Айтаханов ай қарап жүр ме?

Oinet.kz 01-03-2019 1055

Screenshot_6.jpg

Әлде, 6 милиардттан астам теңгенің игерілмеуі кадрлық сапырылыстың кесірі ме? 

«Қазынаның қаржысын игермеу--оны халықтың игілігіне жұмсамау деген сөз. Бұл дегеніңіз--қылмыс». Облыс әкімі  Асқар Мырзахметов  бұл пікірін алқалы жиындарда әлденеше рет  қадап айтып жүргенімен командасындағы кадрлары одан еш нәтиже шығарар емес. Өткен аптадағы  облыс әкімдігінің жиынында қаржы басқармасының жаңадан тағайындалған бастығы Роза Исаева игерілмеген қаржыны жілік-жілікке бөліп берді. Дәлірегі биылғы 9 айда 6 279,9 миллион теңге игерілмей қалған.  Өткен жылғы 9 айда 4,5 миллиард теңге игерілмепті. Айырмашылық 2 миллиард теңге. Демек шенеуніктердің «қылмысқа» бару көрсеткіші біршама артып, игерілмеген қаржының едәуір көбеюі облыс басшысының әңгімесін жүре тыңдайтындарын көрсетпей ме?  

Бюджеттің бүйірі тоқ, шенеуніктердің уайым-қайғысы жоқ, қазына қаржысы асып-тасыған қайран  заман-ай десеңізші!

Бірінші байлық денсаулық. Солай бола тұра игерілмеген қаржы жағынан денсаулық сақтау саласының  көш бастауы көңілге кірбің ұялатады. Жұмағали Исмаилов басқаратын салада 1 270,7 миллион теңге игерілмегенін  естігенде бас ауырып, балтыры сыздайтын ел  қандай күй кешетінін көзге елестетіп көріңізші. Таратыңқырап айтсақ, халыққа кепілді медициналық көмек көрсетудің көлемін ұлғайту мақсатында қосымша штаттарды ұстау үшін қажеттілік болмағандықтан, республикалық бюджеттен бөлінген 486 миллион теңге игерілмеген. Себебі қосымша штаттар 2009-2010 жылдары енгізіліп қойылған екен. Егер ауруханаларға қосымша штат қажет болмаса, онда жыл басында оған қаржы не үшін қаралған? Бұл денсаулық сақтау басқармасының шалағайлығы ма,  әлде бюджетті жоспарлаушы мекемелердің қателігі ме? Ал игерілмеген қаржының басым бөлігі медициналық құралдарды сатып алуға қаралыпты. «СК Фармация» компаниясы тарапынан тендер 23 тамызда өткізіліп, мердігерлерге қыркүйек айында ғана алдын ала төлем жасалынған. 

9 айдағы игерілмеген бюджет қаржысының барлығы дерлік әлеуметтік мәселелерді шешуге қаралған. Әсіресе «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасын жүзеге асыруда немқұрайдылық басым. Сондай дейміз-ау, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша өңірлік жоспар түзіп, «кедей-кепшікті жарылқаймыз, жұмыссыздардың қолына қармақ береміз» деп алаулатып-жалаулату, көзбояушылық кімге керек болды? Өзге өңірлермен салыстырғанда халқы пысық, тірлікке бейім  Оңтүстікте кәсіп істеуге  ынта білдірген адам табылмайды дегенге кісі илана ма? Мұны президент тапсырмасын оңтүстікше орындау дейміз бе? Мемлекеттің әлеуметтік жәрдемақыларға қол жайып отырғандарды масылдық пиғылдан арылтып, кәсіпке қайта даярлауға бөлген көл-көсір қаржысын оңтүстіктегі шенеуніктердің ұқсата алмағыны қынжылтады. Ал жұмыссыздықтың салдарынан шаңырағы шайқалған отбасылар, шалыс қадамға барып, абақтыда өкініштен бармағын шайнаған адамдар аз ба?  

  Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қаралған қаржының бір тиынын да жұмсамаған.  Дәл осы басқарманың жұмысын үйлестіруге жауапты, әрі қаржының да дұрыс жұмсалуын қадағалайтын облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Айтаханов  бұған бақылау жасамай ай қарап жүр ме? Әлде қаржының игерілмеуі кадрлық сапырылыстың кесірі ме? Айналдырған бір-бір жарым жылдың ішінде бұл басқарманың бастығы үш рет ауысса, жұмыс қайдан оңсын? Таяуда басқармаға тағы да су жаңа бастық болып Қызылорда облысынан «аттай қалап» алдырған Дінмұхамед Әбсаттаров тағайындалды. Жергілікті жерден маман табылмағандай еліміздегі ең халқы көп облыстың кәсіпкерлігі мен өнеркәсібінен хабарсыз адам көрші облыстан шақырылғанын көпшілік түсінбей «апам да аң-таң, мен де аң-таң».  Кадр  демекші,  облыс әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары,  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалуымен тікелей айналысуы тиіс Сәкен Қаныбековтің  қызмет барысындағы ат ауыстыруы да қызық-қызық. Оны облыс әкімі  А. Мырзахметов алдымен Ордабасы ауданының әкімдігінен босатып жіберді де артынан өзіне орынбасар етіп алды. 

Коммуналдық-шаруашылық саласында да игерілмеген қаржы шаш-етектен.  Жылу-энергетика жүйесін дамыту, газбен қамтамасыз ету, ауыз сумен жабдықтау, кәріз құрылысын жүргізу көңіл көншітпейді. Егер ар-ұяттан аттамаса мұндай олқылықтарды түзетуге, кері кеткен тірліктің кенеуін келтіруге  іскерлігі де, білімі мен біліктілігі де жететін Серікбай Ибадуллаев осы саланың басшылығында көп уақыт та отырмай жақында қызметімен қош айтысты. Соңғы жылдары бұл басқармаға да бастық тұрақтамай бір жылда бірнеше рет ауыс-түйіс болуы елдің еті өліп, көзі үйренген құбылысқа айналды. 

Жалпы облыстың қазіргі басшысы Асқар  Мырзахметов ауыс-түйіс жасау, команда жасақтау жағынан өзіне дейінгі әкімдерді әлдеқашан щаң қаптырып кетті. Ауыспаған аудан, қала әкімі, басқарма бастығы некен-саяқ. Кадрлық өзгерістер күн сайын  болмаса да апта аралатып жүріп жатады. Алайда, рейтинг бойынша ұдайы көштің соңында салпақтап жүретін, ал кемшілікке, қаржы игермеуге келгенде әрдайым көштің басын бермейтін Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевқа қанша күшеніп сөйлегенімен нақты шара қолдануға шамасы келмей жүргені таңдандырады. Облыстағы 15 аудан, қаланың ішінде Мырзахметовтің өкімімен ауыспаған екі-ақ әкім қалса, соның біреуі осы Жетпісбаев. Бұл жолы да 9 айдың қорытындысымен қаржының игерілмеуінен Шымкент қаласы топ бастап, Жетпісбаев «жетістігін» тағы қайталады. Облыс әкімі Мырзахметовтің сөзімен әспеттесек Жетпісбаев «қылмыс» жасады. Қаржының жұмсалатын жері де, екі қолға жұмыс таппай отырған мердегерлер де жетерлік. Бар гәп, тендер төңірегіндегі айқай-шуға, соттасуға барып тіреледі. Егер қалалық әкімдік, құрылыс басқармасы бұра тартпаса, әлдебіреулерге бүйрегі бұрмаса, жоқ жерден кім дау іздей қойсын? 

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Асқар Мырзахметов:

-- Мектеп пен балабақшаның не үшін салынбай отырғанын, ауылына ауыз су құбырының не үшін кірмегенін, оған кімнің кінәлі екенін халық білсін,-- дегенді айтты. Алайда оны шенеуніктердің өздері түсінбеген соң, облыс басшысы құрғақ сөзбен шектелмей нақты әрі қатаң шара қолданбаған соң қарапайым халықтың мұны білгенінен не пайда?

Мұрағаттан: 03.11.2011

Еуропалықтар қазақтың киізін іздеп жүр
Шәмшидинованың да мәселе шешетініне күмән бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу