«Нұр Отаннан» өзге партиядағылардың пешенесіне не жазылмақ?

Oinet.kz 11-06-2019 1060

Screenshot_9.jpg

Соныменен алдағы сайлауға алты партия ат қосатын болды. Сол баяғы сценарий, сол баяғы партиялар. Коммунистер мен «Ақ жол» бар. Бұрынғы «Руханият» пен «Әділет» бірігіп, «Бірлік» болған. Патриоттармен «некелескен» «Ауыл» партиясы осы сайлауға жанталасып дайындалуда. ЖСДП-дағылар да  сайлауға бір кісідей атсалысатынын айтуда. Ал, «Нұр Отан» туралы әңгіме бөлек. «Рейтинг» газетінде бұған дейін біз билік партиясының Мәжіліске ұсынған кандидаттарының тізіміне 11 оңтүстікқазақстандықтың кіргенін жазған болатынбыз. Әрине,  Мәжіліске де, мәслихатқа да мандат үлестірілгенде басым бөлігін «нұротандықтар» иеленетініне күмән жоқ. Бірақ көпшіліктің көңілін баланы тәтті беріп алдандырғандай әрекетке баруды Ақордадағылар бастап, солардың тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы билік қоштап мандат атаулыны  түгелдей «нұротандық» болып кетпей өзге партиялардан да  ат төбеліндей топты депутат атандыратын «демократиялық таңдау» алдын ала ойластырылған сценарий бойынша жүзеге асады десек, жаңылыса қоймаспыз. Билік кемінде 10-15, әрі кеткенде 20 пайызды белгілеп,   басқа партиялардан бақ сынаған үміткерлердің «жеңіске жетуіне» «амалсыз көндігеді». Осы 10-15, әрі кеткенде 20 орын үшін қалған бес партия өзара бақ таластырады.  Естеріңізде болса, өткен сайлауда 7 пайыздық межені бағындырған «Ақ жол» 8 депутатын, Қазақстан коммунистік халық партиясы 7 депутатын  Мәжіліске жіберген болатын. Бұл жолы «Бірліктің» де, «Ауылдың»  да мандаттан үміттену мүмкіндігі қарастырылған сияқты.

Алдымен «Ақ  жол» партиясына тоқталайық. Өткен сайлауда «Ақ жол» 79 кандидатын ұсынған болатын. Соның сегізі ғана Мәжіліс мандатын иелене алды. Партия төрағасы Азат Перуашевтің өзі айтпақшы, бұл жолы «Ақ жол» қысқа тізіммен шектелді. Тізімде бұрынғыдай өнер жұлдыздары,  олимпиада чемпиондары жоқ. Өткен сайлауда 79 кандидаттың ішіне  Оңтүстіктен бірнеше азамат тізімге  кірген. Атап айтқанда экс-мәжілісмен, бизнесмен Ермек Абасов, партияның облыстың филиалының сол кездегі төрағасы Әбдірахман Жүнісәлиев, Кентау тансформатор зауытының вице-президенті Еркебұлан Ильясов, ақындар Ханбибі Есенқарақызы,  Исраил Сапарбай, Қазыбек Иса.

  «Ақ жол» бұл жолы 35 үміткерін ұсынды. Азат Перуашевтің өзі мойындағандай, «Ақ жол» бұл жолы Мәжілістегі өзінің 8 мандатын сақтап қалса да жаман емес. Бір жағы қысқа тізімнің астарында күні ертең сегіз мандаттың тағдырын шешу кезінде әңгіменің де қысқа болуы үшін жасалған да сияқты. Сегіз орыннан дәмелі кандидаттың ішінде Оңтүстіктен Анарбек Орман мен Шардарадан түлеп ұшқан ақын, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса бар.  Партияның облыстық филиалынаның төрағасы, әрі Азат Перуашевтің орынбасары қызметін атқарып жүрген Анарбек Орман білетіндердің айтуынша тізімге бекер енген жоқ. Дәл қазір оның партия ішіндегі беделі зор. Мәжіліс мандатын иеленушілердің алдыңғы қатарында тұр.

Жасыратыны жоқ, егер біздің өте көнбіс халыққа жарық бермей қойсаң,  балауыз шамын жағу арқылы амалдайды, базарда керосин, балауыз шам сататындардың құдайы береді. Халыққа газ бермей қойсаңыз да бірдеме етіп күнін көреді. Қас қарая қолына балтасын,  арасын алып, ағаш кеседі, қазан-ошағын арқалап, аулада от жағып жүріп, әйтеуір шайын қайнатады, тамағын пісіреді. Осындай күндерді тоқсаныншы жылдары бастан кешірген шымкенттіктер мұны жақсы біледі.  Ал егер Шымкенттің көпқабатты  шағын аудандарына бір тәулік су бермей қойсаңыз не болады? Онда осы бір тәулікте халық тентіреп кетуінің соңы орасан дау-жанжалға ұласуы мүмкін.  Құдайға шүкір дейік, Шымкентте ауыз судан осы уақытқа дейін анау айтқандай проблема болған емес. Мұның бәрі де «Су ресурстары маркетинг» серіктесігін басқаратын Анарбек Орманның іскерлігінің арқасы десек артық айтқанымыз емес шығар. Облыс әкімінің орынбасары болған Анарбек Орман Шымкент қаласына бір емес екі рет әкімдікке тағайындалып тарихқа өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат. Бірінде Зауытбек Тұрысбековтың, екіншісінде Өмірзақ Шөкеевтің тұсында. Анарбек Орман уақтысында оппозиционер банкир, экс-министр, бүгінде әлемге даңқты даукес Мұхтар Әблязовпен арадағы байланысы   бойынша шыңырауға құлай жаздап одан да құтылып шыққаны жайлы ел аузында алыпқашпа әңгіме көп. Мұның қаншалықты шындық екенін білмедік, бірақ ол Су ресурстары комитетін басқарған жылдары миллиардттаған теңгелік ірі жобалардың жүзеге асырылғаны, кейінірек біраз былық-шылық бойынша біраз азаматтардың істі болғаны рас. Алайда төраға Анарбек Орман осы оттан да, судан да аман шығып, өз тірлігіне тастай екенін тағы бір дәлелдеді. Қайбір жылдары оңтүстікте бір депутат  Анарбек Орманның Шымкент қаласының әкімі болып тұрған кезде мәслихаттағы 29 орынның 17-ісіне өзінің адамдарын өткізгенін, солар арқылы қазынадан кез-келген шаруаға ақша бөлдіріп ала беретінін мәлімдегені ақпарат құралдарында аз айтылған жоқ. Жарайды, мұның бәрі де өткен шақ дейік. Қалай десек те Анарбек Орман Шымкентке әкім болған жылдары қаланы көріктендіру, базарларды сыртқа көшіру, көшелерді жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізілгенін мойындау керек шығар. Бұл жолғы сайлауда Орман отбасында  депутаттыққа түсіп жатқан жалғыз отағасы емес. Жергілікті мәслихатқа оның ұлы мен күйеу баласы да бақ сынағалы  жатыр.

Мәслихат демекші, бұл жолы «Ақ жол» партиясының атынан біраз елге танымал азаматтар мәслихатқа түсіп жатыр. Солардың бірі өткен сайлауда «нұротандықты» жеңген  Қилыбек Тұрлыбек туралы «Рейтингте» бұған дейін жан-жақты жазғанбыз. Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек «Ақ жол» партиясының атынан Созақ, Кентау аудандарындағы бірқатар елді мекендердің тұрғындарын қамтитын сайлау округінен Болатбек Нәжіметдинұлы бақ сынағалы жатыр. Болатбек Нәжіметдинұлы туралы кезінде «Рейтинг» газетінде  бірнеше мақаланың жарық көргенін оқырман қауым ұмытпаған шығар. Сынадық та, мақтадық та. Барды бар, жоқта жоқ дейтін қағидамызға сәйкес жұмыста жіберген  қателіктері де, батыл қадамдары мен  іскерлік танытқан тұстары да қаламымыздың ұшына ілікті. Басқарма басшысы, одан кейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Жасыратыны жоқ, Мырзахметовтың тұсында «Ақ үйдің» сұр кардиналы атанған кадр. Шенеуніктік карьерасының  соңғы жылдарында біраз дауылды бастан кешірді. Соның біреуін ғана айтсақ, өзі өсірген кадрлардың бірі, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаевқа ауыр айып тағылып, «аққа құдай жақ» болып тура бір жылда ақталып шықты. Міне, сол кезде үлкен сынақтан сүрінбей сытылып шығып бизнеске бет бұрған Болатбек Нәжіметдинұлының енді депутат болуын қаламайтындарға оған қарсы ілік табу оңайға соқпас. Араға екі-үш жыл салып, міне, саясат сахнасына қайта шықты. Ол сөз жоқ, осы округтен сайлауға түсіп жатқан «нұротандық» Талғат Баймаханов үшін осал қарсылас емес. Кезінде облыс әкімінің орынбасары болған азаматтың білім-білігімен, тәжірибесімен қатар ел арасындағы абырой-беделі  ескі де жаңа депутатттың, яғни ел есінде қалатындай тірліктерімен таныла қоймаған Баймахановты күні ертең додада  ұтылып байбалам салып қалуына  мәжбүр етуі әбден мүмкін.

