«КЛАН ДЕГЕН НЕ СӨЗ?»
«Рейтинг» біреудің сойылын соғып, ұпайын түгендейтін емес, қашанда әрбір мәселені таразылап, тарқатып жазатын газет қой. Ойымда көптен бері айта алмай жүрген пікірім бар еді. Соны газетке жарияласаңыздар. Бұл айтқандарымды біреу жөн дер, біреу бас сөз дер. Бірақ күнді қолмен көлегейлей алмайсың, жұрттың бәріне белгілі жайтты неге айтпасқа, неге жазбасқа?» деді редакцияға қоңырау шалған,өзін Шымкент қаласының тұрғыны Жандос Дәулет деп таныстырған азамат. Оқырманның пікірін қаз-қалпында бергенді жөн санадық.
«Көзі ашық, көкірегі ояу адам қоғамдағы болып жатқан өзгерістерден шет қалғысы келмейді. Қазір саясатты ең ақыры базардағы саудагерлер де, ауылдағы мал баққан ағайындар да шемішкеше шағатын болды ғой. Бәлкім, «Алдымен экономика...» деген заманның бірте-бірте артта қалып бара жатқаны ма екен?! Кім білсін.
Бұрын жел сөздерді көшеден естуші едік. Қазір ше... «Астанадағы үлкен-үлкен сарайларда, биліктің баспалдағында жүрген ықпалды азаматтар клан құрып, өзара қырқысуды бастаған дей ме»... Әйтеуір, ғаламторды қағып-сілкіп, әрбір ақпаратты қалт жібермейтін адамға қазір қызық көп. «Оңтүстік», «Батыс» деген атауды иеленген кландардың ұшар басында есімі елге танымал, күнде теледидардан көріп жүрген азаматтар тұр дейді. Сенгім келмейді. Елдің сенімін арқалаған, мемлекеттің тағдырын шешіп отырған азаматқа жарасатын тірлік пе, бұл.
Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар?! Биліктің басында жүрген азаматтардың өзара топтасып, жікке бөлінуі ешқашан жақсылыққа әкелген емес. Мұны ақыры неге апарады? «Сарай төңкерісіне» ме? Қаншама мемлекет осындай бөлінушіліктен құрдымға кетті. Тарихтан тәлім алмағанымыз ба? Қазақтың онсыз да жүзге, руға бөлінгені аз ба еді? Шындығында елді руға, тайпаға бөліп алу да осындай билікқұмар топтардың әрекеті емес пе? Саясатты жасайтын жоғарыда отырған азаматтар. Ал, қарапайым халыққа бөлінушіліктің қажеті қанша?
Әсіресе, «Оңтүстіктің кланы» деген сөздің кейінгі кездері жиі қайталанып кеткені рас. Желтоқсан оқиғасы кезінде де үш әріптен тұратын органның Оңтүстіктің жастарына көбірек шүйліккені есімізде. Сол жылдары «Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған адамдарды Оңтүстік облыстардан іздеу керек» деген арнайы нұсауқы болғанын жазықсыз жапа шеккен, қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың кітабынан оқығаным бар еді. Кландардың өзара қырқысы, «шетке шығып қалған» азаматтарды «жазалау» шаралары осы бір қателікті қайта алып келмесін деңіз.
«Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін, руға бөлінген у ішсін» деген екен Төле бабамыз. Ал, дәл қазір «Кланға бөлінгеннің жүзі күйсін» деп айтатын кім бар?
Оinet.kz мұрағатынан