Қазақстанда McDonald's желілері не себепті жабылуда?

Oinet.kz 07-01-2023 547

image.png

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағындағы McDonald's мейрамханалар желісінің жабылуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның жазуынша, McDonald's мейрамханалар желісі ресейлік ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етілді, онда компанияның ірі тарату орталықтары болды. Бірақ McDonald's-тың Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындады.

«Шетелдік компанияның өкілдері келешекте қазақстандық өнімге көшуге дайын болған. Алайда, отандық өндірушілердің компанияның жоғары стандарттарын енгізуі белгілі бір уақытты алды. McDonald's өкілдерінің өтініші бойынша, жергілікті шикізатқа көшкенге дейін Қазақстан үкіметі ел аумағындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу үшін үшінші елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдетуге және жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын болды, сондай-ақ қазір де дайын. Мүдделі мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша бірқатар кеңестер өткізді.

Осы уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald's талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмысты бастады және 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын. Алайда, McDonald's-тың жабылуына байланысты жоспарланған аудит болған жоқ», - делінген министрлік мәлімдемесінде.

Айта кету керек, бұл компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттаудан өту керек, бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң және қымбат талаптар қойылатынын білдіреді: мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ.

«Сондай-ақ, Қазақстан еттің барлық түрі бойынша ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етіп отырғанын хабарлаймыз. Соңғы деректер бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлық түрі бойынша 1,06 млн тонна ет өндірілді, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 0,4% - ға өсті. Жылқы етінің өндірісі ең үлкен өсімді көрсетті – 4,3%, сонымен қатар құс еті 3,1% болды.

АӨК-ке инвестициялар тарту елдің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 3,6 млрд доллар болатын 38 жоба іске асырылып, кейбірі пысықталып жатыр. Оның ішінде мал шаруашылығы саласында ет өндіру және өңдеу, өсімдік шаруашылығында қарқынды бақтар, модульдік жылыжай кешендері, томат пастасын өндіру және т.б. жобалар бар», - деп жазды АШМ.

Сонымен қатар, Қазақстанда «Kazbeef» компаниясы сияқты табысты инвестициялық кейстер бар, ол жемшөп өндіруден және өнімділігі жоғары ірі қара малды өсіруден бастап ет өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклды жолға қойды. «Beef Export Group» ЖШС 2021 жылы Қостанай облысында ресейлік капитал салымдарының қатысуымен қуаты тәулігіне 1500 бас ірі қара малдың етін өңдейтін комбинат салу жобасын іске асырды. Түркістан облысында «Қарқын-2030» ЖШС қуаттылығы 9,1 мың тонна шұжық өнімдерін өндіру бойынша жобаны іске асырылды. Алматы облысында «Прима Құс» ЖШС бройлер етін өндіру кешені бар. Жамбыл облысында құны 25,6 млрд теңге болатын «Алель Агро» АҚ құс фабрикасының қуаты 10 мың тоннаға кеңейтілді.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында ШҚО-да құны 12 млн АҚШ долларын құрайтын Cedar Meats компаниясымен бірлесіп ет өңдеу зауытын салу, Жетісу облысында жоба құны 29 млн доллар болатын немістің Bauman компаниясының капитал салымдарының қатысуымен ет өңдеу зауыты құрылысының жобасы пысықталып жатыр. Қарағанды облысында құны 53 млн АҚШ долларын құрайтын қой шаруашылығын дамыту бойынша мегаферма пайда болады. Алматы облысында экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы кешені құрылады.

Қазақстанда қасқыр ату талаптарына өзгерістер енгізілді
Тәліптер ханзада Гарри «адамзатқа қарсы қылмыс жасады» деп мәлімдеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу