«Оңтүстік» кланы ықпалынан айырыла бастады ма?

Oinet.kz 19-03-2019 1166

Screenshot_12.jpg

Жуырда "Рейтинг.KZ" зерттеу агенттігі Қазақстанның саяси элитасындағы жоғары лауазымды шенеуніктердің карьерасы туралы сараптамалық болжамын жария етті. 

Рейтингтік зерттеу саясаттағы салмағы ауыр 20 шенеунікке қатысты жасалған. Барлығы да мемлекеттік басқарудағы және сонымен бірге бизнес қауымдастықтарында  маңызды роль ойнап жүрген, есімі елге танымал тұлғалар. Олардың қызметтік карьерасы туралы болжамды  35 сарапшы жасаған. «35 сарапшының барлығы да елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге баға бере алатын жоғары білікті мамандар» дейді рейтингті жасаушылар. Олар екі сауалға жауап берген. Бірінші сауал:

--Аталған лауазымды тұлғалар алдағы үш айда өздерінің атқарып отырған қызметін қаншалықты сақтап қала алады? 

Екінші сауал:

--Алдағы уақытта оларды қызметтік жоғарылау күтіп тұр ма?

Сауалға баға берушілер жауаптарын 7 баллдық жүйе бойынша бағалаған. Барлық нәтижелер бұдан кейін компьютерлік бағдарламалармен сараланып, ортақ көрсеткіш жасалынған. Оның нәтижесі төмендегідей:

Өзінің атқарып отырған лауазымынан әл-әзірге жылжи қоймайтын бестіктің құрамы мыналар: Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов, Сенат төрағасы Қайрат Мәми, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Болат Өтемұратов және Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов. 

«Бұлардың алғашқы үшеуі мемлекеттік басқарудағы ең жауапты қызметтерді атқарып отыр. Бұл оларға Елбасының зор сеніммен қарайтындығын білдіреді. Серік Ахметов премьердің бірінші орынбасары лауазымына қаңтар айында ғана тағайындалды, сондықтан оны мемлекет басшысы әзірге орнынан қозғай қоймайды, тіпті қызметін өсіріп жіберуі де мүмкін» дейді сарапшылар. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевқа саяси оппозиция өкілдеріне қатысты тергеу-іздестіру амалдарын жүргізу тапсырылған. Оппозициялық қарсылас дегенде алдымен шетелге қашқан банкир Мұхтар Әбіләзов еске түседі. Рейтингте көш бастаушылардың тізімінде тұрған атақты  миллиардер Болат Өтемұратов та алдағы уақытта жауапты орынға баруы мүмкін екен. 

Сарапшылардың айтуынша, Елбасы Қайрат Мәмиді Сенат спикерлігіне биліктегі күштердің арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін тағайындады. Мәми спикерлік қызметін 2014 жылы Сенаттағы депутаттардың жартысы жаңарғанға дейін жалғастыра беруі мүмкін. Саясаткерлердің арасында Қайрат Мәми елге сүйкімі бар азаматтардың бірі ретінде алғашқылардың қатарында ауызға ілігеді. 

Жоғары лауазымды қызметке келгеніне көп болмаса да Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов саяси элитадан ойып тұрып орын алған деген сарапшылардың сөзі қаншалықты рас? Сарапшылар мұны А,Мұсахановтың Президентің іс басқарушысы Серік Үмбетовпен арадағы жақындықпен байланыстырады. «Оның үстіне ол облыс әкіміне дейін Елбасы туып-өскен Қарасай ауданының әкімі болды. Бұл да көп жайтты ағартады» дейді сарапшылар. Алайда саясатта айы оңынан туып тұрғанымен, сарапшылардың пікірінше А.Мұсаханов алдағы уақытта қызметін өсіруі нейғабыл. 

Ал тізімдегі қалған шенеуніктердің қызметтік орындарын сақтап қалу және өсу мүмкіндігі рейтингте былайша орналасты: Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, "KAZENERGY» Қазақстанның мұнайгаз және энергетика  ұйымдары қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Жамбыл облысының әкімі  Қанат Бозымбав, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Астана қаласының әкімі  Иманғали Тасмағамбетов, Президент әкімшілігінің жетекшісі  Аслан Мусин, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма директоры Дархан Кәлетаев, премьер-министр Карим Мәсімов, білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмагұлов, Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов және елшілік қызметтегі  Зауытбек Тұрысбеков. Тізімде ең соңғы орында тұрған, яғни алдағы уақытта қызметінен кетуі әбден мүмкін деген Зауытбек Тұрысбеков өткен аптада Ресейдегі елшіліктен кетіп, Қазақстанның Украйнадағы елшісі болып тағайындалды. Осыған қарап рейтингті жасаушылар бірдеңені біледі ме дейсің. Енді сарапшылардың алдағы күндерге жасаған болжамына үңілерік. 

Егер Кәрім Мәсімов отставкіге кететін болса, онда оның орнын бірінші орынбасары Серік Ахметов басады. Ал Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин ат ауыстырса, оның орнын Нұртай Әбіқаев немесе Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов отыруы мүкін (сарапшылар  әсіресе, соңғысының мүмкіндігі жоғары екенін айтады).  Нұрлан Нығматуллин бесінші шақырылымдағы Парламент мәжілісінің мерзімі біткенге дейін төрағалықтан түспейді. Ол «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын өзге біреуге беруі мүмкін.  Бұл орынға  ең ыңғайлы кадр Кәрім Мәсімов. Мемлекет басшысы Мәсімовті «Нұр Отанның» бірінші орынбасарлығына қоя отырып, оны саяси элитадағы ең басты ойыншылардың біріне айналдыруы да  мүмкін.

 Бір таңқаларлығы, тізімнен Елбасының іс басқарушысы, ең бастысы ел жылы қабылдайтын  Серік Үмбетов  көрінбейді.Қазақстанның саяси элитасы саналатын 20 шенеуніктің тізіміне «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеев те енбей қалыпты. Неге? Талай-талай жауапты сынақтардан сүрінбеген,  ең қиын сынақтарда Елбасы ерекше сенім артып жүрген Шөкеевті «құмда ізі, сайда саны жоқ» шенеуініктердің қатарына жатқыза алмайсыз. Келесі премьер кім дейтін сауал қозғала қалса, алдымен аты аталатын  кандидаттардың қатарынан көрініп жүрген Шөкеевті сарапшылардың көзге ілмеуінде не сыр бар? Шындығына келгенде Шөкеев шетке қаға салатын  кездойсақ қадр емес.  Әлде гәп басқада ма? Бәлкім, «Оңтүстік» кландарына қатысты  әр алуан әңгімелерден кейін осы топқа кіретін шенеуніктерді шетке ысырған пікір қалыптастыру  біреулерге тиімді болған шығар? Сіз қалай ойлайсыз? 

Мұрағаттан, 03.05.2012 ж

«Назарбаевтан кейін...» Мұрагерлік тақырыбы тағы қозғалды
Шешенстан «өсекпен күрес» науқанын бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу