Шөкеев тағы да төтенше жағдай жариялады
Oinet.kz хабарлайды -Түркістан облысында қатты жауған жаңбырдың салдарынан бірнеше ауданда тұрғын үйлерді су басты. Қазір осы жағдайға байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылды.
-Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздерінің үшін қауіпті. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр,- деді апат аймағына барып, Төлеби ауданы тұрғындарымен кездескен облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев.
Облыстық әкімдіктің таратқан мәліметі бойынша аталған ауданда 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйлердің ауласына су кірген. Тұрғындар қауіпсіз аумаққа көшірілген. 27 үйдің құлау қаупі бар.
Бүгін түнде Төлебиге Қазығұрт, Сайрам және Ордабасы аудандарынан көмек жетті. Олар халықты эвакуациялап, қажетті заттар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.
Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жалпы 522 үй ауласы, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды. 1077 м3 су шығарылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірлік коммуникация қызметінің алаңында мәлімдеді.
Түркістан облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметіне сәйкес, Төлеби ауданындағы Қасқасу өзенінде су деңгейінің көтерілуінен 4 үй, 376 аула аумағын су басты. Жергілікті маңызы бар төрт көпірді су шайып кетті. 8 бас ірі қара және ұсақ мал шығыны болды. Аудан орталығы Ленгір қаласындағы 20 аула су астында қалды.
№5 кәсіби техникалық колледж базасында зардап шеккен Сұлтан Рабат ауылының 150 тұрғынына эвакуациялық пункт ұйымдастырылды. Ол жерге 70 адам жайғастырылды. Оның 32-сі балалар. Тағы 80 адам жақын маңдағы туыстарының үйіне орналасты. Қосымша Көксәйек елдімекенінде орналасқан №9 көпсалалы колледжінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт дайындалды.
Қазығұрт ауданында 6 үй ауласы мен Қаржан ауылындағы "Семби" емханасының аумағын су басты. С. Рахымов ауылдық округінің тұрындарын эвакуациялауға Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылды. Көкібел ауылынан 133 адам эвакуацияланды. Оның 45-і балалар. Барлық эвакуацияланған тұрғындар туыстарының үйлеріне жайғастырылды. Қазіргі таңда су басқан аймақтардағы арықтарды тазалау жұмыстарды жүргізілуде.
Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты каналынан тасыған су салдарынан 3 елдімекендегі 13 үй ауласын су басты. Су деңгейі 20 см-ге дейін көтерілген. Төтенше жадай қызметкерлерінің көмегімен Тұрақты ауылынан 55 адам Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебіндегі эвакуациялық пунктте орналастырылды. Оның ішінде 18-і жас балалар.