«Ауыл» партиясы  мәжіліске ұсынған 19 кандидаттың ішінен «Оңтүстік-Батыс мал  және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұржан Әжіметовты байқадық. «Ауылдықтардың» айтуынша, Н.Әжіметов тізімге бекерден-бекер енген жоқ, ол мал асылдандыру ісінің білікті ғалымы. Соңғы жылдары жоғарыда аталған институттың қаракөл елтірісіне қатысты тың зерттеулерді қолға алғаны рас. Бірақ көпшілік Нұржан Әжіметов ғалымдығынан гөрі әкімдігін жақсырақ біледі. Ол уақтысында Қазығұрт ауданының әкімі қызметін атқарған. Ауданды басқарған жылдары ол туралы жаман сөз де, мақтау сөз де айтылған жоқ. Асқар Мырзахметов облыс басшылығына келген соң Әжіметовтың орнын атышулы Тұманбек Әлиев басты. Нұржан Әжіметовтың әкесі Нұрмаханбет ақсақал кезінде үлкен қызметтерді атқарған.  Бүгінде елге сыйлы қария. «Әкенің беделі балаға қырық жыл азық» деген мәтел осындайда еске түседі екен. Айтқандай, «Ауыл» партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаевтың да  түп-тамыры  осы адамзаттың бесігі атанған қасиетті Қазығұртпен тікелей байланысып жатыр. Партияның Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев бұған дейін де мәслихат депутаты ретінде озық тәжірибе жинақтаған, тұрақты комиссияның төрағасы болған іскер, батыл азамат. Депутат ретінде елдің көкейіндегі көп тірліктің шешілуіне білім-білігі, беделі жететінін дәлелдеп қойған.  Заң ғылымдарының докторы, өзі басқаратын Жаңа технологиялар колледжін облыста ғана үздік етумен шектелмей республикалық деңгейде көшбасшылардың қатарынан көрінуге, әлемдегі әйгілі оқу орындарымен қарым-қатынас орнатуға жол таба білуі талай жайттан хабар береді.   

 «Біздің ең басты міндетіміз – халыққа қалтқысыз қызмет етуде үмітті ақтау, сенімге селкеу түсірмеу. Еліміздің дамуына партияның өзіндік қосар үлесі, жігер-қуаты, тиісті қоры, ең бастысы ынтасы мен ықыласының бар екенін дәлелдеу», деді Қанатбек Балтабайұлы осы аптада өткізген брифингте.  Мәслихаттар депутаттығына партия атынан түсетін 33 кандидаттың аты-жөні анықталып, тізімі бекітілді. Досалиев бастаған олардың үшеуі облыстық мәслихаттың мандатын сарапқа салмақ. Қалған отызы қалалық, аудандық мәслихаттың мандатынан  үміттілер.

   Депутаттықтан дәмелілерден Коммунистердің тізімінде Нұрлан Қадырқұлов бар. Ол партияның облыстық филиалының хатшысы қызметін атқарады. Жалпыұлттық социал -демократиялық партиясының тізімінен Түркістан филиалының төрағасы Абдукамал Әшімбековтың аты-жөнін көзіміз шалды. «Бірлік» партиясынан кандидаттардың ішінде жүрген  «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС-інің Қызылорда аймағы бойынша өкілдігінің директоры қызметін атқарып жүрген  Нұрлан Шауқамановтың түбі   шымкенттік дейді білетіндер рас болса...Шауқамановтың шамасы қандай боларын уақыт көрсетер, дегенмен Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына «Бірлік» партиясының атынан бақ сынағалы жатқан белгілі кәсіпкер Ерболат Нұрмахановтың жұлдызы жанатын сәт жақын қалған секілді.

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті №6, 18 ақпан 2016 жыл

Шералы Қаныбековтікі шектен шығу емес пе?
Mall-ға әуес әкімдер...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу