Шымкенттің жылыту маусымына дайындығы төмен--министрлік

Oinet.kz 23-08-2024 344

1.jpg

Үкімет отырысында өңірлердегі алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қаралып жатырдеп хабарлады Ulysmedіa.kz порталы.

Отырыста баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік 8,6 млн тоннаны құрайтынын мәлім етті. Оның ішінде, 2,3 млн тонна – коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна халыққа қажет.

– Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілді, бұл жылдық жоспардың 12% құрайды. Мониторинг барысында алты өңірде, атап айтқанда: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында, көмірді дайындау жұмыстары төмен екені анықталды. Қазақстан темір жолы және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет, – дейді министр.

Шарлапаевтың айтуынша, білім беру нысандарының дайындығы  88%-ды құрайды. Бес өңір жоспардан қалыс. Олар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары және Алматы қаласы. Денсаулық сақтау объектілері бойынша дайындық 87% болып отыр. Төмен көрсеткіштер Қарағанды, Алматы, Ақмола облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында. Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстарымен 34,169 үй қамтылған. Бұл жоспардың 68%-ын құрайды.

Шымкент қаласында тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығының төмендігі байқалады.

Ресми есепке сүйенсек, республика бойынша 546 шақырым жылу желілерінде жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге 354 шақырым немесе 65%-ы жөнделген. Бес өңірде желілерді жөндеу бойынша жоспардың 50%-дан кемі орындалған. Оның ішінде Шымкент қаласында – 31%, Маңғыстау облысында – 41%, Атырау, Қостанай және Абай облыстарында – 49%. Алты өңірде жөндеу жұмыстарының 75%-дан астамы орындалған. Олар – Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы. 

– Сумен жабдықтау желілерінің 59%, су бұру желілерінің 74%-ы жөнделді. Төмен көрсеткіштер Абай облысында және Алматы қаласында байқалады. Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражат бөлінген, жылыту маусымының басталуына дейін жұмыстар аяқталады, – дейді министр.

Сондай-ақ, Шарлапаев қазіргі уақытқа қажетті көмірдің 59%-ға жуығы, мазуттың тоқсан сегіз пайызы және дизель отынының 50%-ы дайын екенін айтты.

– Автономды қазандықтарды отынмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың қарқыны Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Абай, Алматы облыстарында және Астана қаласында төмен, – деді министр.

Жалпы табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 16,6 млрд теңгеге 68,8 шақырым жылумен жабдықтау желілерін жаңарту жоспарланған.

Министрлер мен әкімдердің есебін тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов мәліметтерге сенбейтінін атап өтті.

– Жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалды. Бүгін басшылардың көпшілігі қанша жерден сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болатынына менің анық көзім жетіп тұрған жоқ. Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді, – деді Үкімет басшысы.

Бектенов бірнеше мысал келтірді.

– Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру, – дейді ол.

Үкімет басшысы осы ретте Энергетика, Өнеркәсіп министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық дайындығын, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің әзір болуын қамтамасыз етуді жүктеді.



Түркістанның ауылдары ауыз сумен 97,3 пайыз қамтылған... Мұздыбековтің мұнысына сенуге бола ма?
Telegram Павел Дуровтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу