«Мен байлаулы ит сияқтымын, үремін, бірақ қаба алмаймын»

Oinet.kz 24-02-2011 957

Screenshot_9.jpg

ОҚО білім басқармасының бастығы Мырзабек Туғанбаев әлеуметтік даму комиссиясының отырысында осылай деп айтып салды.

Соңғы үш жылда өңірлік бағдарлама аясында оңтүстіктің білім саласына 56 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржыға жаңа мектептер мен бала-бақшалар салынып, білім орындарының материалдық базасы едәуір жақсарды. Былтырдың өзінде  облыста 590 мультимедиялық және лингафон кабинеттері, 480 физика және 150 химия кабинеттері жабдықталыпты.   «Осындай қыруар қаржы жұмсағаннан қандай нәтиже шықты? Ұлттық бірыңғай тестілеуде кейде көштің соңында қалып кетеміз. Осының сыры неде?», деп мәслихат депутаттары сұрақты төтесінен қойды. Мырзабек Туғанбаев білім саласына құйылған қаржы нәтижені бірден бермейтінін ескертіп, ҰБТ-дағы төмен көрсеткіштердің  орын алуын «өзге облыстарда  тест тапсырушылардың ұялы телефондарды еркін пайдалануынан болар» деуі қызық жауап болғаны рас.  

Осыдан соң кадр мәселесіндегі қиыншылықтарға тоқталған М.Туғанбаев  «мектеп директоры сала бойынша бізге бағынғанымен, ол бірінші кезекте аудан, қала әкіміне тәуелді. Себебі аудандық білім бөлімінің басшысын министрлік мақұлдап,  әкім тағайындайды. Яғни, бізді бұл іске мүлдем қатыстырмайды. Есесіне таяқты жейтін білім басқармасы. Анайы түрде айтсам, мен байлаулы ит сияқтымын, үремін, бірақ ешкімді қаба алмаймын», деп ағынан жарыла жөнелді. 

- Қойыңыз енді, өзіңізді оған теңемеңізші, - деп қарқылдап күлді облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов. 

- Қайтем енді, шарасызбын ғой, - деді аптығын әрең басқан басқарма бастығы. – Мысалы, Сайрам ауданында 7 айдан бері білім бөлімінің басшысы жоқ. Ал оған мен кінәлі болып шығамын. Осыны айта-айта шаршадым.  

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Асқар Мырзахметов елмен еркін сөйлескісі келген еді
Мұхит Әлі: «Фамилия ауыстыруға Рахат Әлиевтің қатысы жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу