Түркістан облысында «ЗавРайОНО» жалған дипломмен жұмыс істеген бе?

Oinet.kz 23-10-2020 3651

Жуырда Түркістан облысында Adalbіlіm жобалық офисінің онлайн жиынында осы тақырып әңгіме болды. Оған арнайы қатысқан Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев жұртты елең еткізетіндей мәлімдемелер жасап тастады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Рақымбек Жолаев.jpg

Рахымбек Жолаев

– Адалдықты алдымен білім саласынан, біліктілік сәйкестігінен бастау керек. Білім бөлімі басшыларының біразы білім саласында істемеген. Бірнешеуі мұғалім болып, 45 минут сабақ беріп көрмеген.  Белгілі себептермен білім бөлімінде әдіскер, маман болып, ары қарай басшылыққа тағайындалғандар. Ондайлар жұмыс істемеуі керек, – деді Жолаев. 

Яғни, білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорларына тықыр таянды деген сөз. Айтпақшы, дипломы жалған екендігі әшкереленген қызметкердің Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова екендігін аңғару қиын емес. Білім бөлімінің басшысы мен сол аудандағы басылымның басшысы Ләззат Асанова екеуінің арасындағы дау-дамайдың соңы Роза Аманованың қылмыстық жауапқа тартылуына алып келгенінен хабардармыз. Шілдеде Түркістан қалалық соты осы іс бойынша үкім шығарды.

Үкімді оқысаңыз,  аң-аң боласыз. Роза Аманова біресе дипломының жалған екенін мойындайды, біресе, ол туралы ештеңе білмейтінін айтады. Біресе, оны жездесі әпергенін, енді бірде енесі сыйлағанын мәлім етеді. Сонда Жетісайдағы Ғ.Мұратбаев атындағы гуманитарлық - техникалық колледжінің дипломы «подаркіден» басқаға жарамайтын, екі бет қағаз ғана болғаны ма? Бөлім басшысы бұл дипломды ешнәрсеге пайдаланбағанын алға тартады. Бірақ сотта оның 2006 жылы осы диплом арқылы «Отырар» университетінің бірден үшінші курсына қабылданғаны айтылады. Ал Роза Аманованың өзі сотта Асанованың інісі мен қызының атына тіркелген компанияларға миллиондап тендер бергенін ашық түрде мәлім етеді. Бірақ сіңлісін мектеп директоры қызметіне тағайындамаған соң Асанова «ЗавРайОНО»-ның қыр соңына түскен көрінеді. Облыстың білім саласы осындай масқара тірліктерге үйрене бастады. Аманова енді Асанованың қуғын-сүргінінен құтылғанымен, Жолаевтың құрығынан құтыла алмауы мүмкін.  Жолаев білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорлары арасындағы тазалау шараларын өзінің туған ауданынан бастайтын сияқты.  Кешегі күні редакцияға Кентау қаласына қарасты Вахидов атындағы мектептің мұғалімі Сайдакбар Рахметов хабарласты. «Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазылғандай, былтыр желтоқсанда аталған білім ұясының директоры М.Изатуллаева «комиссияға береміз» деген сылтаумен қарамағындағы мұғалімдерден ақша жинаған. Директор Рахметовтен 5 мың теңге алу барысында антикордың қызметкерлеріне ұсталады. Қылмыстық іс алғашқыда пара алу дерегімен қозғалып, кейін қызмет бабын теріс пайдалану бабына ауыстырылады. Ақыр аяғында Изатуллаева түсініксіз жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.  Антикор Кентау қалалық білім бөліміне Изатуллаеваның тәртіптік ісін қарап, қызметінен босатуды ұсынады. Білім бөлімі басшыларының заңды дұрыс қолданбауының салдарынан Изатуллаева орнында қалып қояды.

Осыдан біраз ай бұрын біз осы мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтің қабылдауына кірген болатынбыз. Сол кезде антикордың жауапты қызметкерлері облыс әкімінің орынбасары С.Қалқамановтың атына хат жазылғанын, Изатуллаеваның қызметінен босатылатынын айтқан еді. Алайда кешегі күні Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Баянғали Жұмабаевпен хабарластық. Оның айтуынша,  Изатуллаеваны тәртіптік жазаға тарту мерзімі өтіп кетуіне байланысты қызметінде қалған. Осылайша антикор, Кентау қалалық білім бөлімі, Түркістан облыстық әкімдігінің жауапты қызметкерлері жабылып жүріп қарамағындағы мұғалімдерден ақша жинауды әдетке айналдырған, 5 мың теңгемен ұсталған директорды жауапкершіліктен құтқарып жіберді.

Оларды мұндай қадамға нендей мүдде, қандай жағдайдың итермелегені түсініксіз күйде қалып отыр. Ал парақорды әшкерелеген, жемқорлықпен күресуші Рахметовтың мүддесін қорғаған бір адам жоқ.  Осыдан кейін де «жемқорлықпен күресеміз» деп күпсінетінімізді қайтерсіз. Сайдакбар Рахметов бастаған бір топ ұстаздар Президентке ашық хат жазып жатқандарын, бұдан басқа ешқандай амалдарының қалмағанын айтып отыр.

Осылайша жаңа жылдан бастап білім беру саласында үлкен өзгерістер басталғалы жатыр. Қазірдің өзінде үлкен мәлімдемелер жасалды. Бұл қадамның бәріне жаға бермесі айдан анық. Жолаев бір жақ, білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорлары бір жақ болып, жік-жікке бөлініп, мұның арты үлкен дау-дамайға айналмасына кім кепіл? Не де болса, әліптің артын бағып көрелік. 

Пармановтың жалақысы 680 мың теңге
30 мыңға жуық қазақстандық түрмеде отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу