Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Соңғы кездері ақпарат құралдарының, әлеуметтік желінің жұлдызы болып жүрген Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев Ulysmedia порталының алаңында сұхбат беріп, жүрек түкпірінде сақтап жүрген, бұған дейін көпшілікке айтпаған біраз құпияларын ақтарып салды. Ол осыдан 23 жыл бұрын не үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, не үшін сотталғанын, өзін соттатуға кімдердің мүдделі болғанын айтып берді.
Әлиевтің айтуынша, 2000 жылы ол мемлекетке 150 теңге зиян келтіргені үшін сотталыпты-мыс.
- Сотта прокурор келтірілген зиянның көлеміне емес, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне келтірілген зиянға назар аударуды сұранды,- дейді Б.Әлиев.
Сол кезде көшенің тиым салынған бөлігінен өткені үшін белгіленген айыппұлдың мөлшері 400 теңге еді. Ал Әлиевті 150 теңге үшін соттап жіберіпті. Неге дейсіздер ғой.
Әлиевтің айтқан сөздері рас болса, ол сол кезде кеденде контрабандаға қарсы күресетін құрылымның басшысы болған. Сол жылдары Шымкенттегі сыр зауытының қожайыны, атышулы Тоқтар Төлешов мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен зауытқа қажетті құрал жабдықтарды шетелден жеңілдетілген жолдармен алып келген. Осыны Болатбек Әлиевтің жігіттері барып тексерген кезде құжатта құрал-жабдық деп рәсімделген тауарлардың шын мәнінде қымбат тұратын шетелдік көліктер екендігі белгілі болыпты. Осыдан кейін оны Төлешов шақырып алып, сөйлеседі. «Батыр бала Болатбек» оның айтқанына иіле қоймаса керек. Осыдан кейін әлгі 150 теңге туралы іс пайда болыпты.
Әлиевтің өткен өміріне қатысты әңгіме мұнымен бітпейді.
- Екі айдан астам уақыт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырдым. Бұл істі жүргізуден бес тергеуші «отказ» берді. Бірақ соған қарамастан істі сотқа жеткізді. Бүгінгі таңда мен сотты емеспін,- дейді Болатбек Әлиев.
Депутат өзіне берілген тапсырысқа 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен Тоқтар Төлешовпен бірге сотталған бұрынғы Бас прокурордың бірінші орынбасары, Конституциялық кеңестің мүшесі болған азаматтың қатысы болғанын алға тартады. Әлиев прокурордың атын атамағанымен оның сол екі мыңыншы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқарған Ильяс Бақтыбаев екендігін аңғару қиын емес. Бақтыбаев бұдан кейінгі жылдары Бас прокурордың бірінші орынбасары, Конституциялық кеңестің мүшесі болған. 2016 жылы ол Төлешовтің ісі бойынша жеті жылға бас бостандығына айыру жазасына кесілген болатын.
Әлиевтің айтып отырғандары қаншалықты шындыққа сәйкес келеді?
Бізге белгілісі, Болатбек Әлиев 2001 жылы кеденде жұмыс істеп жүрген кезінде «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы және «ресми құжаттарды жою» бабы бойынша кінәлі деп танылып, Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Ашық дерекөздерінде жаияланған мәліметтерге қарағанда, бұл іс шекарадан Өзбекстанға өтіп бара жатқан 240 қап ұн артылған жүк көліктерімен байланысты көрінеді. Болатбек Әлиев сот үкімімен келіспей, Жоғары сотқа дейін шағымданған. Алайда жоғары инстанциялар алғашқы сатыдағы сот үкімін күшінде қалдырған. Есесіне Болатбек Әлиев сол жылдары Тәуелсіздіктің 10 жылдығына жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жаза өтеуден босатылған. Қайталап айтайық, жаза өтеуден кінәсінің жоқтығынан емес, рақымшылықпен босатылған. Ал Қылмыстық кодекс бойынша жаза өтеуден босатылған адамның соттылығы жоқ деп есептеледі. Болатбек Әлиевтің «соттылығым жоқ» деген сөзді қайталай беретін себебі осы.
Осыдан кейін кеденде жолы болмаған Болатбек Әлиев мемлекеттік қызметте керемет карьера жасады. 2007 жылы ол Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің басшысы болып тағайындалды. Артынша облыс әкімінің орынбасары лауазымына өсті. 2013 жылы өзі бақылау жасайтын басқармаларда болған сыбайлас жемқорлық қылмыстардан кейін ол қызметінен кетті. Содан бергі аралықта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Әлиевтің биыл наурызда Мәжіліс депутаты болып сайланғаны белгілі.