Созақбай Әбдіқұловтың бастамалары неге тоқтап қалды?

Oinet.kz 24-04-2019 1198

Screenshot_10.jpg

         Еліміздегі он бірінші сынып оқушыларының алтын ұяларымен қоштасып, соңғы қоңыраудың сыңғырын еститін күн де жақындап қалды. Болашақ талапкерлер алдына мақсат қойып, бір-бір мамандықты таңдап та қойған болар. Аттестатын қолына алған жас шәкірт әлбетте сапалы білім беретін оқу ордаларына түсуге талпынады. Кейбірінің бағы жанып, шетелде оқуға мүмкіндік алса, кейбірі білім қуып мұхит асып жатыр.  

Кезінде үздік оқушы атанып, соның арқасында қияндағы Созақ жерінен Еуропаның ең көрікті мекені Францияға арман қуып барып, белді оқу ордасында білім алған қазақтың қара домалағының бірі Әбдірахман Бөкенов еді.

--2005 жылы Созақбай аға (Әбдіқұлов) Созақ ауданына әкім болып тұрған кезде «Катко» кәсіпорнымен ауданымыздан үздік  шыққан 3 түлекті Францияға оқуға жіберу жайында келісім жасаған болатын. Мектепті «Алтын белгіге» бітірген маған осы  3 түлектің қатарына қосылу бақыты бұйырды. Созақбай ағаның үздік оқитын, өнерлі жастарға деген қолдауы керемет еді. Ол кісінің бастамасымен  2005  жылдан бастап ауданнан шыққан дарынды, үздік түлектерге, егер қателеспесем 90 түлекке шәкіртақы төленетін болып шешілді. Бізден кейін 3 жыл қатарынан осы бастама жалғасын тауып, жастар Францияға оқуға кетіп жатты. Өкінішке қарай, Созақбай аға әкімдіктен кеткен соң жоба аяқсыз қалды. Ол кісі әлі күнге дейін бізге қол ұшын созып, қал-ахуалымызды сұрастырып тұрады.  Өз басым оқуды бітірген соң «Катко» компаниясының Қазақстандағы бөлімшесінде 3 жыл жұмыс істедім.  2011 жылы Францияға қайтып келдім. Қазір осында «Арева» компаниясының бас кеңсесінде инженер болып қызмет етемін. Шетеле оқыдым, тәжірибе жинақтадым, жұмыс істедім. Енді еліме оралып, туған халқыма қызмет ететін  уақыт келген секілді.  Созақбай аға «шетел инвесторлары салып жатқан зауыттарын көтеріп алып кетпейді, оның болашақ тізгін иесі, зауыт басшылары сендер боласыңдар» деп ұдайы айтып отырады. Сондықтан ол кісінің үмітін ақтап, білімді, тәжірибелі маман ретінде Қазақстанға осы жылдың аяғында келу жоспарым бар. Әрине, игі жобаның тоқтап қалуы көңілге кірбің ұялатады. Өйткені білімге жақын қаншама жастар қолдаудың жоқтығынан мамандық ала алмай қалып жатыр. Егер жастарға білім алуға жағдай жасалса, оның нәтижесі жеміссіз болмайды,- дейді Әбдірахман. 

         Созақ даласы қандай кең болса, халқының пейілі де сондай дархан, шежіреге де, жер астындағы қазынаға да бай өлке. Теріскейдің қазақ тарихындағы  орны алабөтен. Талай тарихи оқиғаларға куә болған. Әулие-әнбиелердің, хан-сұлтандардың, жыраулар мен ақындардың мекені. Қарт Қаратаудың теріскейінде мыңдаған жылдарға жететін қазба байлықтар да мол. Тек сол байлықты елдің игілігіне ұқсата білу елдің азаматтарына сын. Бүгінде уран өндірісін жолға қойып отырған Созақ өңірін тілге тиек еткенде аталған мекенді 10 жылға жуық басқарған Созақбай Әбдіқұлов туралы айтпай кету мүмкін емес шығар, сірә.

       Созақбай Исаұлы Созақ үшін талай игі істерді атқарды. Ол жергілікті жерден шығып, аудан тізгінін ұстаған алғашқы азамат. Созақбай Исаұлы созақтықтарға осы қасиетімен ұнады десеңіз қателесіз.  С.Әбдіқұловтың тұсында Созақта уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының шарапатын жалпы теріскей өңірі көре бастады. Білікті азамат еліміздің ғана емес шетелдік компаниялармен де тығыз байланыс орната білді. Мәселен канадалық «Инкай», француздық «Катко»  компаниялары әкімдікпен жасасқан келісімдердің нәтижесінде шалғайдағы ауылдардың жыртығын бүтіндеп, әлеуметтік мәселелерін шешіп беруге кірісті. Әрине, алпауыт компаниялардың тілін тауып, елдің мұң-мұқтажына мойын бұрғызу оңай шаруа емес.  Болашақ жастардың қолында екенін әрдайым ұран етіп жүретін Созақбай Исаұлы әкім болған жылдары Әбдірахман секілді аудан жастарының шетелде заманауи оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндік жасады. Таланты жастардың ел көрсем, жер көрсем деген талабын ұштады. Созақ ауданы аумағында жер қойнауы қазба байлықтарын игеру мақсатында жұмыс атқарып жатқан “КАТКО” бiрлескен кәсiпорынын жетекшілері мен аудан басшыларының өзара келiсiмдерiнiң нәтижесiнде жыл сайын созақтық мектеп оқушылары жазғы каникулдарында Францияның әсем қалаларында демалып қайтты. Бiлiм ұясын үздiк бiтiрген түлектердiң жоғарғы бiлiм ордаларында бiлiм алуларына ықпал жасалды. Бұл шара 2005-2010 жылдары жақсы үрдiске айналған болатын. Аудан әкімінің бастамасымен ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы ұпай жинаған, пәндік олимпиадаларда жүлделі орын алған, білімге құштар жастар бірінші жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақтың ұлттық техникалық университетінде бір жылдай білім алып, әрі француз тілін үйреніп, кейін оқуды Франциядан жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл игі іс оқушылардың білімге деген ынтасын көтеріп, Созақ ауданы ҰБТ-ның көрсеткіші бойынша  облыс көлемінде көш бастады. Айталық 2005-2010 жылдары өндiрiс орындарын жергiлiктi мамандармен қамтамасыз ету үшін мектепті үздiк бiтiрген Әбдірахманнан өзге Сәбит Мырзаханұлы, Салтанат Сапарова секілді түлектер  “КАТКО” БК демеушiлiгiмен Франция мемлекетiнде бiлiм алып, қазiргi таңда осы бiрлескен кәсiпорнында жұмыс iстеуде. Сол сияқты және бiр түлек Нұржан Отаубаев  Франция елiнде бiлiм алды. Осы дәстүрдiң жалғасы ретiнде 2008 жылы мектептi үздiк тәмәмдаған 10 оқушы Франция мемлекетiнде арнайы оқу орындарында білім алу үшiн Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында оқумен қатар, француз тiлiне қосымша дайындалып, оларға 26 мың теңге көлемiнде қосымша шәкiртақы төленіп отырды. Мектепте үздiк оқитын, әрi белсендi оқушыларды ынталандыру мақсатында әр ауыл әкiмшiлiктерiнiң аз қамтамасыз етiлген отбасылардан 2005 жылы – 10, 2006 жылы – 11 оқушы, 2008-2009 жылы 10 бала  жазғы демалыстарында Франция елiнiң әсем қалаларында 10 күннен демалып қайтты.  Сол кездегі аудан әкімінің бастамасымен жастар Франциядан бөлек Ресейде де білім алды. Нақтырақ айтқанда Томск қаласының жоғары оқу орнында  ондаған бала  уран өндірісіне қажетті инженер-гидрометаллург мамандығын алып қайтса, 25 бала «Қазатомөнеркәсіптің» демеушілігімен Алматыдағы политехникалық университетінде оқып, бүгінде Созақ ауданындағы кен орындарында түрлі қызмет атқаруда. Оның арасында басшылық қызметте жүргендер де аз емес.   

            Созақбай Әбдіқұловтың тұсында  жастардың келешегіне сенімділік сыйлаған керемет бастама өкінішке қарай, жалғасын таппай қалды. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алар талай дарындарды дүниге келтірген, құпияға толы мекенде білімге құштар, болашағынан зор үміт күттіретін талай шәкірттер тәрбиеленіп жатыр. Егер оларға ірі кәсіпорындардың ықпалымен шетелде білім алуға жол ашсақ ертең соның жемісін көреріміз анық. Жақсы бастаманы жалғастыруға не жетпеді? Ақша ма? Жоқ, әкім-қаралардың құлқы, дұрысы елге, жерге келешекке деген жанашырлығы жетпейтін сияқты. 

Мұрағаттан, 14.05.2015 ж

Қазақстанның солтүстігі – келесі Қырым ба?
Субханбердиннің дәуірі аяқталып келе ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу