлімет жария болды. Қайталап айтайық пара алғаны үшін. Айымбетов бұған дейін өзінің тікелей бастығы, жергілікті полиция басқармасының жетекшісі лауазымын атқарған қызметкердің заңсыз тірліктерін әшкерелеп, Президентке үндеу арнаған, оның сотында басты куәгер болған. Сол үшін ол ақпарат құралдарының жұлдызы атанып, «ең адал полицей» ішкі істер органдары мен антикор басшыларының қолынан марапат алған. Сот үкіміне қарағанда Азамат Айымбетов жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 1 миллион теңге пара сұраған. Жүргізуші екі араға таныс-тамыр салып, ставканы 700 мың теңгеге түсірген. Айымбетов параны үшінші адамның Каспий голды арқылы алған. Масқара болғанда «ең адал полицей» сот барысында өзінің ақша алғанын мойындап, бірақ бұл қылмысты алаяқтық бабымен саралап, өзіне айыппұл салу жазасын тағайындауды сұранған. Сот оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Апыр-ай сонда «ең адал полицейдің» өзі тәпсісінен жаңылып қалатындай Шымкенттің полициясына не көрінді?
Биыл наурызда жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында Думан Таев қызметіне тағайындалғаннан бастап полициядағы кадрлық бизнесті тоқтату үшін орынбасарынан бастап басқарманың басшысы, тіпті олардың орынбасарларына дейін ауыстырғанын айтқан екен. Генерал қазір департаментте ешқандай кадрлық бизнестің жоқтығын мәлімдеп, сонымен бірге сыбайлас жемқорлық фактілеріне қарсы күрес бастағанын, оны түп-тамырымен жоя алатынына сендірген екен. Көпшіліктің көкейіне ұялатқан сенімнің ақталған түрі мынау. Әлде Таев туралықтан тайды ма?
Не де болса әліптің артын бағып көрейік.