Нұрсұлтан Назарбаев 79 жасқа толды

Oinet.kz 06-07-2019 1133

Screenshot_4.jpg

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін 6 шілдеде 79 жасқа толдыү Осы орайда Елбасыға шетел көшбасшыларынан құттықтау хаттары келіп түсуде деп хабарлайды Elbasy.kz.

Тұңғыш президентті туған күнімен және елорда күнімен құттықтап жатқан тұлғалардың арасында Ресей, Қытай, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Сербия президенттері мен Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев бар.

"Сіздің мол тәжірибеңіз, саяси даналығыңыз және терең біліміңіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістер бойынша стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды дамыту ісінде әрдайым қажет болатынына сенімдімін", – дейді Ресей көшбасшысы Путин өз құттықтауында.

Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзиеёв өзбек халқының Елбасыны өзін елі мен халқына жан-тәнімен қызмет етуге арнаған көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде терең құрметтейтінін атап өтті.

"Тарихтың ең қиын әрі күрделі кезеңінде Сіздің мемлекет келешегіне жауапкершілік алғаныңыз Қазақстан үшін тағдыршешті оқиға болды. Сіз – бірегей адами қасиетке ие, терең білімді, баға жетпес кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар туа біткен көшбасшысыз.

Сіздің Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ретінде Қазақстан мемлекетін, еліңіздің егемендігі мен тәуелсіздігін қалыптастуры және нығайтудағы тарихи миссияңызға берілген шынайы жоғары бағаны толық қолдаймын", – делінген жеделхатта.

Беларусь республикасының президенті Александр Лукашенконың жеделхатында Тұңғыш президенттің саяси бағдарының арқасында Қазақстан Республикасы табысты, қуатты және тәуелсіз мемлекетке айналғаны айтылған. 

"Сіздің Беларусь-Қазақстан ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне көңіл бөліп, халықтарымыздың арасындағы көпжылдық достық дәстүрді, өзара құрмет пен бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін шынайы ризашылықтамын. Ұлттың шын мәніндегі көшбасшысы, өз халқына адалдықтың үлгісі бола отырып, Сіз мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін талмай еңбектеніп келесіз", – делінген жеделхатта.

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің құттықтауында Қазақстан өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер мен елдің айтарлықтай жетістіктері Тұңғыш президент – Елбасы атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

"Біз Түрікменстанда Сіздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлестеріңізді жоғары бағалаймыз және көп жылғы тату көршілік, сенім мен құрметке негізделген екі жақты стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.

Осы атаулы күні шын жүректен Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, сарқылмас күш-қуат, мол бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір тілеп, одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіремін", – делінген жеделхатта.

Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның Тұңғыш президентінің көреген саясатының арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сербия мен Қазақстанның тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізуі жолындағы жан-жақты ниеттестік үшін тағы да алғыс білдіргім келеді. Елдеріміздің қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға көп мүмкіндіктің бар екеніне сенімім мол", – делінген хатта.

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің хатында Елбасының арқасында Қазақстанның астанасы Орталық Азиядағы ең әсем қалаға айналып, халықаралық қаржы алаңы мен бейбітшілік қаласына айналғанын атап өткен.

"Сіздің туған күніңізге және Қазақстан Республикасының Астанасы күнін мерекелеуге орай менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз.

Сіз – өзіңіздің зор күш-жігеріңізбен және игі істеріңізді Қазақстан халқының ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағыттаған дана әрі парасатты тұлғасыз.

Қазақстан халқы тәуелсіздік алғаннан бері еліңізде болып жатқан барлық елеулі әлеуметтік-экономикалық реформаларды Сіздің есіміңізбен байланыстырады және халықтың өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалайды", – делінген хатта.

Мәжіліс депутаты: «300 жылда қолымыз жетпеген арманға Нұрсұлтан Әбішұлы қолымызды жеткізді»
Президент Қазақстанда 180 колледж бен 20 ЖОО құрылатынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу