Пәкеев проблемалардың бар екенін жасырған жоқ

Oinet.kz 01-05-2019 1099

 Screenshot_3.jpg

Енді үш күннен кейін, яғни алдағы аптаның дүйсенбісі—13 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Сейітжамал Пакеевтің қызметке кіріскеніне 100 күн толады. Әдетте жаңа басшының атқа қонуына байланысты сол салада кадрлық сапырылысқа, тендер төңірегіндегі түсініспеушілікке қатысты айқай-шудың шығуына етіміз өліп, көзіміз үйреніп кеткен болса, ол осы 100 күнге таяу уақыт ішінде елдің ерекше назарында тұрған бұл екі маңызды мәселе бойынша да басы дауға қалмай сыннан сүрінбей келе жатқанын алдымен атап айту қажет шығар.

Қайсыбір жылы елді ұлардай шулатқан, бірнеше науқас қатарынан, тіпті оларға қол ұшын созған дәрігерге дейін абайсызда жұққан аурудан  ажал тырнағына ілігуіне, жауапты мамандар шетінен жазаға  тартылуына себепкер болған қырым қанды безгегі биыл да бой көтергенімен атың өшкір қатерлі дерттің қарқыны тез басыла қойғаны, дау-дамайдың өрті өршімегені қуантады. Лайым қуаныш ұзағынан сүйіндірсін дейік. Бұл да болса басқарманың жаңа басшысының ұйымдастыру қабілетінің бір қыры шығар. Оның қайғылы оқиға болған жердің басы-қасында шабылып, қатерлі дерттің бетін қайтаруға жанталасып  жүргенін елден естідік.

«Рейтинг» газетінде бұған дейін «Пәкеев те пенде. Берілген уәдесін орындай ала ма?» деген тақырыппен мақала жарық көрген еді. Қазіргі қадамына қарасақ берілген уәделерді біртіндеп орындауға көшкені байқалады. Жоғарыдағы тілге тиек еткен екі-үш фактіге айрықша тоқталуымыз осының айғағы. Әлден-ақ бәрін жапырып жатыр, керемет іскер деп асыра мақтаудан аулақпыз. Алдағы уақытта да дұрыс жүрісінен, тура бағытынан жаңылмаса  дейміз. Ал берілген уәделер қаншалықты орындалатынына тақсыр уақыт төрелік айта жатыр. Әзірге әліптің артын бағып, әңгімені әрі қарай өткен айдың соңына таман облыстық әкімдіктің «Оңтүстік»  ақпарат орталығында берген брифингте  журналистермен жүздескен кезіндегі сөздері арқылы сабақтасақ...

        

     Денсаулық сақтау саласы облыстағы басқармалардың ішіндегі бюджеті ең қомақты мекеме есептеледі. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын (2010 жылы) облысымыздағы бұл саланың бюджеті 52,4 миллиард теңге болса, 2014 жылы 89,9 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Айырма екі есеге жуық. Бюджеттен мол қаражат бөлінудің арқасында 2009 жылғы есеп бойынша облысымызда бас-аяғы 577 медициналық нысан салыну жоспарланып, соңғы төрт жылда соның 308-і бой көтеріп, пайдалануға берілген. Ал, материалдық-техникалық жабдықтау көрсеткіші 2010 жылғы 25,5 пайыздан былтыр 63,3 пайызға жетті. Мамандар тапшылығы да қалада 2 есе, аудандарда 2,5 есеге дейін төмендеді.       

           Денсаулық саласындағы күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселелердің бірі – ана мен бала өлімі екенін ешкім жоққа шығармайды. Бұл тұрғыда да жұртпен бөлісуге болатын жақсы жаңалық бар. Осы жылдың 5 айында өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда тағы 15 пайызға төмендеді. Алдағы уақытта осы динамиканың әрі қарай да жалғасатынына басқарма басшысы сенім білдіріп отыр. 

         - Бұл акушерлік-гинекология саласына көп көңіл бөлудің арқасында қол жеткізілген жетістік. Әсіресе, шұғыл акушерлік көмекті жетілдіруге басымдық берілуде. Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасында неонтология, хирургия, балалар кардиохирургиясын, нейрохирургиясын дамыту жолға қойылған. Бұрын балалар арасындағы кардио, нейрохирургияға қатысты оталардың зерттеулерін Астанаға жіберетін болсақ, қазіргі таңда бұл шаруалардың барлығы өзімізде атқарылады. Ол үшін мамандар жинақталып, құрал-жабдықтар жасақталған, - дейді Сейітжамал Пәкеев.

         Басқарма басшысының айтуынша, ана мен бала денсаулығына негізінен жүкті әйелдердің уақтылы есепке тұрмауы кері әсерін тигізеді екен. Сондай-ақ, табысы төмен отбасындағы балалар өлімі табысы орта деңгейдегі отбасыларға қарағанда 3 есе жоғары екені анықталған. Демек, ана мен бала өлімі, денсаулығы әлеуметтік мәселеге де тікелей байланысты деген сөз.   

         Науқастардың ең жиі жүгінетіні – жедел жәрдем екені түсінікті. Осыны ескерген жергілікті билік пен басқарма басшылары жедел жәрдем қызметіне ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсетуді ұлғайтып отыр. Қызмет көрсету ережелеріне де өзгеріс енгізіліпті. Мәселен, бұрын шұғыл шақырту бойынша жолға шыққан дәрігерлер науқасқа көмек көрсеткеннен кейін станцияға қайта оралатын. Қазір олай емес. Жедел жәрдем дәрігерлері қай мекен-жайға барады немесе науқасты қай ауруханаға жеткізеді, сол жерден ешқайда қозғалмай станцияға хабар беріп, жақын аймақтан түскен шақыртуларға жөнелтіледі. Осы тәжірибенің арқасында жедел жәрдем көлігі шақыртуларға 18-20 минут аралығында барып үлгеруде. Сейітжамал Орынбасарұлы алдағы уақытта бұл мерзімді әлі де қысқартуға күш салу жоспарланып отырғанын айтты.

         Облыста скринингтік тексеру сапасы жоғарылап, ауруды ерте анықтау көрсеткіші 13,3 пайызға жетті. Соның нәтижесінде аурушаңдық көрсеткіштері, яғни қанайналым жүйесінің аурулары 6,2 пайызға, туберкулез 31,7 пайызға, А гепатиті 20 есеге, ішек инфекциялары 2,6 есеге төмендеді. Ал, онкологиялық аурулардың ерте анықталуы 15,6 пайызға дейін жоғарылады.   

         Қоғамның барлық саласын арам шөптей қаптап, жегі құрттай жейтін сыбайлас жемқорлықпен денсаулық саласында күрес күшейтілген. Бүгінде ақ халаттылар партаға отырып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лекциясын мұқият тыңдауды әдетке айналдырыпты. Азаматтар тарапынан жиі түсетін арыз-шағымдар да назардан тыс қалмайды. Олардың әрқайсысы жіті тексеріліп, шын мәнінде дәрігерлер тарапынан қателік кеткен болса, ол маманға тиісті шара көріледі. Шындыққа жанаспайтын мәліметтер де аз емес көрінеді. Одан бөлек басқарманың ішкі аудит бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу мен қаржы-шаруашылық қызметі туралы тұрақты түрде мониторинг жүргізілу жолға қойылған.

         Журналистердің сауалына кезек келгенде оларды ең алдымен мамандардың сапасы қызықтырды. Өйткені, осыдан 5-6 жыл бұрын Астанада өткен бір алқалы жиында «Оңтүстіктің мамандарын білімі төмен болғандықтан жұмысқа қабылдамаймыз» деген қолайсыз әңгіме қозғалған болатын. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда оңтүстіктің ақ халаттылары Польша, Литва, Израиль, Белоруссия секілді денсаулық саласы жақсы дамыған мемлекеттің мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды екен. Білімін шетелдерде жетілдіріп келіп жатқан мамандар саны көптеп саналады. Олар дәрежесін көтеріп қана қоймай, арнайы аттестациядан өтіп, сертификатқа ие болып қайтады. Сертификат оңды-солды үлестірілмей, тек емтиханнан сүрінбей өткендерге ғана беріледі. «Жақында облыстық онкологиялық диспансердің жұмысын өз көзіммен көріп қайттым. Жапониядан, Монголиядан шақыртылған білікті мамандар бауыр рагіне байланысты жасалған отаға ассистент ретінде ғана қатысып, жергілікті мамандардың біліктілігіне көз жеткізді. Бұл диспансерде осы кезге дейін бауыр рагіне қарсы 35 ота жасалған», - деді Сейітжамал Орынбасарұлы. 

         Осы тұста тағы бір орынды сұрақ туындайды. Кейбір медициналық мекем елерде отасы неліктен кеңінен насихатталады да онкологиялық диспансердегі бауыр рагіне қарсы ота жайлы мүлдем айтылмайды. Бүгінде бауырдан зардап шегетін науқастар саны да аз емес. Бұл сауалға басқарма басшысы «Онкологиялық диспансердің бас дәрігері өз мамандығына, қызметіне барынша берілген адам, бірақ, мінезі өте сыпайы, сөздің емес істің адамы, үндемей жүріп іс тындыратындардың қатарынан» деп жауап берді. Демек, бауыр алмастыру отасы жайлы насихаттың аздығы жұмыстың жоқтығынан емес, бас дәрігердің жарнамаға қыры жоқтығынан деп айтуға болады.

         Елбасының қаржы үнемдеу жөніндегі ұстанымы бұл салаға қаншалықты әсер етпек? Журналистерді қызықтырған тағы бір сауал осы болды.      

         «Әрине, әлемдік қаржы дағдарысы біздің салаға мүлдем әсер етіп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Дегенмен, алға қойылған мақсаттардың толығымен орындалуына жағдай бар. Қазіргі таңда құрылысы жаңадан басталып жатқан нысандар болмағанымен, күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда бір ғана Ордабасы ауданының өзінде үш бірдей нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, Шымкент қаласындағы 17 медициналық мекеменің күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінуде». Басқарма басшысының жауабы осындай болды.

         Әріптестерімізді, сондай-ақ, әлі де жалғасып жатқан бала сату фактісі мен бас дәрігерлердің парамен ұсталуы, оларға және оны қызметке алған тікелей басшыларына қатысты қандай шаралар көріліп жатқаны қызықтырды.   

- Өкінішке қарай, мұндай жағдай әр салада болып жатады, - деді Сейітжамал Пәкеев. – Негізінде бала сату оқиғасы осыдан 2-3 жыл бұрын орын алып, әлі толық шешімін таппай келеді. Қазіргі таңда екі дәрігер қамауға алынды. Соңғы нәтиже қандай боларын күтейік.  Ал, жақында парамен ұсталған бас дәрігерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Мән-жайдың барысын тергеу аяқталғаннан кейін жан-жақты баяндайтын боламыз.

«Оңтүстік өңірі дәрілік өсімдіктерге өте бай, дәрі-дәрмек  шығаратын зауыт та бар. Солай бола тұра шетелдік дәрі-дәрмектерге тәуелділіктен құтыла алмай келеміз. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?». Тағы бір әріптесіміз осындай сауалды көлденеңінен тартты. Әрине, бұл бағытта бірқатар шаруалар атқарылып жатқанымен, әлі де табиғатымыздың мол байлығын ұқсата алмай жатқан жағдайымыздың бары рас. Мәселен, Арыс ауданындағы Дермене деген ауылда өсетін дәрілік шөпті Кеңес Одағы кезінде бірін де қалдырмай теріп, орталыққа алып кететін. Қазір ол өзіміздің еншімізге бұйырған. Алайда, соны әжетке жаратып жүрген ешкім жоқ. Былайша айтқанда, қолда барда алтынның қадірін білмей отырған жайымыз бар. 

         Өз міндетіне немқұрайлы қарайтын мамандарға қандай шаралар көріледі? Бұл сауалға да тосылмай жауап берген Сейітжамал Орынбасарұлы қызметке келгелі кемшіліктерге жол берген он бас дәрігерге қатаң сөгіс беріп, төрт бас дәрігердің қызметін ауыстырғанын жасырмай алға тартты.

         Маман тапшылығы қысқарып келе жатыр дегенімізбен, бұл проблема қаланың өзінде әлі де кездесетіні шындық. Мәселен, Шымкент қаласындағы №11 емханада невропатолог, хирург, лор, стоматолог, ортопед секілді дәрігерлердің тапшылығынан азаматтар олардың қабылдауын сағаттап күтуге мәжбүр болады екен. Тіпті, дәрігердің қабылдауында болу үшін 2-2,5 ай күтетін жағдайлар да кездеседі. Айтылып отырған проблеманың кездесетінін жоққа шығармаған басқарма басшысы мұның себебін қазіргі жастар арасында дәрігер болуға деген ынтаның төмендеп кеткендігімен түсіндірді. Өйткені, қазір дәрігер болу үшін он жыл оқуға тура келеді. Дегенмен, науқастарды қабылдау сапасын арттыру үшін бар мүмкіндік жасалып жатқанын айтып өтті. Байқағанымыз журналистер қандай сауал қоймасын Пәкеев әлдекімдердей тек жақсы жетістіктерді жарнамалаумен шектелмей  өзі басқаратын аса жауапты салада проблемалардың бар екенін жасырған жоқ.

         Ш.Мекенбайұлы

Аурудың атын жамылып ақша табуға бола ма?
Шымкенттегі «Меганы» кім сатып алды немесе түйелерді жел шайқай бастады ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу