Тоқаев: Біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен араласады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" және "Айқын" газеттеріне берген сұхбатында әкімдердің есеп беру форматының ескіргенін мәлімдеді деп хабарлайды oinet.kz тілшісі. Ұзын-сонар баяндамаладардың халықты жалықтыратынын тілге тиек еткен Президент шенеуніктерге қарапайымдылық, адами қарым-қатынастардың жетіспейтінін қадап айтты.
"Біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей.
Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе.
Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс",- деді Президент.