Ибадулла Қалыбековтің қателігі үшін басқалар отқа түсуі керек пе?
Бүгінде талай бұқаралық ақпарат құралдарының қозғайтын тақырыбына тамызық болып тұрған, қайта-қайта айтылып, жазылып жатқан «Асар» шағын ауданы жайлы шындық пен шырғалаңның қызығы мен шыжығы әуел баста «Жас Алаш» пен «Рейтингте» жариялануынан басталғаны белгілі. Сол сараптамалық мақала жарық көргеннен кейін «Жас Алаш» газетінің облыстағы тілшілер қосынына, «Рейтинг» газетінің редакциясына хабарласқандар жетерлік. Біреулері қолдау танытты, енді біреулері сынға іліккен басты кейіпкер—«Корпорация Ақ Орда» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбековпен әрі қарай «бас жақа барыспау» қажеттігін айтты. Қысқасы, Парламент депутатына дейін араласқан келіссөздерден соң Ибадулла Қалыбековпен жүздестік. Егер, әлдекімдердің айтуымен, айтағымен сын мақала жазсақ екінші жақтың да пікірін тыңдайтын қадамға барар ма едік...
Ибадулла Қалыбеков үшін аудандық, облыстық әкімдіктер былай тұрсын Астанадағы құзырлы органдарға, Үкімет үйіне де емін-еркін кіріп-шыға беру түк емес екен. Оны айтасыз, Өзбекстанда қызмет істеген жылдары сол елдің басшысы Ислам Каримовпен, Қазақстанға қоныс аударған соң президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қанша мәрте кездесіп, қалай, қай жерлерде терезелері тең қатарласып жүргендерін тамсандырып баяндады. Сөз арасында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болудан бас тартқанын айтып қалды. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында айына 10 мың доллар жалақысы бар қызметтің құлағын ұстағанын да жасырған жоқ. Бұдан бөлек министрлікте жұмыс істепті. Қызметтік көлігі «Джип» болыпты. Астананың төрінен төрт қабатты үй салуға шамасы жететінін де жайып салды. Бір кіндіктен тараған бауырлары да шетінен мықты екеніне жеке-жеке тоқталды.
Әрине, Өзбекстанда өмір сүрген кезеңде қандай қиындықтарды бастан кешкендері жайлы да біршама әңгіме қозғады. Бірақ, ел білетін, атажұртқа қайтқан оралмандар талай мәрте баспасөз арқылы таратқан ақпаратты қайталап жазуды санамадық.
...Ол көсіліп ұзақ сөйледі. Сауал да қойғызбады. «Сөзімді бөлмеңдер, ертең тағы кездескенде кеңінен жауап берейін» деді. Бірақ келесі күні де, келесі аптада да кездесе алмадық. Әрі-бері іздестіріп көрдік. Таппадық. Бір күні «Президент және халық» газетінде әлгі ізім-қайым хабарсыз кеткен Ибадулла Қалыбековтің көлемді сұхбаты бұрқ ете қалмасы бар ма? «Жас Алашқа», «Рейтингке» күйе жағыпты. Мақала авторы мен «Асарға» қатысты мәселе көтерген мәслихат депутаттарын ғайбаттапты. «Жас Алаштағы», «Рейтингтегі» мақаланың мағына-мазмұнын бұрмалап жеткізіп, оқырманды адастырған. Беті бүлк етпей «маған да, інім Садуллаға да жазғыш журналист мүлде хабарласқан жоқ» депті. Іле-шала облыстық мәслихаттың депутаттық корпусына да «Асардың» тұрғындарының атынан ұйымдастырылған хат келіп түсті. Ибадулла Қалыбековтің алдына ала сызылған сценарий бойынша мақаланың жалғасы жазылуын уақытша кідірте тұрып, өзі астыртын қимылдағанын, алдап соққанын сонда барып білдік. Онымен кездесуге барғанда Өзбекстанда да, Қазақстанда да астыртын қимылдар аз жүргізбегенін біліп-білмей бірнеше рет қайталаса да бұл сөзінің сырын ұқпағанымызға өкіндік. Қайсыбір жылы Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Нұрғали Әшімовті «ауруханада емделудемін» деп алдап, шындығында президент әкімшілігінің жетекшісі Қайрат Келімбетовпен жасырын кездесуге Астанаға ұшқанын көсіліп сөйлескенде көзінше таспамызға басып алғанбыз. «Ауру қалса да әдет қалмайтыны» рас қой. Бұл жолы да астыртын қимылдап, бәрімізді алдап соқты. Ниеті дұрыс «Жас Алаш», «Рейтинг» газеттерін, көңілі адал, пейілі ақ Парламент депутатын...
Жерді тартып алған, саудаға салған кім?
Бердібек Сапарбаев па, Өмірзақ Әмет пе, әлде Серік Үмбетов пе?
Ибадулла Қалыбековтің өзара уағдаласқанымыздай «Жас Алаш», «Рейтинг» газеттеріне берген сұхбатты жалғастырудан қашып, басқа басылымдарды дауға араластырғаны, әріптестердің ішіне іріткі салуға ұмтылуы өкінішті-ақ. Одан әңгімелесудің жалғасын күте-күте бұл мақаланың кешігіп жазылып отырғаны да осыдан. Сол жолы тілдескенімізде қанша көсіліп сөйлегенімен түсінгеннен көрі түсінбеген тұстармыз көптеу болды. Таратып айтсақ...
Түсінгеніміз, «Асарға» айрықша артықшылықтар қарастырылған «Нұрлы көш» бағдарламасын жазған автор «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында атқарушы директорлық қызмет атқарған Ибадулла Қалыбековтің өзі екен. Үкіметтің 2009 жылғы 8 мамырдағы №674 қаулысымен бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасында «пилоттық жобаға Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында меншік немесе жер пайдалану құқығындағы жер учаскелері бар көшіп келушілер» қатыса алатыны анық айтылған. Өзге өңірлер пилоттық жобаны жүзеге асырғанда атажұртына қоныс аударған оралмандар дүниенің қай бұрышынан ат басын бұрса да барлығын жаппай жатырқамай қабылдай алады. Ал айрықша артықшылықтар қарастырылған «Асарға» арнайы тізімге ілінуге іріктелген оралмандардан басқалар бас сұға алмайды. Өйткені «Асардағы» жер телімдері тек Өзбекстаннан, онда да белгілі бір өлкесінен көшіп келушілерге бақандай бес жыл бұрын таратылып қойған. Демек мемлекет басшысы мақұлдап, Үкімет бағдарламаны бас бармақпен бекіткенге дейін-ақ «Асардан» пилоттық жобаға кімдер қатысатыны алдын ала белгілі болғаны ма? Бұл бағдарламаны жазған Қалыбековтің қызмет бабын асыра пайдаланғанын білдіре ме? Осыны түсінбедік. Осыған байланысты уәжін тыңдайын дегенбіз. Демек «Нұрлы көшті» президент Назарбаевтың ғаламат жобасы деп әспеттегенше Қалыбековтің жеке авторлық еңбегі десек жараспай ма? «Болары болып, бояуы сіңген» тірлікке Назарбаев пен Мәсімовті араластыру ертеңгі күні заңға қайшы тұстар әшкереленсе «бұл Елбасының саясатына, Үкіметтің қаулысына қарсылық білдіру» деген бақай есебі ме еді?
Түсінгеніміз, идеясы мол Ибадулла Қалыбековті «Нұрлы көш» бағдарламасына билігін жүргізетін жауапты қызметтен бар-жоғы бес айдан кейін шеттетіп тастаған. Түсінбегеніміз, неге, не үшін?
Түсінгеніміз, оны президент әкімшілігінің жетекшісі Қайрат Келімбетов телефон арқылы шақырып алған. «Барсам ыржалаңдап күледі. Үстіңізден арыз келді. Сізді трайбалист деп жазған» дейді Ибадулла Қалыбеков. Түсінбегеніміз, «Асар» шағын ауданының шаруасымен Келімбетовпен оңаша кездесіп жүрген Қалыбековтің сол кезде рушылдыққа, жершілдікке байланысты, яғни трайбалист деп айыпталуы неге, не үшін? Басқа басқа президент әкімшілігінің жетекшісінің өзі оған әлдеқашан «трайбализм» тақырыбында әңгіме қозғаған. Ендеше, «мәслихат депутаттары «Асар» мәселесін қозғағанда ру тақырыбын қоздырды» деп алғаш рет естігендей ат-тонын бауырына алып тулауы қаншалықты қисынды?
Түсінгеніміз, «Асарда» 1725 тұрғын үй салынды, 2800 отбасының жер телімін рәсімдеуге екі жылдан астам уақыт кетті. 2,5 жылда жоба бітті» дейді Ибадулла Қалыбеков. Түсінбегеніміз, құзырлы мекемелерден алынған ресми ақпаратқа сүйенсек «Асарда» тұрғызылатын тұрғын үйлердің жалпы саны 1550. Мұның әлі 21-і толық салынып бітпеген. Сонда Қалыбеков 1725 тұрғын үй салынды дегенді қайдан шығарып отыр? Тағы құзырлы мекемелер ұсынған соңғы ақпаратқа жүгінсек бүгінде «Асар» шағын ауданында 966 оралман отбасы тұрады. Осы отбасылардан құралатын 7200 тұрғынның 800-і 18 жасқа дейінгілер. 5400-ы еңбекке қабілетті. 1000-ы зейнеткер. 64 оралман жер телімін уақытша пайдалану құқығында. Түсінбегеніміз, Қалыбековтің 2800 отбасы дегені, олардың жер телімін рәсімдеуге екі жылдан астам уақыт кетті дегені ойнап айтқаны ма, ойланбай сөйлегені ме? «Нұрлы көштен» шеттетілгелі бері тек «Асармен» айналысамын» деп сұхбаттасқан адамның шатасуы мүмкін бе? «Мақалада салынбай қалған тұрғын үй саны 175 деп жазылыпты. Оның дәл қанша екенін мен білмеймін» деуі де ақылға қона ма?
Түсінгеніміз биліктегілердің тілін тез тапқыш Ибадулла Қалыбеков Қазақстанның азаматтығын небәрі алты күн ішінде алып үлгеріпті. Ал «Асар» шағын ауданынан оралмандарға жер телімі берілгеніне аттай алты жыл толды. Түсінбегеніміз жеке басының тірлігін алты-ақ күн ішінде тындырғанын мақтанышпен мәлімдеген адам алты жыл бойы азаматтық ала алмай сабылып, сандалып, ақыры пилоттық жобаға қатысу бақытынан айырылған, өзі үгіттеп атажұртқа көшіріп әкелген жерлестеріне қол ұшын созбағаны қалай? Әйтпесе, әрі-бері шабылудан шаршағандар көшті бастап келген көсемге шағымданбады дейсіз бе? Осының салдарынан пилоттық жобада көзделген тұрғын үйлер толық салынбайтын болды.
Түсінгеніміз мемлекеттің қаржысына «Асар» шағын ауданындағы әрбір тұрғын үйдің жанына жылыжайына дейін салып берудің арқасында ешқайсысы күнкөрістен қиналмайтынын, керісінше шаш-етектен табыс табатынын Ибадулла Қалыбеков желпініп тұрып жеткізді. Сөйте тұра кейбіреулердің мемлекеттің тамаша қамқорлығын пайдаланбай тұрғын үйді өз күштерімен тұрғызып жатқанын түсінбедік. Енді біреулері мәжбүрліктен жер телімдерін сатып жібергенін де өз аузынан естідік. Түсінбегеніміз баспасөзде «Асардан» жер телімі сатылатыны туралы хабарландырулардың қаптап жүргені мемлекеттік бағдарламаға кірген кезегін сату емес пе? Ал оралмандардың бірқатары облыстық құрылыс басқармасына арнайы хат жазып мемлекеттің қаржысына тұрғын үй тұрғызудан бас тартқан. Басқарма бастығы Альмира Орманшина «Олар мемлекет қаржысын қайтарудың, ертеңгі күні несие төлеудің оңай еместігін ойланғандықтан осындай қадамға барып отыр ма?» деген ойдың ұшығын шығарды. Қазірдің өзінде несиені төлей алмай қалу қаупін жан-жақты саралағандардың талайы мемлекет қаржысына тұрғызылған тұрғын үйден еріксіз бас тартып жатқанда, келешекте айқай-шудың көкесі осыдан болмасын деңіз. Қаржылық мұқтаждықтан пилоттық жобаға қатысудан бас тартып жатқандарға осы идеяның авторы, оларды көшіріп әкелген көшбасшы Ибадулла Қалыбековтің неліктен басу айтпайтынын немесе неге тығырықтан шығаратын бағыт-бағдар бермейтінін түсінбедік.
Түсінгеніміз биылғы тамыз айында вице-прьемер Ербол Орынбаев өткізген Үкіметтің селекторлық жиынында «Асарда» пилоттық жобаға сәйкес әуел баста жоспарланған 175 тұрғын үйдің салынбайтыны белгілі болған. Есесіне сол қаржының есебінен «Асарда» 800 миллион теңгеге саябақ салудың қам-қарекеті жасалуда. Орынбаевтың «жобада көзделген 175 үйдің салынбай қалып қаржының игерілмеуі қылмыс» деудің орнына оны үнемделген қаржыға жатқызып, баспанасыз қаңғыған басқа оралмандарға басын ауыртпай саябаққа ақша шашуға жол ашуы арға да, заңға да сиятын тірлік пе? Үкіметтің қаулысымен бекітіліп,пилоттық жобада «тайға таңба басқандай» көрсетіліп тұрғын үй салу үшін бөлінген қаржыға, сол жер теліміне қалай саябақ тұрғызуға болады? Әлде жылыжай салудың да, тұрғын үй тұрғызудың да тендерін шетінен ұтуға шебер «Корпорация Ақ Орда» ЖШС-ның көпшілік көретін баспанадан көрі егілген-егілмегені білінбей қалатын гүл отырғызуды хош көре ме?
Директорлар кеңесін Ербол Орынбаев басқаратын, Білім және ғылым министрлігінің құзырына қарайтын «Өркен» АҚ ұсынған жоба бойынша елімізде Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің 20-сы салынатынын, Шымкент қаласында бой көтеретін сондай екі мектептің біреуінің тендерінде «Корпорация Ақ Орда» ЖШС жеңімпаз атанғанын бұған дейін жазған едік. Түсінгеніміз дәл осындай мектеп салудың тендерін енді «Корпорация Ақ Орда»ЖШС көршілес облыстардан да ұтып алуға көшіпті. Түсінбегеніміз вице-прьемер Ербол Орынбаев араласқан жердің бәрінде Ибадулла Қалыбеков тізгінін ұстаған «Корпорация Ақ Орда»ЖШС-ның ұдайы асығы алшысынан тұруының астарында не сыр бар?
Түсінгеніміз «Ауыл шаруашылық министрі Серік Үмбетов министрліктің күздік бидай егетін алқабынан жер бөліп берді. Бастапқыда алған жеріміз Сайрам ауданындағы «Тұран» шағын ауданының аумағында болатын. Алғанда несін жасырайын, жерді сатып алдық. Туысқан да жерін сатады екен. 400 мың доллар құйған сол жерімізді 4 айдан кейін тартып алды...» дейді Ибадулла Қалыбеков. Әттең ашып айтпағандықтан түсінбедік, жерді тартып алған, саудаға салған кім? Сол тұстағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев па, Сайрам ауданының әкімі болған Өмірзақ Әмет пе, әлде министрлік қызмет атқарған Серік Үмбетов пе?
Құрылыстың кешеуілдеуінен қаржы игерілмей жатыр
Ал «Корпорация Ақ орданың» қоқысқа «қол салғаны» қай сасқаны?
Өткен аптадағы облыстық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде қаржы басқармасының бастығы Роза Исаева биылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес қай салада қанша қаржы игерілмегеніне жан-жақты талдау жасап берді. Оның ішінде құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуінен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша «Асар» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысына қаралған 466,6 миллион теңге игерілмей отырғанын қадап айтты. Екі ай бұрын, яғни тамызда дәл осы «Асарда» пилоттық жобада қаралған, Үкіметтің қаулысымен бекітілген 175 тұрғын үйдің салынбайтыны белгілі болмап па еді. Осының салдарынан игерілмеген қаржы вице-премьер Ербол Орынбаевтың «жанашырлығы» арқасында «үнемделген» болып шыға келді. Енді бұл жолы қалай боларын ел назарда ұстап отыр. Сонда Ибадулла Қалыбековтің газеттерге берген сұхбатында «1725 үй салынды, 2,5 жылда жоба бітті» деп көкіп жүргенін көзбояушылық дейміз бе, не дейміз?
Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Альмира Орманшинамен әңгімелесу барысында білгеніміздей пилоттық жобада қамтылмағанына қарамастан «Асар» шағын ауданында қос-қосынан мектеп пен бала бақша «Нұрлы көш» бағдарламасынан тыс салынып жатыр. Оған ертеңгі күні баратын бала саны жетпей жатса күлеміз бе, жылаймыз ба? 1000 отбасыға жетпейтін шағын ауданның еншісіне бұйырған шапағат есесіне 300 мың халық қоныстанған, мектебі мен бала бақшасына бала сыймай өлермен күй кешкен Мақтаарал сияқты аудандардың маңдайына жазылмай тұрғаны түсініксіз. Қаржы басқармасының бастығы Р. Исаеваның жақсы талдау жасаған баяндамасынан ұққанымыз «Асарда» игерілмеген бюджеттің қаржысы тек тұрғын үйдің құрылысымен шектелмейді екен. Дәлірегі «Асардағы» жаңа мектеп пен екі бірдей бала бақшаның құрылысына бөлінген қаржылар да игерусіз қалған. Осылай бола тұра «Асардағы» тұрғын үй тұрғызудың да, бала бақша салудың да тендерін үйіп-төгіп ұтып алып жүрген мердігер мекеме «Корпорация Ақ орда» ЖШС таяуда ебін тауып тағы бір бәйгеде әдеттегідей топ жарып шықты. Нақтырағына жүгінсек облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 107 миллион теңгенің тендерін жеңіп алып, қазір Шымкенттегі бұрынғы күл қоқыс полгионын жабу жұмыстарын жүргізуге кірісіп те кетті. Ел аузында «нағыз батпанқұйрықтың өзі, теңге сауудың көзі» деген пікір қалыптастырған тендер атаулыдан қалмай қатысып қана қоймай шетінен пытырлатып ұтуды шебер меңгерген дұрыс та шығар. Бірақ... «Корпорация Ақ Орда»ЖШС-ның құрылысты кешеуілдетуі салдарынан қаржы игерілмей жатқанда қоқысқа да «қолды салғаны» қай сасқаны десеңізші.
Күні кешегі, дүйсенбідегі облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында «Асарға» қатысты кезекті мәрте даудың түңлігі түрілді. Депутат Рәшкүл Оспанәлиева «Асардағы» салынбай қалған 175 үйдің қаржысына, дәлірегі 800 миллион теңгеге сол шағын ауданда сән-салтанаты келіскен саябақ салғанша неге әлеуметтік жағынан зәру басқа мәселелер шешілмейді?» дейді. Халық сайлаған қалаулының сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Тұрғын үйге қатысты заңға қайшы тұстар көп
Пилоттық бағдарламаның тығырыққа тірелуі президент саясатының бұрмалануы емес пе?
Заң бойынша «мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй әр адамға кемiнде он бес шаршы метр және көп дегенде он сегiз шаршы метр пайдалы алаң берiледi». Енді осыны «Асар» шағын ауданындағы тұрғындардың санымен салыстырып, есеп шығарып көргендер әрқайсысына бұйыратын несібе 30 шаршы метрден де асып кететінін айтады. Бұл рас болса, заңға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй әр адамға 15 шаршы метр ғана тиесілі десек, айырмашылық екі есе болып тұр. Бір отбасыдан ерлі-зайыптылардың екеуіне бірдей мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру заңға қайшы екенін ескерсек, айырмашылық бұдан әлдеқайда арта түсіп, даудың оты күшеймекші.
Таяуда «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалуын талқылаған жиын өткені «Рейтинг» газетінде кеңінен қамтылған еді. Оқырманға мәселенің мән-жайы түсінікті болуы үшін сол жиынға тағы да қысқаша тоқталуға тура келіп тұр. Жиында «Асардан» ерлі-зайыптылардың жеке-жеке баспана алып жатқаны жайлы әңгіменің шеті шығып қалды. Әрине, мұның нақты құжатын көзбен көрмегендіктен бұл әлі зерттейтін факт. Алдағы уақытта бұл ақпараттың анық-қанығын, заңсыздықтың бар-жоғын тергеп, тексеру құзырлы органдардың еншісінде. Сол жиында Шымкент қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Жолдасбеков «пилоттық жобада жазылғандай «Асардан» жер телімін иеленгендердің әрбірі «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысу құқығын пайдаланса ерлі-зайыптылар, әлі отбасы құрып үлгермеген жастар бойдақтығына қарамастан әрқайсысы жеке-жеке баспана алуы заңға сия ма?» деп сүбелі сауалды қабырғасынан қойғанын жазғанбыз. Осындай мәселе жергілікті атқарушы билікті тығырыққа тіремесе бұл сауал күн тәртібінде талқыланбайтыны белгілі.
--Заңсыздықтан арашалайтын жалғыз-ақ жол—«Асар» шағын ауданындағы оралмандарға пилоттық жобаға сәйкес баспана бергенде «Тұрғын үй туралы» Заңның құзыры жүрмейтіні көрсетілген құжат қажет. Жергілікті атқарушы билікпен, қоғамдық ұйымдармен ақылдаспай жазылғандықтан көлеңкелі жағы көптеу жоба басты не оңға, не солға бұра алмайтын тығырыққа тіреп тұр. Менің басты сұрағым-- ертеңгі күні қылмыстық жауапкершілікті кім арқалайды?--Тұрғын үй жөніндегі комиссияның төрағасы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Баһадыр Нарымбетов сол жиында осылай деп шырыл қаққан болатын.
Прокурор Қуандық Бабанов жиын қорытындыланғанда пилоттық жоба қабылданып қойғанымен тұрғын үй беру тәртібі, кезегі сақталуы керектігін тағы да кесіп айтты. «Кез келген қаулы, бағдарлама заңнан жоғары емес. Сондықтан тұрғын үй жөніндегі комиссия үлкен қателіктерге жол бермей тұрғанда жобаның авторына, осы саланың жұмысын үйлестіретін министрлікке, Үкіметке ұсыныстарымызды жіберіп заңға қайшы тұстарды түзетейік» деді.
«Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» депті ілгеріде біреу. Сол айтпақшы өзге өңірлерде тәп-тәуір жүзеге асып жатқан пилоттық жоба Оңтүстік Қазақстан облысында тығырыққа тіреліп тұр. Бұл президент саясатының бұрмаланғаны емес пе? «Нұрлы көш» бағдарламасын мен жаздым» деп жаһанға жар салып жүрген Ибадулла Қалыбековтің қызмет бабындағы бұл «игі қадамдары», кей газеттердің тілімен айтсақ «бүгінгінің Едігесінің» «ерліктері» талай жазықсыз адамды жарға итеруге, заңға қайшы әрекеттерге баруға бағытталғаны өте өкінішті-ақ.
Мұрағаттан: 03.11.2011