Шымкентте Елбасының ескерткіші орнатыла ма?
Біраз жылдан бері айтылып жүрген бұл ұсыныс осы жолғы сайлаудан кейін жүзеге асуы да мүмкін
Әр елдің президенті бар. Сол сияқты әр халықтың президент туралы таным-түсінігі де әртүрлі. Қазақтың түсінігінде президент басына бақ қонған, Тәңірінің құты дарыған адам. Өйткені президент болғанының өзі оның Алланың назары түскен адам екендігін байқатады. Егер ол адам тақтан түссе елдің басынан бақ құсы ұшып кететіндей көреді. Бізде президенттің қолы тиген затты қасиетті санайтын ырымшылдық та әлі бар. Мұны неге айтып отыр дейсіз бе?
Қазақта «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген нақыл сөз бар. Халық қалап еді, президент сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге мәжбүр болды. Әр-әр жерден қолқалап қоймаған соң сайлауға қайта түспек. Халықтың көкейіндегі арман мұнымен бітпейді. Бірқатар адамдар президенттің хан атанып, алтын тақта отырғанын қалайды екен. Елбасының ескерткішін саф алтыннан құйдыртып, оны биік тұғырда тұрғанын қалайды. Мәселен...
«Қазақ хандығы» қоғамдық ұйымының президенті Камалиддин Дулатов бірнеше жылдан бері Шымкентте Елбасының ескерткішін орнату туралы бастама көтеріп жүр. Ол осы бастамасының биыл жүзеге асатынына сенімді
«Қазақ хандығы» қоғамдық ұйымы 2000 жылы құрылған. Құрылғалы бері біраз іс-шараларға мұрындық болыпты. 2006 жылы Созақ жерінде Қазақ хандығына ескерткіш орнату шарасына атсалысыпты. Президентті хан сайласақ дегенді де К.Дулатов осы кезден бастап көтеріп жүр.
-- Әрине, дәл қазір бізге хан деген атақтың қажеті жоқ шығар. Көпшілік түсінбеуі мүмкін. Сондықтан халықтың өзі қойған Елбасы деген атақты лауазымға айналдырған жөн. Неге десеңіз, Назарбаевтың елді басқарғанына ширек ғасыр уақыт өтті. Осы жылдары онымен тең бола алатын тұлғаны көргеніміз жоқ. Сондықтан президенттің мерзімін әр 5 жыл сайын ұзартып, сайлау, референдум өткізудің де ешқандай қажеттілігі қалмаған сияқты. Мен президент деген лауазымды жойып, оның орнына Елбасы деген лауазымды енгізуді ұсынар едім. Елбасы ерекше өкілеттіктерді иеленуі тиіс. Оған артындағы мұрагерін өзі таңдап, тәрбиелеп, орнына отырғызып кету құқығын беру қажет. Ел басқаруға кімнің қауқары жететінін мына сіз бен біз білмейміз. Ал Елбасы біледі. Өйткені Елбасы болған адамның тәжірибесі мол, олардың алыста көре білетін қасиеті бар.
--Яғни Елбасының орнын екінші Елбасы бассын дейсіз ғой. Бірақ біздің білуімізше Елбасы атағы тек Н.Назарбаевқа ғана арналған. Келесі президенттің мұндай атақ алуына құқығы жоқ.
--Иә, бірақ заңда келесі президентке берілмейді деп жазылмаған ғой. Жоғарыда айтқандай Елбасы деген--бұл атақ емес, ол лауазым болады. Президент деген ұғым мүлдем жоғалады. Ол бізге шет елден келген. Шетелдің бәрін сол қалпында қабылдай беруге болмайды екен. Біз өзіміздің тарихи қалыптасқан жүйлерімізге оралуға тиіспіз.
--Дегенмен Қазақстан демократиялық ел. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Қазір Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесіне мүше болуды мақсат тұтып отыр. Мұндай бір адамды дәріптеген өзгерістер елдің беделіне көлеңке түсірмей ме?
--Сол Еуропаңыздың өзінде монархиялық билік. Көптеген елдерді корльдер басқарады. Жапонияның өзінде император отыр. Батыс демократия деп халықты әбден есіртіп бітті. Украинадағы жағдай осының дәлелі. Сайлау кезінде президентікке ақшасы барлар, спортшы немес әртіс те өтіп кетуі мүмкін. Ал одан не пайда? Бізде металлургтердің династиясы бар, ұстаздардың, спортшылардың династиясы кездеседі. Сол сияқты президенттің де династиясы болуы тиіс. Бірақ бәрін президент өзі шешеді. Ол орнына өзіне жақын адамды қалдыра ма, мүлдем басқа адамды лайық көреді ме, оны өзі шешуі тиіс. Әлі көресіздер енді он жылдан кейін сол еуропалықтар Қазақстан елшілігінде кезекке тұрып, Қазақстанның азаматтығын сұрайтын болады.
--Н.Назарбаевқа ескерткіш қою туралы ұсыныс та осы Елбасыға деген ерекше сенімнен шығып отыр ма? Көзі тірі адамға ескерткіш қою қаншалықты қисынды?
--Бұл соңғы 4-5 жылдан бері көтеріліп келе жатқан бастамамыз. Тірі адамға ескерткіш қойылмасын деген заң жоқ. Көзі тірі спортшыға, әншілерге, мәселен Пеле сияқты футболшыларға қойылып жатыр емес пе? Бұлардың қасында Елбасы ұлы тұлға саналады. Н.Назарбаевқа ескерткіш шет елдерде, Алматы қаласында қойылды. Шымкентте неге қойылмайды? 75 жылдық мерейтойда ол міндеті түрде орнатылуы тиіс. Осы жөнінде ұсынысымды хатқа түсіріп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жолдағанмын.
--Қандай ұсыныс?
--Елбасының ескерткіші тұруы тиіс орынды өзіміз таңдап бердік. Ол «Тәуелсіздік» саябағының ішінде бұрынғы ұшақ тұрған ескерткіштің орны. Ескі ескерткіштің тұғыры әлі бос тұр. Бұл жерге бір кездері үш бидің ескерткшін қою туралы ұсыныстар болған. Бірақ үш би облыстық соттың алдына қойылды. Алайда бұл ұсынымыз қабыл болмаған сияқты. Менің білуімше қазір облыс әкімдігі Елбасының ескерткішін Шымкенттің жаңа әкімшілік орталығында қою үшін жұмыстар жүргізіп жатыр.
--Қайбір жылдары Шымкентте Елбасының ескерткішін алтыннан құю керек деген бастама айтып едіңіз...
--Иә, Елбасының ескерткішін техникалық алтыннан құйылуы тиіс дегенді айтқанбыз. Жай алтыннан гөрі техникалық алтын шыдамдырақ келеді. Тіпті қанша алтынның кететінін, оның шығынын да есептеп қойғанбыз. Бірақ бұл ұсыныс қолдау тапқан жоқ.
Әрине, мұның бәрі де К.Дулатовтың жеке пікірі. Бұл пікірді қара халық қолдай ма, оны айта алмаймыз. Біздің мазалайтын бір сұрақ-- Шымкентте Елбасыға алтыннан құйылған ескерткіш қойылуы мүмкін бе? Әбден мүмкін-ау. Өйткені мемлекет басшысының барельефі Астанада қойылды. Алматыда ескерткіші тұр. Ендігі кезек Шымкентте. Ұзынқұлақтан жеткен ақпараттарға қарағанда Қазақстанда үшінші қала атанып жатқан Шымкентте Назарбаевтың ескерткіші биыл 75 жылдық мерейтойға тарту болатын көрінеді.
Ал, бұған Елбасының өзі қалай қарайды? Халық қаласа хан қайда барады дейсіз...
Мұрағаттан: 19.03.2015