Генерал Досымов осыдан кейін де отставкіге кетуді ойланбай ма?
Прокуратураның бір ғана тексеруі нәтижесінде 187 қылмыстың есепке алынбағаны анықталған.
Президент Н. Назарбаев жуырдағы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде полицияның негізгі жұмыс көрсеткіші ауыр қылмыстармен өлшенуі керектігін, тәртіп сақшылары арасындағы қылмыстың жиілеуіне облыстық деңгейдегі басшылардың жауапты екенін ескертсе де Оңтүстік Қазақстан облысындағы криминалдық ахуалды бетімен жіберіп алғаны бұған дейін де баспасөзде жиі сыналып жүрген ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Серімжан Досымов үшін мұның ешбір пәрмені болмай тұрғаны жайлы көлемді мақала жазғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ(«Президенттің пәрмені генерал Досымовқа қаншалықты жүреді», «Рейтинг» газеті, 27 қаңтар 2011 жыл). Таяуда облыс прокуроры Берік Құлтасов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәліметтерді алға тартқанда өңірдегі криминогенді ахуал, тәртіп сақшылары арасындағы қылмыс расында да алаңдатарлық жағдай туғызып отырғанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Цифрларды сөйлетсек 2010 жылы облыс аумағында тіркелген қылмыстардың саны 1063-ке жетіп, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға өскен. Әдетте полиция қылмыстың өсуін ұсақ қылмыстармен байланыстыратын. Бұл жолы ауыр қылмыстар да артып кеткен. Мәселен, денсаулыққа ауыр зиян келтіру—18,9 пайызға, қарақшылық—20,4 пайызға, тонау—7,8 пайызға, зорлау—25 пайызға, бұзақылық—26,1 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау—34,3 пайызға өскен. Қылмыстың ашылуы да көңіл көншітпейді. Ол 68,4 пайыздан 67,1 пайызға төмендеген.
Қылмыстың өсуіне ақталмайтын негіздермен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қабылданған шешімдердің тіркеуге алынбауы негіз болған. Мәселен, прокуратураның бір ғана тексеруі нәтижесінде 187 қылмыс, оның ішінде 3 кісі өлтіру, 7 қарақшылық, 17 бұзақылық, 20 тонау, 79 ұрлық есепке алынбағаны анықталған. Кісі өлімін де жасырған полицейлердің арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болғандары да бар. 27 полицейге, 16 аудандық, қалалық ішкі істер басқармаларының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Былтыр есірткі заттарын екінші айналымға түсірудің 2 фактісінің анықталғанына не айтасыз. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ішкі істер департаменті есірткі саудасына қарсы күрес басқармасының «Оңтүстік» тобының жедел уәкілдері Л.Тұяқов пен А.Досовты қылмыс үстінде қолға түсіріп, олар ұзақ жылға сотталыпты.Полицейлердің өзі қылмыскерлермен сыбайласуға бел шешіп кірісіп кетсе «оңтүстік есірткі дәлізінен айналды»дейтін пікір елдің ішінде кеңінен тарамағанда қайтсін?
Өткен жылы облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде полицейлердің тәртібін қадағалаумен айналысатын ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының бір орынбасары мен тергеушісі қызметтерінен босаталған. Арнайы прокурорлармен ішкі істер органдарында істейтін 8 полицейге қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың барлығы сотталған, тағысын тағылар. Айта берсек прокуруратура тарапынан ішкі істер департаменті қызметкерлерінің іштен іріп отырғанын әшкерелейтін факті көп. Аз айтсақ та, көп жазсақ та көпшіліктің көкейіндегі сауалды тағы да қайталап қоюға тура келіп тұр. Осыдан кейін де отставкіге кетуді ойланбайсыз ба, генерал жолдас Серімжан Төлеуұлы?
oinet.kz мұрағатынан