Путин қазақтардан көмек сұрай ма?
Украина әскері Ресейдің Курск облысының шекаралық аудандарына басып кірді. Күтпеген жерден. Соңғы мәліметтерге қарағанда, украиналықтар орыстардың шекарасына 30-35 шақырымға дейін кіріп кеткен. Сарапшылар жағдайдың ауыр екендігін айтса, ресейліктер Украинаның бұл әрекетін ақымақтыққа балап отыр.
Курск облысында біраз бейбіт халықтың шығынға ұшырағанын Ресейдің Қорғаныс министрлігі де растады. Ресми мәліметтерге қарағанда, бұл Украина әскерінің 2022 жылдың күзінен бергі аралықтағы ең сәтті шабуылы саналады. Ресей қазір қорғаныс шептерін жасап жатыр. Курск облысында төтенше жағдай жарияланды. Төрт ауданда халықты көшіру шаралары жалғасуда.
12 тамызда өткен жиында Ресей президенті Владимир Путин Украина әскерінің шекарадан 12 шақырымға дейін аралықты басып алғанын растады. Майдан шебі 40 шақырымға дейін созылған. Путиннің айтуынша, Украина билігі бұл шабуылды алда болатын келіссөздер кезінде өзінің позициясын жақсарту үшін жасаған.
– Алайда бейбіт халыққа, азаматтық нысандарға соққы беріп, сонымен бірге ядролық нысандарға қауіп төндірген адамдармен қандай келіссөз жүргізуге болады, – деді Путин. Оның айтуынша, бұл шабуылдың тағы бір мақсаты – Ресейдің ішкі тұрақтылығын шайқау.
Ал, Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Курскіге шабуыл елдің қауіпсіздігі үшін қажет болған.
Кейбір сарапшылар егер Ресейдің жағдайы қиындаса, онда Кремль Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрауы мүмкін екендігін айтуда. Бұл қисынға келе ме? Қазіргі уақытта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Тәжікстан елдері мүше. Тәртіп бойынша аталған елдер өз шекарасының тұтастығына қауіп төнген жағдайда, дәлірегі сырттан жау басып кіргенде ұйымның көмегіне жүгіне алады. Алайда дәл қазір Ресей ұйымнан ешқандай да көмек сұрамайтын сияқты. Бұл туралы Мемлекеттік Думаның ТМД елдері бойынша комитет төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин мәлім етті. Оның ойынша, біріншіден, Ресей ұйымның басты мүшесі ретінде өз шекарасының қауіпсіздігі үшін ешқашан көмек сұрамайды. Екіншіден, көмек сұраған күннің өзінде оның ешқандай да пайдасы тие қоймайды.
– Курск облысындағы жағдай бойынша біз кімнен көмек сұрамақпыз. Бұл ісе қазақтарды немесе армяндарды тартпақпыз ба? Кімді? Сіздер қайдағы жоқ, қисынсыз сұрақтар қойып отырсыздар, – деп жауап беріпті Затулин журналистердің қойған сауалына.
Бұған дейін Мемлекеттік Думадағы қорғаныс істері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлев Курск облысына жасалған шабуылды Украина Қарулы күштерінің ең соңғы әрекеті деп атады. Соңғы уақытта Батыс елдері Украинаға көмек беруден шаршады. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Курск облысына шабуыл Батыстың осы сенімін ұштау үшін жасалды. Бірақ оның ақырының немен аяқталары әлі белгісіз.
Дегенмен, көрші елде осындай аласапыран болып жатқан кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады. Президентке биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстар туралы баяндалды.
Министр Мемлекет басшысына халықаралық оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері, жауынгерлік дайындыққа жаңа әдістер енгізу жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ қарулы күштердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігіне қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы жайында айтты. Заманауи қару-жарақпен және әскери техникалармен қамтамасыз ету, қорғаныс инфрақұрылымын дамыту, әскери-патриоттық жұмыстарды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қорғаныс министріне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Қазіргі уақытта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы лауазымын Иманғали Тасмағамбетовтың атқаратыны белгілі. Ұйымның ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, Тасмағамбетов соңғы күндері Ресейдің Кубинка қаласында өтіп жатқан әскери-техникалардың форумында жүр. Ұйым Ресейдегі жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.