Нұртай Әбіқаев. Кім?

Oinet.kz 29-06-2012 1849

news1451280393.jpg

(Ескерту: Мақала 2012 жылы маусым айында жарияланды)

«Джедайдың оралуы»

Қазақстанда «сұр кардинал» атағына  таласып жүрген бірнеше саясаткер бар. Бұған дейін осы атақты арқалағандардың қатарына Болат Өтемұратов пен Аслан Мусинді жатқызғанбыз. Бірақ, шын мәнінде сарапшылар  нағыз «сұр кардинал» ретінде  Нұртай  Әбіқаевты танитыны бекер емес. Рас, Өтемұратов өте ықпалды, өте қалталы саясаткер, Елбасының сеніміне ие болған  элита өкілі. Дегенмен, сұр кардиналға тән сұстылық Болат Жәмитұлында атымен жоқ.  Сұстылықты іздесеңіз Әбіқаевқа назар аударыңыз. Өзге шенеуніктер «нұрланып» жүргенде Әбіқаевтың сұрланып жүретіні бар. Байқамай шектен шығып кеткен немесе шалыс қадам басқан лауазымды шенеуніктердің Әбіқаевтың сол сұсты назарынан-ақ зәре-құты қашады. «Мұз» секілді Мусиннің де жымиып, өзгелерге мейірімін төге жүретін кезі аз. Соңғы бірнеше жылда оның әбден күшейіп алғаны да рас. Дегенмен, Мусиннің ұлттық элитаға қосылғанына 10 жыл да толған жоқ. Ал  Әбіқаевтың «кардиналдығы» тәуелсіздіктің таң атқан  жылдардан жалғасып келеді.

 Мойындаймыз, Әбіқаев Өтемұратов секілді «Форбстың» миллиардерлер тізіміне кірмеген. Бірақ, мәселе миллиардта емес. Нұртай Әбіқайұлының бұдан басқа көзірлері жетіп артылады. «100 сомың болмасын, 100 досың болсын» демей ме? Әбіқаевтың ең үлкен досы - Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сеніп тапсырған ең   маңызды мәселелерді,  аса жауапты миссияларды атқаруға қашан да дайын. 20 жылдан бері Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға үлес қосып келе жатқан Нұртай Әбіқаевқа нені, қалай істеу керектігін үйретудің қажеті жоқ. Тірлікті ешкімге алаңдамай, жалтақтамай тындырады. Қарсыласымен ымырасыз күреседі. 90-шы жылдардың басында ел басшылығында жүрген азаматтардың көбісі қазір не зейнеткерлікте, не саяси аренадан біржола кетіп тынса, Әбіқаев әлі де ат үстінде.  

Саяси элитада жүрген әр адамның лақап аты бары белгілі. Ол бекер қойыла салмайды, иесінің қандай-да мінезін, ерекшелігін білдіретін белгі ретінде де қабылдасаңыз жөн. Сол тұрғыдан алғанда, Әбіқаевқа «сұр кардинал», «Джедай», «сенiмдi Нұртай», «ескi гвардияшы» секілді эпитеттер таңылады. Бұдан шығатын қорытынды, ол Елбасыны ешуақытта, ешқандай себеппен   сатпайтын, оны соңына дейін оны қорғауға дайын нөкер. Елбасының жауы - Әбіқаевтың жауы, Елбасының досы - Әбіқаевтың досы. Келісесіз бе, басқа саяси кландарда мұндай «көзір» жоқ.  

Әлгінде сұстылығын бекер айтқанымыз жоқ, Әбіқаев - жабық тұлға. Тіпті үш жыл бойына Сенат төрағалығын атқарса да жұрт  Әбіқаевтың көсіліп сөйлеген сәтін көрмепті.  Саяси карьерасы тұрғысынан алғанда Әбіқаевтың өрлеу және аздап құлдыраған кездері болған сияқты. «Сияқты» деп жұмсартып айтып отырғанымыз - Әбіқаевтың басты қызметі оның «Әбіқаев» болуында, әрине. Мейлі, қай қызметті атқарса да елдегі саясатқа  елеулі ықпалын тигізіп отыратыны мәлім. Нағыз «сұр кардинал» осы емес пе?

Нұртай Әбіқайұлының ұлттық саяси элитада ерекше орын алатынын мынадан-ақ білесіз: өзінің карьерасында мақала кейіпкері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Президент аппаратын екі реттен басқарып үлгеріпті. Мұндай жетістікпен елімізде басқа ешкім мақтана алмайды. Турасын айтайық, саяси карьерасының барысында Әбіқаевтың көрмегені жоқ. Оның қандай шиеленістердің ортасында жүріп, нендей түйткілдерді шешуіне тура келгенін өзінен басқа ешкім білмейді. Бір анығы, мұндай биікте  жүру аса қиын тірлік. Айналада көре алмаушылар жетіп артылады. Әрқайсысы сүріндіруге, тұзағына түсіруге асығады. Әбіқаев мұндайдың талайын көрген. Базбір ақпарат құралдары кезінде «Әбіқаев - ел президенттігіне негізгі үміткер» деп те гуілдеткен. Мұндай ақпараттық шабуылдың артында астыртын қимылдаған топтар Назарбаев пен Әбіқаевтың арасын бұзуды көксегенімен, бұдан түк шықпады. 

Президент аппаратына  алғаш рет  1990-1995 жылдар аралығында жетекшілік еткен Әбіқаев қиын-қыстау кезеңде президенттік биліктің қалыптасу шаруасымен шапқылап жүрді. Соның тұсында Президент әкімшілігі елдегі ең ықпалды да беделді саяси органдардың біріне айналды. Бұдан соң кенет елшілік қызметке ауысып, тағы бір жылдан соң Президенттің бірінші көмекшісі болып тағайындалды. 

1998 жылы Әбіқаев ҰҚК-ның төрағалығына келді. Бұл кезең Әбіқаев пен Рахат Әлиевтің арасындағы талас-тартыстың күшеюімен ерекшеленді. Әлиевтің айтқанымен жүретін Әлнұр Мұсаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі орнын Әбіқаевқа босатып, арада біраз уақыт өткен соң қызметіне қайта оралуы осының айғағы. Қазақстандық әскери ұшақтардың Солтүстік Кореяға сатылуы төңірегінде туындаған даулы мәселе Нұртай Әбіқайұлын ҰҚК-дан кетуіне итермеледі. Саясаттанушылар осы құйтырқылықтың  артында Рахат Әлиевтің тұрғанын болжаған. Қалай болғанда да Елбасы Әбіқаевты  вице-министрлік қызметке тағайындап, басына төнген қауіптен аман алып қалды.  Арада екі жыл өткен соң  Президент аппаратының жетекшілігіне келген Әбіқаев әлі де ықпалды да беделді саясаткер екенін дәлелдеді. 

Әбіқаевтың ең қатты сүрінгені  - Сенат болды. Әлгінде айтқанымыздай, бұл кісінің бітім-болмысы қоғамдық қызметтерді атқаруға аса келіңкіремейді. Оның үстіне, дәл сол уақытта белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтіріліп, Сенаттағы аппарат жетекшісі Серік Өтембаевтың тапсырыс беруші ретінде танылғаны  Әбіқаевтың беделіне бірден-бір нұқсан келтірген жайт болды. Сенат төрағасы амалсыздан ашық хат жариялап, онда Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысы жоқтығын, тапсырыс берушінің   Өтембаев екеніне таңданысын білдірді. Ақыры сенат төрағалығынан кетуге мәжбүр болған Әбіқаев Ресейдегі елшілікке ауысып тынды. Ал 2010 жылы оның ҰҚК-ге екінші қайтара тағайындалуына жұрт «Джедайдың оралуы» деп баға берді. Саясаттанушылар болса ұлттық қауіпсіздік саласына Әбіқаевтың келуін саяси өмірдегі үлкен өзгерістердің алды деп қабылдады. Білетіндер кезінде ең ықпалды саясаткерлердің бірі саналған Сарыбай Қалмұрзаевтың  соңғы жылдары саяси аренадан біржолата көрінбей кетуіне   Әбіқаевтың «көмегі» көп болған деседі.

Көпке дейін ұлттық саяси элитада «ескі гвардия» аталып кеткен үштік – Владимир Ни, Нұртай Әбіқаев, Ахметжан Есімов тобы билік жүргізіп келген. Алдыңғы жылы Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі, талай жылдан бері Президенттің іс басқарушысы болып келген ұлты кәріс Владимир Ни 78 жасында дүниеден өткен соң ескі гвардияның әлсіреп, есесіне өзге саяси кландардың белсенділігі арта түскені байқалды. «Ескі гвардияшылар» кейінгі жылдарда пайда болған саяси кландармен біріге қойған жоқ. Жалпы, Әбіқаев өзге шенеуніктер сияқты емес, бюджетті тонауға, мемлекеттік қаржысын талан-тараж жасауға қатысты аты шықпағанын ескеру керек.

Саясаттанушылар Әбіқаевпен абырой-бедел жағынан таласа алатын биліктегі бірден бір адам  Мусин екеніне күмән келтірмейді. Бүгінде ғаламторларда «Соңғы айларда шекарада орын алған жайттар, әсіресе «Арқанкергендегі» қырғын   Әбіқаевты орнынан кетірудің амалы» деген пікірлер айтыла бастады. Ол ол ма, Жаңаөзен оқиғалары да ҰҚК басшысының позициясын әлсіретуді көзделген әрекет деген де жорамал бар. Біздіңше  мұндай жантүршігерлік қылмыстарды қолдан ұйымдастырды деп жорамалдау, оның артында Мусин тұрғанын айыптау ақылға қонымсыз  болжамдардың бірі. Қалай дегенмен де Әбіқаев - оңай шағылатын жаңғақ еместігін ұмытпағайсыз. Ол күте біледі, сәтін салғанда қарсыласын жойқын соққысымен түп-тамырымен жояды. Кім біледі?..

 Әбіқаевтың шенеуніктер арасындағы шексіз беделінің тағы бір дәлелі ... гольф. Иә, иә, гольф. Гольф – ақсүйектердің ойыны, былайша айтқанда биліктің символы десек қателеспейміз. Ұлттық гольф федерациясын көп  жылдан бері басқарып келе жатқан Нұртай Әбіқаев талай жарыстың  жеңмпазы атанып үлгерді.

Әбіқаев пен оның жұбайы Римма Филиповна екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Сергей есімді үлкен ұлы қазір Грециядағы елшілікте қызмет етеді. Қызы шетелде тұрады. Білетіндердің айтуынша, өзге шенеуніктердің перзенттеріне қарағанда Әбіқаевтың бала-шағасы тәрбиелі, сыпайы келеді. Мынадай алмағайып  заманда  бұл өзгелер өнеге тұтатын-ақ тірлік.

Screenshot_2.jpg

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2012 ж

Кәрім Мәсімов. Кім?
Бауыржан Байбек. Кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу