Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Бұл әзіл емес. Заманауи технологиялары барынша дамыған Еуропада дәл қазір қазақтың киізі деген айрықша сұраныс туып тұр. Оның себебі – қойдың жүнінен жасалған бұл материал экологиялық таза өнім болғандықтан, құрылыс саласында кеңінен қолданыла бастады. Осылайша, ата-бабаларымыз ежелгі заманнан бері пайдаланып келген киіз қазіргі таңда заманауи технологиялардағы ең соңғы үлгідегі үрдістердің бірі ретінде танылып отыр.
Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында құрылысы аяқталуға жақын кәсіпорындардың бірі – «Шымкент Кашемир» ЖШС. Бұл зауыттың негізгі мақсаты - Қазақстандағы қойдың жүнінен түбіт айырып, жіп иіру, содан дайын өнімдер шығару.Жобаны жүзеге асыруға 560 миллион теңге қаражат жұмсалды. Қой жүнінен түбіт айыратын бұл өндіріс орны жылына 20 мың тонна шикізат өңдеп, осы төңіректе тұратын 270 адамды жұмыспен қамтымақ. Бірақ бастысы бұл емес. Зауыттың өніміне деген сұраныс Батыста да, Шығыста да өте жоғары. Оның негізгі себебі - экологиялық таза әрі сапалы өнім. Ал арнайы экономикалық аймақта жасалған жеңілдіктерді ескерсек, «Шымкенит Кашемир» зауыты шығарған тауардың экспорттық әлеуеті анағұрлым арта түспек.
- Сұраныс шынында да өте жоғары, себебі жүннің түбітін айыратын зауыт Қазақстанда жоқ, - деп бізбен пікір бөлісті «Шымкент Кашемир» ЖШС директорының орынбасары Сәкен Түймебеков. - Біздің білетініміз, ондай зауыт тек Моңғолияда бар. Еуропада да осындай бірен-саран кәсіпорын бар екенін естідік. Бұл бағытта Қытайдың жеткен жетістіктері көп. Жалпы, қой, түйе жүнінен жасалған кез-келген өнімнің басты артықшылығы – бұл табиғи материал, яғни экологиялық тұрғыдан алғанда таза. Жасанды материалдар қанша жерден мықты болғанымен, қасиеті жағынан жете алмайды. Біз білетін фольгамен қапталғаң шыны мақтасы - стекловата химиялық жолмен жасалғандықтан, қандай-да зиянды жағы болатыны даусыз. Киіздің қасиетін біздің ата-бабаларымыз көне заманда-ақ білген. Ал еуропалықтар енді түсініп, пайдалануға кірісіп жатыр. Қазір киіз материалы Қазақстаннан басқа Еуропа елдерінде құрылысқа өте көп пайдаланылады. Себебі, ғылым мен техника мейлінше дамыған бұл заманда құрылыс материалдарының экологиялық тазалығы алдыңғы қатарға шығады. Яғни, адамның денсаулығына зиян келтірмейтін өнімдерге басымдық беріледі. Демек, біздің өнімге деген сұраныс та жоғары болмақ.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқандықтан, «Шымкент кашемир» зауыты мемлекеттің қамқорлығын көріп отыр. Атап айтқанда, салық төлеуде, жаңа қондырғылар әкелуде, өнімді экспортқа шығаруда айтарлықтай жеңілдіктер қаралған. Бұл өз кезегінде тауардың өзіндік құнына да әсерін тигізбей қоймайды. Қазірдің өзінде тауарды экспортқа шығару жайлы келісім-шарттар жасалып қойған. Яғни зауыттың өнімін сатуда ешқандай қиындықтар тумайды деген сөз. 560 миллион теңге салынған инвестиция бір-екі жыл ішінде өтеледі деген сенім бар.
Кәсіпорын жұмысының негізгі шикізаты - қазақы қойдың жүні, оны өзіміздің облыстан ғана емес, еліміздің өзге де өңірлеріне тасымалдайды. Қой шаруашылықтарымен арада келісім-шарт жасалған. Яғни, зауыттың жұмысы мал шаруашылығының өркендеуіне де өз үлесін қосады деген сөз. Негізінен көктемде қырқылған жүн пайдаланды, себебі оның құрамында түбіт болады. Қой жүнін алғашқы өңдеуден өткізіп, жуып тазалаған соң экспортқа жөнелтеді. Бұл кәсіпорын жұмысының бір бағыты. Сондай-ақ, жүннің түбітін айырып, одан жіп иіру, дайын кілем шығару да жоспарланған. Ал одан артылған жүннің қылшығынан киіз шығарылады. Демек, кәсіпорын жұмысында ешқандай қалдық болмайды.
«Шымкент Кашемир» зауыты тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ашылып, қаңтар айында толық іске қосылмақ. Айта кетерлігі, кезінде жүн өңдеумен шғұылданатын ірі өндіріс орындары тоқырауға ұшырап, елімізде саусақпен санарлықтай кәсіпорындар ғана қалған болатын. Қазір жағдай өзгерді. Бұл салаға қомақты инвестиция тарту, мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер беру арқылы осы сала қарқындап дами бастады.
Оңтүстікте жүн өңдеу зауыты алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын салынған болатын. Дегенмен, зауыттың жұмысы бірден өрге баса қойған жоқ. Кейбір коммуникациялар мен айналымға қажет қаражат болмағандықтан кәсіпорынның жұмысы ойдағыдай жүрмеді. Тек былтыр «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қаржы қарастырылып, , шикізаттың алғашқы партиясын сатып алуға 70 миллион теңге бөлінді. Кәсіпорын 25 тонна меринос жүні мен 150 тонна қазақы қой жүнін сатып алып, оны жуу және түту процестері игерілді. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, өндіріс көлемі ұлғайды. Зауыттың қуаты жылына 3 мың тонна шикізат өңдеуге жетеді. Бұл облыста өндірілетін жүннің жартысына жуық.
Кәсіпорынның тірлігі алға басқан соң «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында екінші зауыт салуға мүмкіндік туды. Бұрын шаруалар жүннің келісін 5 теңгеден өткізетін не болмаса өртей салатын. Енді олар үшін қосымша ынта пайда болды. Бұл жобаға еліміздің өзге де өңірлерінің қызығушылығын танытып отыр.
Аталған екі кәсіпорын да Оңтүстіктегі тоқыма кластерінің ажырамас бөлігі. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында алдағы 3-4 жыл көлемінде осы секілді 30-дан астам ірілі-кішілі зауыттар мен фабрикалар іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, мұнда тасымалданатын шикізат, өндірілген дайын өнімдерді сақтайтын қоймалар, тауар тасуға қажетті темір жол да салынады. Мақта-тоқыма кластерін дамыту үшін мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктердің жасалуы жобаның ойдағыдай жүзеге асатынына кепілдік береді. Жоспар бойынша, 2015 жылға қарай облысымызда өндірілетін мақта толық көлемде өзімізде өңделуі тиіс. Кеден одғаныың құрылуына байланысты Отңүстіктегі мақта-тоқыма кластері аясында құрылған кәсіпорындардың өнімін экспортқа шығару мүмкіндіктері де анағұрлым арта түсетіні белгілі. Себебі, Ресей, Белоруссия мен Қазақстанда қазіргі таңда 170 миллион халық тұрады. Ал кедендік одаққа жақын болашақта Қырғызстан мен Украина да кіруі мүмкін екенін ескерсек, отандық өнімдерді кедендік баж салықтарын төлеместен осы елдердің нарығына шығаруға жол ашылмақ. Ал бұл өз кезегінде қазақстандық текстиль өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.
Мұрағаттан: 03.11.2011