Мақтаралша тендер өткізу. Әкімнің ісі кеңесте қаралды
Соңғы жылдары ауыл әкімдерінің құзыры кеңейді. Қолы да, құрығы да ұзарды. Бір жақсысы енді ауыл әкімдері жергілікті деңгейдегі, ауыл-аймақтағы кейбір мәселелерді өздері шеше береді. Жоғарыға қарап алақан жайып отырмайды. Бір жаманы, тендердің тізгіні қолға тигелі ауыл әкімдері арасында заңсыздықтар көбейді.
Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округінің әкімі Данияр Асауов мемлекеттік сатып алу барысында біраз заңсыздыққа жол берген. Заңсыздық емес нағыз қитұрқылықтың өзі. Ауыл әкімі былтыр маусымда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен «Жетісай құрылыс» жеке кәсіпкерлігімен 888 мың теңгеге келісім шарт жасайды. Осы келісім шартқа сәйкес мердігер Достық елді мекенінің кіре берісінен «I DOSTYK» металл конструкциясын орнатуы тиіс болған. Бірақ 22 шілдеде ауыл әкімі заңда көзделмеген негіздермен шарттағы ақша сомасын 2 000 000 теңгеге өзгерткен. Дәлірегі 1 112 000 теңге қосқан.
Бірақ таңқаларлығы сол, келісім шарттар бойынша алғашқы сметалық құжаттамаға ешқандай өзгерістер енгізілмеген. Яғни, мердігерге қосымша жұмыс жүктелмеген, атқарылатын жұмыстар бәз-баяғы қалпында қалған. Ештеңе алмайды, ештеңе қоспайды. Осыған қарамастан ауыл әкімі мердігерге беретін ақшаны екі жарым есеге көбейткен. Ауыл әкімі өзінің түсініктемесінде мердігердің мемлекеттік сатып алу барысында ұсынған (888 мың теңге) қаржысы сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды орындауға жетпегенін, осыған байланысты тағы 1 112 0000 теңгеге қосымша келісім шарт түзгенін атап өтіпті. Олай болса, бастапқы келісім-шарт неге сүйеніп жасалған?
Ауыл әкімі дәл осындай заңсыздықты былтыр сәуірде де жасаған екен. 28 сәуірде баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен Достық ауылдық округі әкімінің аппараты мен мердігер арасында Ж.Қалшораев елді мекені тас жолы бойын абаттандыру жұмыстары үшін 1 300 000,00 теңгеге келісім жасалған. Әкімдік жұмыстың орындалғанын күтпестен келісім шарт түзілген күні мердігерге 1 300 000 теңге қаржыны толығымен аударып жібереді. Бұдан кейін 11 мамырда келісім шарттағы ақша сомасын 3 000 0000 теңгеге өзгертеді. Дәлірегі мердігерге қосымша тағы 1 700 000 теңге берген. Бірақ бұл жерде де жоғарыдағыдай жағдай. Мердігер атқаратын жұмыстарға ешнәрсе қосылмаған. Құзырлы органдардың анықтауынша, жалпы орын алған заң бұзушылықтардын нәтижесінде мемлекетке 2 812 000 теңге шығын келтірілген. Ауыл әкімінің осындай заңбұзушылыққа баруын немене түсіндіруге болады? Сауатсыздықтың салқыны ма әлде бұл жоғарыдан берілген тапсырыма ма?
Жуырда Д.Асауовтың тәртіптік ісі Түркістан облысының Әдеп кеңесінде қаралып, ауыл әкіміне шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін «қызметіне толық сәйкес емес туралы ескертук» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Сонымен қатар, Кеңес отырысында зияткерлік меншік объектілері болып табылмайтын объектілер бойынша бір көзден алу тәсілімен заңсыз келісім-шарттарға тұрып, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұрмаған Ордабасы ауданының бірқатар тұлғаларына қатысты тәртіптік істер қаралды. Нәтижесінде Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының орынбасары А. Балабиевке де «қызметіне толық сәйкес еместігі турпалы ескерту» тәртіптік жазасын қолдану ұсынылды.