Бедебаев былыққа басымен жауап беруі керек

Oinet.kz 21-08-2024 674

Screenshot_1.png

Түркістан облысында осыдан 15 жыл бұрын пайдалануға берілген Жетісай ауданындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы каналдан тағы да шу шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындар аталған канал арнасының бұзылып, бетон арналардың талқандалып жатқанын, соның салдарынан, тіпті, канал бойындағы зиратты су шайып кету қаупі туғанын ақпарат құралдары арқылы жариялаған болатын (бұл туралы «Рейтинг» газетінде арнайы мақала да жарық көрген еді).

Тәуелсіздік деген қасиетті атауды иеленген каналды  Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорны әлдебір жекеменшік компанияға беріп, ал ол мойнына алған міндетін орындамай, канал арнасын құм-тас алатын заңсыз карьерге айналдырған. Дәлірегі өзінің бизнесін жүргізген.  Ал кәсіпорынның басшылары осыған жағдай жасап берген десек, қателеспейтін сияқтымыз.

Бұл туралы апта басында Түркістан облыстық прокуратурасы арнайы мәлімет таратты.

«25 шілдеде  Астана қаласы апелляциялық сот алқасының қаулысымен Түркістан облысы Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының апелляциялық шағымы қанағаттандырылып, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының  биылғы 24 сәуірдегі шешімінің күші жойылды. Атап айтқанда 13 млрд теңгеге салынған, ұзындығы 13,9 км. құрайтын «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық әдіспен су көтеру каналын он жылға өтеусіз беру туралы  «Қазсушар» Түркістан филиалы мен «СК Парасат» ЖШС арасында 2023 жылдың 26 маусымындағы келісімшарт жарамсыз деп танылды. Прокурорлардың араласуына  аталған каналдан ағын су алатын Жетісай және Мақтаарал аудандары  кәсіпкер-шаруа қожалықтарының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы негіз болды. Сонымен қатар, жаңа меншік иесі осы каналды дұрыс пайдаланбай,  каналды тазарту жұмыстарын жүргізбеу салдарынан, бөгетті нығайтатын құм шығарылып, нәтижесінде оның беріктігіне нұқсан келген», делінген прокуратураның таратқан мәліметінде.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы канал Оңтүстікте жылда болатын ағын су тапшылығын жою үшін қолға алынған ауқымды  жоба. Жоба бойынша Шардара су қоймасынан сорғылар арқылы су алынып, ол арнайы каналмен Жетісай ауданының егістік алқаптарына жеткізіледі. Алайда мамандардың айтуынша,  13 миллиард теңге жұмсалды деген жоба толығымен іске аспай қалған. Қазіргі уақытта нысан толық қуатында жұмыс істемейді. Мәселен, былтыр суару маусымында нысандағы 12 насостың 5-еуі ғана жұмыс істеген. Жалпы Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су алу жобасы Оңтүстіктегі су тапшылығын шешуге қаншалықты ықпал ете алды?  Осындай стратегиялық маңызы бар нысанды «Қазсушар» кәсіпорнының жекеменшік компанияға 10 жылға өтеусіз беріп жібергеніне не айтуға болады?  

Алайда сол күні Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімет таратып, прокурорларды қып-қызыл өтірікші қылды. Министрліктің ақпаратына қарағанда, «Тәуелсіздік» каналын ешкім жекеменшікке бермеген. Прокуратураның нысанды қайтадан мемлекетке қайтарғаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Нұржан Нұржігітов басқаратын ведомстваның ақпаратына сүйенсек, жекеменшік компаниямен каналдың арнасын тазалау жөнінде келісім жасалған. Алайда компания мойнына алған міндетін орындамай, каналды құм-тас алатын орынға айналдырған. Нәтижесінде «Қазсушар»  былтыр қазаннан бастап келісімшарттың күшін жою үшін құзырлы органдарға шағымданған. Қазір каналдан заңсыз құм алу фактілері бойынша сот алды тергеу амалдары басталған.

Сонда кімге сенеміз? Прокуратураға ма, әлде министрлікке ме?

Біз осы жөнінде биыл Астана қаласының мамандандырылған экономикалық сотының шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен танысып шықтық.   Мәселенің мән-жайы былай:

Сот актілеріне қарағанда, «СК Парасат» ЖШС-ы мен «Қазсушар» кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалы арасындағы келісімшарт былтыр 26 маусымда жасалынған. Бұл келісімшарттың тиімділігі осы кезден-ақ  күдік-күмән тудырады. Себебі екіарадағы келісім бойынша серіктестік өтеусіз негізде қызмет көрсетуге міндеттелген. Дәлірегі канал арнасын  лай-құмнан арнайы техникалардың көмегімен тазартуды мойнына алған. Сот шешімінде бұл мақсатқа қаражаттың бөлінгені туралы ештеңе айтылмаған. Яғни, бәрі жоғарыда жазылғандай, өтеусіз негізде келісілген. Сонда  техниканың күшін, көптеген шығынды қажет ететін жұмысты жекеменшік компания өтеусіз негізде жасап беруі мүмкін бе? Жалпы бұл өзі ақылға қонатын дүние ме?  Оның арғы жағында бақай есептің бары айтпаса да түсінікті емес пе?

Сотқа талап арыз берген «Қазсушар» кәсіпорны өкілінің айтуынша, «СК Парасат» мойнына алған міндетін орындамаған. Осыған байланысты шаруалардан жиі арыз-шағымдар түскен. 2024 жылдың қаңтар айында «СК Парасат» ЖШС-ның заңсыз тірліктерін Түркістан облысының Табиғат қорғау прокуратурасы тексереді. Осы тексеру кезінде біраз былықтың беті ашылған. Келісімшартты бетке ұстаған компания  каналдан құм-тас өндірумен айналысқан. Соның салдарынан каналдың беріктігіне нұқсан келтірілген. Құм-тастар түнгі уақытта шығарылған. Ауыр жүк көліктері каналға жапсарлас жатқан жолдарды талқандаған.

«Осылайша өтеусіз қызмет көрсетеміз, каналдың табанын құмнан, күл-қоқыстан тазартамыз дегенді сылтау еткен компания шын мәнінде құм өндірумен айналысқан және оны одан әрі сатқан болуы мүмкін»,– делінген сот шешімінде. Серіктестің құм-тасты қайда апарып сатқанын басқалар білмесе де «Қазсушар» кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалының басшылары жақсы білсе керек. 

Осы жерде айта кетері, серіктестік пен «Қазсушардың»  Түркістан филиалы арасындағы келісімге А.Қыстаубаев деген азамат қол қойған. Ол филиал директорының орынбасары лауазымын атқарады. Ал келісімге қол қояр кезде директордың міндетін атқарушы болып істегенге ұқсайды. Ал, біздің білуімізше «Қазсушардың» Түркістан облыстық филиалына 2022 жылдан бергі аралықта Қазыбек Бедебаев деген азамат директорлық етеді.  Оның бұл кезде қайда болғандығы белгісіз.

Істі алғашқыда Астана қаласының экономикалық соты қараған.  Сот «Қазсушардың» келтірген дәлелдемелері келісімшартты бұзуға негіз бола алмайды деп, талап арызды қанағаттандырусыз қалдырады.  Осыдан кейін прокуратура  Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына шағым береді. Шағым қанағаттандырылып,  алғашқы сот шешімі өзгертіледі, компания мен «Қазсушар» арасында жасалған келісім жарамсыз деп танылған. 

Айтпақшы, осы жерде «СК Парасат» компаниясына аз-кем тоқтала кетейік. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, фирма Шымкент қаласының Қаратау ауданында тіркелген. Сот шешімінде жазылғандай, 2022, 2023 және 2024 жылдар аралығында компанияның тапсырған декларациясы бойынша онда тек 1 қызметкер жұмыс істеген. 2022-23 жылдары аралығында тапқан табысы «0 теңге» деп көрсетілген. Меншігінде ешқандай техника немесе жылжымайтын мүлік болмаған. Бұл кезде компанияға Ж.Сабырханов деген азамат директорлық еткен. Алайда оның шын мәнінде директор болғаны күмән келтіреді. Себебі бұл уақытта ол азаматтың атына ешқандай зейнетақы жарналары аударылмаған.

Енді өздеріңіз сараптап көріңіздер, «Қазсушар» кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалы меншігінде тышқақ лағы да жоқ компаниямен «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналын  өтеусіз негізде тазалау жөнінде келісімшарт жасасады. Ал компания канал арнасын құм-шағал тас алатын карьерге айналдырған. Сонда бұл бизнес кімге тиімді? Компанияға ма, әлде «Қазсушар» филиалының басшыларына ма?

Жоғарыда келтірілгендей, қазіргі уақытта каналдан заңсыз құм-тас өндіру бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл бойынша «СК Парасат» фирмасы жауапқа тартылуы мүмкін. Ал осындай тиімсіз келісім-шарт жасасқан «Қазсушар» кәсіпорны Түркістан облыстық филиалы басшыларының мәселесін кім қарайды? Келісімге қол қоймағанымен, осындай заңсыздыққа жол берген директор Қазыбек Бедебаев былыққа басымен жауап беруі тиіс емес пе?

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік. 


«Рейтинг» газеті, 21 тамыз 2024 жыл.


Әкім кеңесшісі Қоянбаевтың немен айналысатыны белгілі болды
Түркістанның ауылдары ауыз сумен 97,3 пайыз қамтылған... Мұздыбековтің мұнысына сенуге бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу