" />
" />
" /> "Тамара Дүйсенова жиен әпкем". Шымкентте вице-премьердің атын жамылған алаяқ сотталды-Жаңалықтар

"Тамара Дүйсенова жиен әпкем". Шымкентте вице-премьердің атын жамылған алаяқ сотталды

Oinet.kz 07-08-2024 467

Screenshot_2.png

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама аясында, Президенттің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздықпен күреске бөлінген қаражаттарды шенеуніктердің талан-таражға салуы әдетке айналып барады. Жұртшылықтың ақшасын алдап алып, талай адамның аузын аңқитып кеткен қылмыстардың көпшілігі де осы мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктердің айналасынан ұзамайды. Алаяқтардың еркінсінгені соншалықты тіпті жоғары лауазымды, есімі жалпы көпшілікке танымал азаматтардың да атын жамылуға көшті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы.

Жыл басында «Рейтинг» газетінде Шымкентте вице-премьер Тамара Дүйсенованың атын жамылып, азаматтардың ақшасын алдап алған алаяқ туралы жазған едік. Міне, өткен аптада сотталушы Қайрат Ибрайымовқа қатысты Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының  үкімі заңды күшіне енді.

Еске түсіре кетейік, биыл қаңтарда «алаяққа алданып, қыруар қаржымыздан айырылдық» деген бір топ азамат Шымкент қаласы Полиция департаментінің ғимаратына барып шу шығарды. Департамент бастығы, генерал Думан Таевпен кездесуді талап еткен болатын. Алайда наразы топты департаменттегі тергеу басқармасының басшылары қабылдады. Біз жәбірленушілердің бірі Әйгерім есімді азаматшамен тілдесіп, мән-жайды білген едік. 

Арызданушының айтуынша, Қайрат Ибрайымов деген азамат одан «мемлекеттен  қайтарымсыз грант алып беремін» деп, ірі көлемде ақша алған. Содан кейін уәдесінде тұрмай, алдап кеткен.    

Мені Қайратпен Айнұр деген келіншек былтыр шілдеде таныстырды. «Сот орындаушысы болып жұмыс істейді, Тамара Дүйсенова оның туған жиен әпкесі, қайтарымсыз грант шығарып береді» деді. Қайрат маған 200 мың теңгеге мемлекет тарапынан 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант шығарып беретінін айтты. Расында да ол осыншама ақша берді. Сөйтсем, ол маған ақшаны гранттан емес, жұрттан жинаған ақшадан берген екен. Осыдан кейін маған «көрдіңіз бе, сізге ақша шығардым, енді барып жұмыс істемейтін азаматтардың бәрін алып келе беріңіз, мен сіздің бар кредитіңізді жауып беремін. Тамара Дүйсенова менің туған жиенім, маған жауап береді. Ол менің үстімнен қарап отыр. Маған қолғабыс береді, еш уайымдамаңыз» деді. Енді міне, 17 миллион теңгеге алданып отырмыз. Маған қазір күні-түні туыстарым хабарласып, ақшаларын сұрап жатыр. Енді 17 миллион теңгені қайдан тауып беремін?! – деген Әйгерімнің айтуынша, Қайратқа туыстарының алды 500 мыңнан 5,5 миллион теңгеге дейін ақша берген.  Кейін ақшаны қайтаруды талап еткен кезде Қайрат «шағымдансаң, әпкем сені жоқ қылып жібереді» деп айтқанға ұқсайды.

Біз осыған қатысты вице-премьер Тамара Дүйсеновамен байланысып, оның «Рейтинг» газетіне жолдаған жауабын да жариялаған болатынбыз.

«Не деген ынсапсыздық. Құқық қорғау органдарына тапсырсын. Менің ондай өз бауырларымның арасында туысым жоқ. Алаяқтардың бірі шығар.  Біздің азаматтар қалай көшедегі азаматқа сеніп, қаражат береді? Менің бауырларымның бәрі дерлік зейнет жасындағы азаматтар» деген болатын Тамара Дүйсенова бізге жолдаған жазбаша жауабында.

Дегенмен сот үкімінде вице-премьердің аты-жөні мүлдем келтірілмеген. Бұл жағы түсінікті шығар. Себебі сотталушы Қайрат Ибрайымовтың ісіне вице-премьердің ешқандай да қатысы болмаған. Дүйсенованың аты-жөнін сотталушы тек өзінің алаяқтық ісін жүзеге асыру үшін пайдаланған.

Жалпы қылмыстық іс 20 эпизодтан тұрады. Яғни, сотталушы осыншама азаматтың ақшасын алып, алдап кеткен. Барлық эпизодтта қылмыстық істер бір әдіс тәсілмен жүзеге асқан.

Мәселен, былтыр ақпанда Қ.Ибраимов жәбірленушілердің бірімен танысып, өзін жоғары білімі бар заңгер ретінде көрсеткен. Оған «Халық банк» және «Хоум банктегі» 16 миллион теңге несие бойынша банкроттық жариялап, бұдан бөлек 1 миллион 350 мың теңге қайтарымсыз грант шығарып бере алатынына сендірген. Шамасы, Ибрайымовтың сөздері, жүріс-тұрысы ешқандай күмән туғызбаса керек, себебі жәбірленушілердің барлығы да оған имандай сенген. Сұраған ақшасын кеңседе қолма-қол немесе Каспий голд арқылы аударып беріп отырған.

Алаяққа алғашқы жәбірленуші 3 миллион 950 мың теңге берген. Екінші жәбірленушіден 638 мың теңге алса, одан кейінгісінен 238 мың теңге олжалаған. Бұдан кейін 197 мың 800 теңге, 580 мың 400 теңге, 1 млн 70 мың теңге, 340 мың теңге, 432 мың 600 теңге, 340 мың теңге, 1 млн 246 мың 200 теңге... осылай кете береді. Ибрайымов жәбірленушілерге біріне 20 миллион теңге, біріне 5 миллион, енді біріне 1 миллион 350 мың теңге қайтарымсыз грант  шығарып беруге уәде еткен. Сотталушының 20 жәбірленушіге келтірген материалдық шығыны 25 миллион теңгеден асады.

Ең қызығы, тергеу барысында жасаған қылмысын толықтай мойындаған Ибрайымов сотта жауаптарынан күрт айныған. Ол өзінің атында фирма бар екенін, өзі заңгерлер палатасының заңгері екенін, азаматтарға заңдық және қаржылай қызметтер бойынша қызметтер көрсеткенін айтқан. Дәлірегі мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант бойынша бизнес жоспарлар әзірлеумен айналысқанын, егер жәбірленушілер грантты ала алмаған жағдайда ақшаларын қайтарып беруге келіскендерін, жәбірленушілердің  2023 жылдың 2 потогына ілініп, гранттарын алуы тиіс болғанын, алайда Абай облысындағы өрттен кейін ақшаның бәрі апат салдарын жоюға жұмсалғанын алға тартыпты.

Ибрайымовтың айтуынша, жәбірленушілер үшінші потокқа ілінуі тиіс болған, алайда олар ілінбей қалған. Мұның себебін сотталушы Жұмыспен қамту орталығының басшыларымен байланыстырған. Оның бұл айтқандарына қаншалықты сенуге болады? Сонда бұл іске жұмыспен қамту орталығы басшыларының да қатысуы болуы мүмкін бе?

Ибрайымов биыл ақпанда осындай алаяқтық қылмыстары үшін сот үкімімен  3,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Сот сол жазаларды қоса отырып, бұл жолы оны түпкілікті 4 жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Оған жәбірленушілерге келтірген шығынды толық көлемде өтеу міндеттелді.  

Осы жерде айта кетері, биыл қаңтар айында  Шымкентте жұмыспен қамту орталығының (қазір ол еңбек мобильдігі орталығы деп аталады) директоры Шағдат Әсет парамен ұсталған болатын. Маусымда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты оған және оның үш сыбайласына қатысты үкім шығарды. Үкімге қарағанда, шымкенттік сыбайластар ұятты жиып қойып, бюджеттен кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген 51 миллион теңгенің 45 миллионын, яғни 90 пайызын  талан-таражға салған. Дәлірегі – арнайы комиссияның шешімімен Шымкентте былтыр халықтың осал топтарының жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 37 жеке кәсіпкерге қайтарымсыз гранттар берілген. Наурыз бен қазан аралығында осы 37 грант жеңімпазына қазынадан 51 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.  Ш.Әсет осыған қатысты барлық құжаттарға қол қойып берген. Бірақ грант иегерлерінің басым бөлігі өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асырмаған. Дәлірегі – мемлекетті алдаған. Себебі  грант бөлуге жауаптылар қазынаның қолдау қаржыларын өздерінің таныстарына, туыстарына үлестіре берген. Тізімге бірі күйеуін, бірі баласын, бірі досының ұлын әкеліп тықпалаған. Ал қайтарымсыз гранттың есебін берер кезде олар Шағдат Әсетке пара берген. Экс-директор мен оның үш сыбайласы айыппұл салу жазаларына кесілді. 

Шымкентте Президенттің тапсырмасымен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаражаттарды шенеуніктер мен алаяқтар осылайша «батпан құйрыққа» айналдырды. 

Вице-премьердің атын жамылып, талай азаматты алдаған алаяқ заң алдында жазасын алды. Бірақ бұдан жәбірленушілерге келтірілген шығын өтеле ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Жәнібек

ТАРХАН,

«Рейтинг» газеті, 7 тамыз 2024 жыл.



Түркістанда салынған үйдің сапасы төмен (видео)
Тоқаев Мирзияевтің қызымен неге кездесті?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу