Білім саласындағы ең ірі жымқыру Түркістан облысында—Антикор

Oinet.kz 14-02-2024 561

474d46d5c3dacb782b52b8c9b4c93158.jpg 

Білім саласындағы қаржы жымқырулардың ең ірісі Түркістан облысында. Кешегі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (антикор) осындай мәлімет таратты. Иә, рас бұған таң қалатын ештеңе жоқ. Түркістан республикада білім мекемелері ең көп өңір. Облыста мектептердің санының өзі мыңнан асады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Түркістан облысының білім саласы қашаннан басы даудан арылмаған, соңғы бір жарым жылда төрт бірдей аудандық білім бөлімінің басшысы сотталып кетті (оның үшеуі жемқорлық баптарымен). «Балық басынан шіріп», жоғарыдағы басшылардың өздері топ-тобымен сотталып жатқан өңірде бюджеттің қаржысына қол салу сөз болып па? 

Білім саласындағы жаға ұстатарлық фактілер соңғы күндері әлеуметтік желіде, жұртшылық арасында көп талқыланып жатыр. Айтылып жатқан пікірлердің тоқетеріне тоқталсақ,  бюджеттің миллиардтарын бухгалтерлердің өздері ғана жеді дегенге ешкім сенбейді.  Мектеп директорлары, білім бөлімінің басшылары ай қарап жүрді дегенге кісі иланады ма?

  Антикордың таратқан ресми мәліметіне қайта оралайық.  Құзырлы органның хабарлауынша, өткен жылдың басынан бері білім беру саласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен барлығы 192 қылмыстық іс тіркелген. Олар бойынша залал 13 миллиард теңгеден асқан.

«Ең ірі жымқыру Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды. Түркістан облысының екі ауданында – Шардара және Сарыағаш аудандық білім бөлімдерінің қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңге жымқырған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр»,– делінген ресми мәліметте.

Антикордың жасаған тұжырымы бойынша қаржылар мынандай жолдармен жымқырылған:  қызметкерлерге жалақы оның лауазымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған;  жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға берілген;  қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетілген;  бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған; «өлі жандарға» – туыстары мен жақындарына ақша аударған. Бұдан бөлек есепшілер мектептің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланған. Олар төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған.

Ең қызығы, жыл сайынғы бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жымқырылатын қаражаттар белгіленген. Яғни, жемқорлар өздерінің жейтін ақшаларын жыл басында бюджетке енгізіп қойған деген сөз.  Сонда  қаржыға жауапты бергі жақтағы мамандар  бюджеттік ұсынымдардың қисынға келмейтінін, миллиардтаған қаражаттардың ауада қалқып тұрғанын білмеген бе? Әй қайдам,  олар бұл ақшалардың айналып келгенде кімнің қалтасына барып түсетінін де жақсы білсе керек-ті.  

«Бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріндегі жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында білім беру саласының бюджетін цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ол білім беру саласында миллиардтаған теңгені жымқыру себептерін жою мақсатында бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және ұсыну процесін автоматтандыруды көздейді. Ақпараттық жүйені тестілеу нәтижесі оң болған жағдайда, жоба бүкіл ел бойынша іске қосылатын болады»,– делінген ақпаратта. Сонда білім саласында бұған дейін қолға алынған, жемқорлыққа жол бермейтін жобалар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары қайда қалды? Олардың бәрі көзбояушылық болғаны ма?   

Айта кетері, Шардара мен Сарыағаш аудандық білім бөлімдеріндегі қаржы жымқырулар бұл антикордың анықтаған фактілері ғана.  Қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес ауданының білім бөлімі бухгалтерлеріне қатысты қылмыстық істердің қозғалғанын жария етті.  Бұл ауданда жымқырылған қаржының көлемі – 400 миллион теңгеден асады. Бұдан кейін агенттік Мақтаарал аудандық білім бөлімінде есепшілердің – 1,2 миллиард теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінде – 600 млн теңге көлемінде мемлекет қаржысының жымқырылғанына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады.  Ақпанның басында Түркістан облысының прокуратурасы Жетісай ауданының білім бөлімі  бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын жария етті. Жетісайдағы залалдың соммасы 530 миллион теңгені құраған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен 3 күдікті  уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.

Білім саласындағы жемқорлық мәселесі қайбір күні Мәжілісте көтерілді. Депутат Нүргүл Тау антикордың басшыларына білім саласында қаржы жымқыру орын алған өңірлерде білім саласындағы бірінші басшыларды да жазаға тарту, қызметінен кетіру туралы ұсыныс білдірді. Түркістан облыстық білім басқармасының қазіргі басшысы Ғалымжан Жұмашев бұл қызметке былтыр қазан айында тағайындалған болатын. Сот үкімдерінен кейін оның қызметтік мәселесі қалай болар екен?

Айтпақшы, біз өткен нөмірлеріміздің бірінде Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің атына білім бөлімдерінде қозғалған қылмыстық істер бойынша журналистік сауал жолдағанымызды жазған едік. Басқармадан жауап хатты кеше алдық.

 Хатта біз «Мақтаарал ауданында тексерулер кезінде білім бөлімінің бір есепшісі өзіне қол жұмсап, қайтыс болды деген» әлеуметтік желідегі ақпаратқа түсінік беруді сұранған болатынбыз. Басқарманың жауабында:

«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23 бабында жұмыс беруші жұмыскердің дербес деректерін Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жинақтауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асырады. Яғни, жұмыскердің келісімінсіз оған қатысты мәліметтерді беру заңмен шектелген. Сонымен қатар, басқармаға жұмыскердің қайтыс болуы туралы мәлімет қайтыс болуы туралы куәлікпен ғана беріледі. Басқарма жұмыскерлерге қатысты басқа ақпараттарды беруді талап етпейді»,– деп жазылыпты. 

Сонда басқармаға өзіне тікелей бағынатын бөлімде істейтін қызметкердің қайтыс болғанын, не тірі екенін анықтау, әлеуметтік желіде жазылған ақпаратқа түсінік беру  соншалықты қиын болғаны ма? Егер бұл жағдай өтірік болса, онда оны жоққа шығаруға не кедергі? Егер рас болса, оны жасырып-жабудың не қажеті бар?  Не де болса мұны жауаптан жалтару деп қабылдадық.    

Сондай-ақ жауап хатта:

«Мемлекеттік білім беру мекемелеріне бөлінген қаржыларды мақсатсыз игеру фактілері бойынша құзырлы органдармен тексеру жұмыстары Түркістан облысының барлық ауданындағы білім бөлімінде жүргізіледі»,– деп жазылған.

Яғни, Түркістан облысының білім саласындағы тұтқындаулар мұнымен бітпеуі мүмкін. Әліптің артын бағып көрейік. 

«Рейтинг» газеті, 14 ақпан, 2024 жыл.




Бұл заң емес, реферат: Бақытжан Базарбек министрлік ұсынған заң жобасын сынап тастады
Қайрат Құдайбергенов: Тоқаевты әдейі адастырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу