Түркістанның ауылдары ауыз сумен 97,3 пайыз қамтылған... Мұздыбековтің мұнысына сенуге бола ма?

Oinet.kz 22-08-2024 409

    xGKZBvcPGPErSZ0NKiEhnzNr1hfI1wKJwwxgUh8P.jpg

 Түркістан облысында қалалардың ауыз сумен қамту көрсеткіші –100 пайызды, ал елді мекендерде –97,3 пайызды құрайды. Енді түркістандық атқамінерлер тағы бір күшенсе, Тоқаевтың «2025 жылға дейін тұрғындарды 100 пайыз ауыз сумен қамтыңдар» деген тапсырмасы орындалады. Алайда құжатта көрсетілген мәліметтер шынайы жағдаймен қаншалықты сәйкес келеді. Бұл енді өз алдына бөлек мәселе.

Түркістан облысындағы 807 елді мекеннің 737-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 29 нысан 2025 жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен 29 елді мекендегі 15 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Мұндай мәліметтер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде айтылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерімен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.

– Мемлекет басшысы 2025 жылдың қорытындысымен өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Сондықтан әрбір жобаның барысына жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ нысандардың құрылысына жауапты тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керек. Әрбір су нысаны сапалы, әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Ауыз сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, гидрогеологиялық ізденістер, жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 41 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 50 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған, 133 елді мекенді 2025-2027 жылдары аралығында тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Естеріңізде болса, түркістандық шенеуніктер елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді  Өмірзақ Шөкеевтің кезінде 90 пайыздан асырып жіберген болатын. Алайда Есеп комитетінің тексеруінен кейін бұл көрсеткіш қайтадан 70-80 пайыздың деңгейіне түскен еді.

Қайбір жолы Руслан Мұздыбековтің ауыз суға қатысты берген есебі облыстық мәслихатта қызу талқыланып, депутаттар біраз мәліметтермен келіспеген болатын. Мұздыбековтің мұнысына халық қалаулылары бұл жолы да сене қоймайды-ау.

Ауылдағы халықтың 97 пайызы сапалы ауыз су ішіп отыр дегенге сіз қаншалықты сенесіз?




Бедебаев былыққа басымен жауап беруі керек
Шымкенттің жылыту маусымына дайындығы төмен--министрлік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу