Шардара су қоймасындағы тағы да шарасыздық
Әдетте Сырдария өзені қыс пен көктем мезгілінде асау мінез танытып, жұртты әбігерге түсіруші еді. Алайда, биыл дария жағалауындағы елді мекендердің халқы «көктемгі су тасқынынан қауіп тумай, аман-есен шықтық» деп шүкіршілік етіп отырғанда шілдеде ойламаған жерден табиғи апатқа ұшырады.
Сарапшылардың дерегіне сенсек, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша Сырдың бойында 400 мыңға жуық халық тұратын 50-ден астам елді мекен қоныстанған. Сондықтан, дариядағы судың деңгейін үнемі бақылап отыру стратегиялық тұрғыда маңызды мәселеге айналған. Бұл мақсатта Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына тасталатын су көлеміне қатысты арнайы есептеулер жүргізіліп, кесте түзілді. Алайда, Қырғызстанның суға қатысты ұстанған саясаты салдарынан мамыр айынан бастап осы кестені орындауда айтарлықтай ауытқушылықтар орын алуда. Қытымыр қыста электр энергиясын көбірек өндіруді көздеген айырқалпақты ағайындар Тоқтағұл су стансасын толық қуатында пайдаланып, Сырдарияға суды көбірек жіберуге тырысатыны көпшілікке белгілі. Алайда жазғы уақытта Тоқтағұлдан жіберілетін судың әдепкіден үш есе артып шыға келуі бұрын-соңды болмаған жайт. Мамыр айының ортасынан бастап секундына 300 текше метрдің орнына Сырдарияға жіберілетін су мөлшері бірден 1400 текше метрге жеткен. Кейін бұл көрсеткіш тіпті 1500-ға дейін өсті. Бұған Арыс өзенінен келіп қосылатын 37 текше метр суды қосыңыз. Маусым айынан бері Шардарадан Сырдарияға секундына 1500-1600 текше метр су жіберіліп жатыр. Соның салдарынан Шардара, Отырар аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларына қарасты бірқатар елді мекендерді су басты. Кейбір ауылдар судың қоршауында қалып, айдаладағы аралды елестете бастады. Абырой болғанда су тасқынынан адам шығыны болған жоқ. Алайда мемлекетке келтірілген шығын шаш етектен. Тасқын судың салдарын анықтау мақсатында құрылған комиссияның есебіне жүгінсек, апаттан келген шығын көлемі 800 миллион теңгеге жетті.
Су деңгейінің күрт көтерілуі кейбір ауылдарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп жатты. Мәселен, Шардара ауданына қарасты Сүткент елді мекенінің тұсындағы бөгетті нығайту жұмыстары бастапқыда өз дәрежесінде жүргізілмеді. Ол аздай, құрылысшылардың бүгінге дейін атқарған жұмыстары заяға ұшырай жаздады. Себебі дамбаның ернеулері мен төменгі жағын су шайып, тіпті дамбаны бұзып кету қаупі орын алды. Бүгінгі таңда қажетті 2800 текше метр қойтастардың 2500-ы нысанға жеткізілген. Шардара қаласының Өтеғұл шағынауданындағы жағдай да күрделі. Өзен жағасын су шайып, ені 20, ұзындығы 200 метрдей жер опырылып суға кеткен. Жардың ернеуіне жақын орналасқан үйлерге дейін 8-10 метр қалған. Өзеннен өтетін көпір мен тұрғын үйлерге төнген қауіпті жою үшін жағаны шұғыл түрде темірбетонмен бекіту қажет.
Облыстық маңызы бар Шәуілдір-Көксарай, Маяқұм-Ешкіқора, Түркістан-Балтакөл автомобиль жолдарының жарамсыз күйге түсті. Жолды қалпына келтіру жұмыстарымен қатар жаңа бөгеттер салу және жолүсті деңгейін 1-2 метрге жоғарылату жұмыстарын жүргізу де күн тәртібінде тұр. Түркістан қаласына қарасты Жүйнек ауыл округінде Сырдария өзені суының күрт көтерілуі салдарынан 7 үй құлап, 3 үй күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етті. Дегенмен, үйдің іргесін шайып, талай тұрғындарды баспанасыз қалдырған судан келетін қауіп алдағы уақытта күшеймесе, азаятын түрі жоқ. Бұлайша жорамал жасауға көршілес қырғыз елі жақтан келіп жатқан жайсыз хабарлар негіз болып отыр. Тарқатып айтайық.
Жобалық сыйымдылығы 16,5 миллиард текше метрді құрайтын Тоқтағұл су қоймасында жинақталған ылғалдың көлемі қазір 16,410 миллиард текше метрге жетіп отыр. Бұл соңғы бес жылдықтағы ең жоғары көрсеткіш. Мәселен, былтыр осы уақытта Тоқтағұлдағы су көлемі 9 миллиард текше метрден аспайтын. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты айырқалпақты ағайындар су қоймасынан тасталып жатқан су өтімін күрт көтеріп жіберуге дайын тұр. Мамандардың есебінше, алдағы апталарда Тоқтағұлдан келетін су мөлшері үш есе артпақ. Яғни, көршілеріміз апатты түрде су тастау шарасына баруға бекінсе Тоқтағұлдан шығатын су өтімі секундына 2000-2500 текше метрді құрауы мүмкін. Бұл жағдайда Шардара су қоймасының қысқа мерзім ішінде толып, тасып кетуі ықтимал екені айтпаса да түсінікті. Бұған жол бермеудің жалғыз амалы - Сырдарияның төменгі ағысына жіберіліп жатқан су мөлшерін едәуір көбейтіп, секундына 1700-1900 текше метрге жеткізу. Бұрын-соңды Сырдарияға мұндай мөлшерде су жіберілмеген. Бұл неге әкеп соғуы мүмкін, осыған тоқталып өтелік.
Қалыптасқан ахуалға байланысты мамандар жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Шардара су қоймасынан секундына 1500 текше метр және одан да көп мөлшерде су тасталғанда орын алуы мүмкін жағдайды жан-жақты саралады. Сенімді дерек көздерінен білгеніміз, дүлей апат егістіктер мен облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын айтпағанның өзінде Сырдария өзенінің сағасында қоныс тепкен 33 500 тұрғыны бар 30-ға жуық елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Атап айтқанда, Арыс қаласында 8 мыңнан астам тұрғыны бар 4 ауыл округі, Отырар ауданында 17860 тұрғыны бар 4 ауыл округі, Түркістан қаласы бойынша 3 мың адам тұрғыны бар 5 елді мекен және Шардара ауданы бойынша 4619 адам тұрғыны бар 2 елді мекен қауіпті аймаққа кіреді. Сонымен қатар 54 шақырым жол және бірнеше көпір жарамсыз күйге ұшырауы бек мүмкін.
Апат болған жағдайда тұрғындар мен шаруашылық нысандарды шұғыл түрде көшіру қажеттігі анық. Бүгінгі таңда аудандарда қауіпті елді мекендерде бірінші кезекте қарттар мен балаларды қауіпсіз аймаққа көшіру жоспары түзілуде. Эвакуациялау шараларын өз деңгейінде өткізу үшін құтқарушылар жанар-жағар май, дәрі-дәрмек және азық-түлікпен толық қамтылуы тиіс. Сырдария өзенінің қауіпті учаскелеріндегі жағалауды бекітіп, арнасын кеңейту жұмыстарын жүргізу тиіс. Осы ауқымды шараларды атқаруға кемі 5 миллиард теңге қаражат қажет. Қажетті қаражатты бөлуге тек республикалық бюджеттің шамасы келеді. Тиісті ақша дер кезінде бөлінбей қалса дүлей апаттың Оңтүстікке қандай зардап әкелерін айтудың өзі қорқынышты. Бұған жауапты басшылар дер кезінде бас қатырмастан күні ертең «қолымды мезгілінен кеш сермедім» болып жүрмесін әйтеуір.
Оinet.kz мұрағатынан