Көшіп кеткендер де, өлгендер де көбейген
Ұлттық статистика бюросының таратқан мәліметіне қарағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19125,6 мың адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда туылғандар саны 450,7 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанға (425,6 мың адам) қарағанда 5,9 пайызға көп.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар 183,4 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанға (162,6 мың адам) қарағанда 12,8 пайызға көп.
2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда республикада 1 жасқа дейін шетінеген нәрестелердің саны 3763 болып отыр. Бұл 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 13,5 пайызға жоғары.
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 10982 адамды, елімізден кеткендердің саны 32209 адамды, көші-қонның айырымы -21227 адамды құрады.
Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Нұр-Сұлтан (31906 адам), Алматы (29253 адам), Шымкент (9774 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (239 адам).