Тоқаев Мирзияевтің қызымен неге кездесті?

Oinet.kz 08-08-2024 507

Screenshot_1.png

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 тамызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің қызы әрі оның көмекшісі Саида Мирзияеваны қабылдады. Әдетте Мемлекет басшысының басқа елдің Президентінің көмекшісін ресми түрде қабылдағанын бұған дейін естігеніңіз бар ма? Өзіңіз ойланып көріңіз, Тоқаевтың көмекшілерінің бірін Ресей Президенті Путин немесе Беларустың Президенті Лукашенко қабылдап, екі ел арасындағы мәселені талқылар ма еді? Ендеше Тоқаев Мирзияевтың қызын неге қабылдады? Бұған екі түрлі себеп болды. Біріншіден, Өзбекстанда Президенттің көмекшісі лауазымындағы С.Мирзияеваны көпшілік елдегі екінші адам санайды. Екіншіден, Саида Мирзияева ерте ме, кеш пе, Өзбекстанның  бірінші адамы болатынына қазір көпшіліктің күмәні жоқ.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу барысында екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер талқыланған.  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық әрі стратегиялық сипаттағы қарым-қатынасын атап өтіп, жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тиімділігін арттыра түсу үшін екі ел президенттерінің әкімшіліктері арасындағы тығыз байланысты жолға қою маңызды екеніне назар аударды. 

Кездесуде ақпараттық-идеологиялық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және жастар саясаты салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша мән берілді. 

Президент Астанада халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойынының өткізілуіне қолдау білдіріп, мұндай іс-шаралар екі ел халқының арасын жақындата түсетінін атап өтті.

Саида Мирзияева Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы. Ол саясатқа  әкесі президент болған соң араласты. 2019 жылы Президент Әкімшілігі жанындағы ақпарат жөніндегі агенттік төрағасы Комил Алламжановтың орынбасары  лауазымына тағайындалды. Бұдан кейін ол біраз уақыт Алломжановпен бірге қоғамдық ұйымдарда қызмет етті. Бірақ көп ұзамай С.Мирзияева  Президент Әкімшілігіне қайта оралды. Ол осында бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

2023 жылдың көктемінде Шавкат Мирзияев елде конституциялық реформаларды бастады. Мұның бәрі де Мирзияевтің билігін күшейтуге бағытталды. Маусымда өткен президент сайлауында Мирзияев жеңіске жетті. Осыдан кейін ол ешкімнің ойына келмеген кадрлық, құрылымдық өзгерістер жасады. Президент Әкімшілігі қайта құрылды. Осындағы негізгі лауазымдардың бәрін  Президенттің кеңесшілері мен көмекшілері иеленді. Олар тікелей Президентке бағынды. 25 тамызда Саида Мирияева ақпарат құралдарында алдын ала болжанғандай, әкесінің көмекшісі болып тағайындалды. Осылайша ол елде әкесі, Президент Шавкат Мирзияевтен кейінгі екінші адамға айналды.

Сарапшылардың пікірінше, мұның бәрі де Мирзияевтің билікте ешкімге сенбейтінін, тек өзінің жақын туыстарына арқа сүйейтінін көрсетті. 

Жалпы, Саида Мирзияеваның билікте жедел өсуі бұрынғы Президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнар Каримованы еске түсіреді. Каримованың карьерасын қалай аяқтағаны айтпаса да белгілі. Мирзияеваны қандай келешек күтіп тұрғанын да  ептеп болжауға болады?  Сарапшылардың айтуынша,  Президент Мирзияев Өзбекстанды Әзірбайжан мен Түркіменстанның жолымен алып келе жатыр. Яғни, Өзбекстанда билік Әзірбайжан мен Түркіменстандағы сценарий бойынша ауысады деген сөз.

Саяси жауырыншылардың пікіріне сенсек, Шавкат Мирзияев түбінде президенттік постты  өзінің 2009 жылы туған ұлы Миралишерге табыстайды. Ал Саида осы екі аралықта «регент» қызметін атқаруы мүмкін.



"Тамара Дүйсенова жиен әпкем". Шымкентте вице-премьердің атын жамылған алаяқ сотталды
Шымкент: Еңбекші ауданы сапалы ауыз сумен 97 пайыз қамтылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу