Тамара төртінші мәрте министр болды
Президенттің Жарлығымен Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Бір қызметке қайта-қайта тағайындала беретін Тамара Қасымқызының аталған министрліктің басшылығына осыменен төртінші мәрте келуі.
Тамара Дүйсенова 1965 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірді, мамандығы – инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1988 жылы институтты аяқтағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1988-1992 жылдары Өзбек ССР-нің Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми зерттеу институтының экономисі болып жұмыс істеді. 1992-1993 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық әкімшілігінің аға экономисі, 1993-1994 жылдары – «Перизат-холдинг» компаниясының бөлім басшысы, 1994-1997 жылдары – Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары, 1997-1999 жылдары – Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 1999-2002 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. Бұдан әрі еңбек жолы Үкіметте өрілді.
Т.Дүйсенованың тәжірибесінің мол екендігін мойындау керек. Тамара Қасымқызының бір қызметке екі, тіпті үш қайтара тағайындала беруін осы тәжірибелікпен байланыстыруға болады. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лаузымын екі мәрте атқарған. Бірінде Сапарбаевтың тұсында, екінші жолы Шөкеевтің тұсында. Екі мәрте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. Осы аталған министрлікке үш мәрте басшылық жасады (екі мәрте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, бір мәрте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі).
2018 жылы министр Тамара Дүйсенованың жұмысына көңілі толмаған Елбасы:
- Нақты тапсырмалар бердім. Алайда онымен ешкім айналысқан жоқ. Министр Дүйсеноваға бірнеше рет. Не болды, Тамара, әлде сен мына жұмыста шаршадың ба?- деген болатын. Артынша Дүйсенова қызметінен босатылды.
Осыдан кейін «Nur Otan» париясының хатшысы, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жетекшісі, ал 2020 жылдың мамырында Президент көмекшісі-Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған болатын.