Құран ұстап ант берген Бекболат Тілеуханға сенуге бола ма?
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «ұмыра қажылығына алып барамын» деп, жүздеген адамды алдап кеткен ««Kausar Travel»- компаниясын құрған Медет Мұратбайұлы деген азаматқа үкім шығарды. Осылайша қаңтардан бері ақпарат құралдарында шу болған іске төрелік айтылды. Бірақ нүкте қойылды деуге әлі ертеректеу. Себебі айыпталушының орынтағында жалғыз отырған Медет Мұратбайұлы кінәсін мойындаған жоқ. Мойындамағаны былай тұрсын, ол қажылыққа барамын дегендердің ақшасын бұрынғы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға бергенін айтып, тағы да айды аспанға шығарды. Ал бұл істе ақпын деген Бекболат Тілеуханның «оллахи, биллахи» деп, Құран ұстап ант берген видеосы осыдан 2-3 ай бұрын тарап кеткен.
Бұл Іс бойынша жалпы 245 азамат жәбірленуші деп танылған. Оларға келтірілген шығынның көлемі 254 миллион теңгеден асады. Алайда бұл тек бергі жағы ғана сияқты. Ақпарат құралдарында алданғандардың саны 1300 екендігі, оларды тек 245-і ғана құзырлы органдарға арыз жазғаны айтылды. Сонда екіортада қолды болып кеткен қаржылар қанша?
Еске түсіріп көрейік, шілдеде Бекболат Тілеухан халыққа арнаған бейнежолдауында:
«Маған осы жылдар талай жала жабылды. «Қару сатты, анасын өлтірді, анасын тікелеп көмді, ән ұрлады, Сауд Арабиясынан қаржы алды, Сирияға кісі жіберді» деген айыптар жетіп жатыр... Қисынсыз болған соң, қатты көңіл бөлген жоқпын. Сенгендер болды, сенгісі келгендер де бар. Бірақ, ең ауыры – «қарапайым халықтың қажылыққа барам деп тірнектеп жинаған ақшасын жымқырып кетті» дегені болды. Меккеге деген махаббатынан, аузынан жырып жинаған адал ақыларын жымқырып кетті деу – өте ауыр жала. Ол жаланың авторы – Медет Мұратбайұлы. Бұл бейшара балаға да біреулер айтқызып отыр ғой», - деген болатын. Осыдан кейін ол Құран ұстап тұрып Медет Мұратбайұлы деген азаматты, «Кәусар тревел» деген компанияны білмейтінін, одан соқыр тиын да алмағанын айтып, ант берді.
Сот үкіміне қарағанда, тергеу барысында Бекболат Тілеухан мен Медет Мұратбайұлы беттестірілген. Беттестіру барысында екіарада қандай әңгіменің болғаны бізге белгісіз. Белгілісі мынау ғана:
Сотта жауап берген М.Мұратбайұлының айтуынша, 2021 жылдың ақпан айында ол Астана қаласында Мұхамеджан Тазабек арқылы Бекболат Тілеуханмен танысқан. Олар осы кезден бастап өзара араласа бастаған көрінеді. 2022 жылдың мамыр айында Б.Тілеуханмен Шымкент қаласында кездескен. Сол жерде ол өзінің компаниясы арқылы адамдарды қажылыққа жіберумен айналысқысы келетінін, алайда ол бойынша мүфтиаттан рұқсатнама алудың қиындық туғызып жатқанын алға тартады, соған жәрдем сұраған. Б.Тілеухан құжаттарын рәсімдеуге көмек бере алатынын білдірген, екеуі бірлесіп жұмыс істеуге келіскенге ұқсайды. Тіпті фирманың атын «Kausar Travel» деп, өзара ақылдасып қойған. Осыдан кейін компания қажылыққа адамдарды жолдауда бағасын басқалардан төмен қойып, іске кіріскен. «Kausar Travel»-дің жалдамалы екі офисі болған, бірі- Шымкентте, екіншісі -Алматыда. Қажылыққа барушыларға жарнама жасау «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы қызу жүргізілген. Медет Мұратбайұлының айтуынша, адамдардан түскен ақшалардың бір бөлігін әуе билеттеріне, қонақ үйге төлеп, қалғанын Б.Тілеуханға жіберіп отырған көрінеді. Алғашқы ақша-40 миллион теңге былтыр қазан айында Б.Тілеуханның атынан келген азаматқа Шымкент қаласының «Барыс» базарының жанында берілген. М.Мұратбайұлының сөзі рас болса, ол Б.Тілеуханға жәбірленушілерден түскен 522 миллион теңге, өзінің жеке ақшасынан 128 миллион теңге, жалпы бас-аяғы 700 миллион теңгеден астам қаражат берген, ал ол оны алдап, ақшасын алып Түркияға қашып кеткен. Бұл әрине экс-депутат үшін үлкен айыптау екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ сотталушы сонымен бірге ақшаны бергені жөнінде дәлелдейтін құжаттардың жоқтығын, ақшаны берген көмекшілердің де толық есімдерін білмейтінін мәлім етеді. Соттың құрғақ сөзді дәлелге жатқызбайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Сондықтан судья М.Мұратбайұлының бұл сөздеріне сенімсіздік білдірген.
Ал куә ретінде сөйлеген Бекболат Тілеуханның жауабында 2022 жылдың наурыз айынан бері Түркияда тұратынын, сотталушы М.Мұратбайұлын мүлдем танымайтынын, «Kausar Travel» туристік агенттігі жөнінде естімегенін алға тартады. Айтпақшы өзінің жауабында Бекболат Тілеухан Мұхамеджан Тазабекті өзінің туысы екендігін айтыпты. М.Тазабектен неге жауап алынбағаны түсініксіз.
«Kausar Travel» заңды тіркелмегеніне қарамастан алғашқыда азаматтарды Сауд Арабиясына апарып-әкеліп отырған. Медет Мұратбайұлы компанияда істеген қызметкерлерге, өнер жұлдыздарына тегін жолдамалар беріп отырған. Мәселен әнші Нұржан Керменбаев пен оның жұбайына тегін жолдама сыйлаған. Ал осы компанияның әлеуметтік желідегі жарнамасында жүрген тағы бір жұлдыз, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева жолдаманы өз ақшасына сатып алғанын айтыпты.
Медет Мұратбайұлы биыл қаңтар айында ұсталған. Сот үкімінде жазылғандай, 2023 жылдың 27 қаңтарында, яғни ұсталғаннан кейін М.Мұратбайұлы кінәні мойындау туралы арыз жазып, онда жәбірленушілерден алынған ақшаны өз мұқтаждығына жұмсағанын, оның ішінде әкесіне сыйлық ретінде 18 миллион теңгеге «Lexus LX 570», жақындарына 11 миллион теңгеге «Mercedes-benz 500 S», 7 миллион теңгеге «Porsche Cayenne», 11 миллион теңгеге «BMW X5», 9 миллион теңгеге «Hyundai Tucson» маркалы автокөліктерін алғанын, өзінің үйлену тойына 20 миллион теңге жұмсағанын, ағайын-туыстарына және өзінің отбасына, жалпы 35 адамға 20 миллион теңгеге қажылыққа жолдама, жұбайына және жақындарына «iPhone 14 Pro» маркалы ұялы телефондарын сыйлағанын көрсеткен. Бұл мәліметтен іске Бекболат Тілеухан кейін қосақталғанын байқауға болады? Оны қосақтаған кім? Не де болса, істің арғы жағында біраз құпиялардың жатқаны анық.
Сот Медет Мұратбайұлын ірі мөлшерде алаяқтық жасау айыбы бойынша кінәлі деп танып, оған туризм саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі әлі күшіне енбеген.
Үкім оқылған күні Медет Мұратбайұлы журналистерге жәбірленушілерден алынған ақшаларды Бекболат Тілеуханға бергенін, осы жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, полицияға арыз жазғанын да мәлім етті. Ал енді қажылыққа барамын деп, сан соғып қалған момын-мұсылманның ақшасы қайтарыла ма, жоқ па? Бұл істің соңы немен аяқталарын уақыт көрсетеді.
"Рейтинг" газеті, 4 қазан 2023 жыл.