Мырзахметовтың мақтаулы пилоттық жобасы Сапарбаев келген соң іске аспай жатыр
Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысының әкім болып келгеніне енді екі ай толды. Өңірде әкім ауысқан соң, жағдайдың да күрт басқа бағытқа бұрылып, бәрінің жаңа әкімнің ыңғайына қарай құбылатыны белгілі. Әулие атада да осы тәжірибеге сәйкес бұрынғы әкім Асқар Мырзахметовтың қолға алған жобалары іске аспай жатыр. Мұдай мәліметті басқа емес, Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтының өзі таратып отыр.
Осы аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ өңірде цифрлық технологияларды дамытуға қатысты мәселелер сараланған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша пилоттық жоба облыстың он ауданындағы 11 ауылдық округті қамтуда. Жобаға қатысуға 2459 тұрғын ниет білдірген. Бүгінгі күнге барлығы 2933 өтінім түссе, жалпы сомасы 8 миллиард 299 миллион теңгені құрайтын 2437 өтінім мақұлданып, қаржыландырылған.
Жоба аясында бюджеттен бөлінген қаржы ауыл маңындағы және үй іргесіндегі жер учаскелерін тиімді пайдалануға, мал шаруашылығын дамытуға, құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін техника мен жабдықтар сатып алуға бағытталған. Бұл орайда ақша шаруаларға жетті, алайда барлық ауданда жұмыс белсенді жүргізілуде дей алмаймыз. Ал, Қордай мен Мойынқұм аудандарында ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалану жұмыстары нақты іс жүзінде әлі басталмаған. Келісім-шарт талаптары бойынша шотқа ақша түскеннен кейін 10-15 күн ішінде қатысушылар мал сатып алуға тиісті болғанымен, Байзақ, Сарысу, Қордай және Шу аудандарында ол жұмыстар өз мерзімінде орындалмай отыр.
-Тұрғындар табыстарын арттыруға, ол үшін аянбай жұмыс жасауға ниет білдірді. Мемлекет оларға қолдау көрсетіп, қаржы бөлді. Ал, енді не кедергі болып отыр? Жобаның бастапқы кезеңінде неге мұндай келеңсіздіктер орын алуда?-деген аймақ басшысының сауалдарына Байзақ, Сарысу, Қордай және Мойынқұм аудандарының әкімдері жауап беріпті. Олар ұйымдастыруды күшейтіп, жұмыс істейтіндіктерін айтып сендірді. Дегенмен әкімдердің рұқсат етілген мерзімдер аяқталған.
-Бұл жобаға республика деңгейінде айрықша назар аударылып отырғандығын білесіздер. Бізге көрсетілген қолдау мен сенімді ақтау қажет. Барлық бес бағыт бойынша жұмысты жандандыру қажет. Әсіресе, егін шаруашылығына ден қойып, егін егу үшін қолайлы мерзімді өткізіп алмау керек. Мал басын көбейту, оның өнімділігін арттыру да маңызды міндет болып табылады, - деді жиында Б. Сапарбаев.
Естеріңізде болса, ауылдағы халықтың тұрмысын жақсартуды мақсат тұтатын пилоттық жобаны былтыр жыл соңында премьер-министр Асқар Маминнің өзі қолдап, оның жүзеге асуына сәттілік тілеген еді. Асқар Мырзахметовтың өзі де фейсбуктегі парақшасында тұрғындарының тұрмыстық жағдайын көтеруге арналған пилоттық жоба аясында 200-ге жуық жаңа техника алынып, 11 округтың кооперативтеріне берілгенін, бұл жобаны президент те, премьер де қолдап, тиісті ақшаларын бөліп бергенін мәлім етті.
-Жылдың қорытындысы айтылды. Облысымыз алдыңғы қатардан көріне білді. Бұл, ең алдымен, әр саладағы жерлестерімізбен бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Мемлекет басшысы нақты міндеттерді жүктеді. Ең бастысы - халықтың тұрмысын жақсарту, жұмыс орындарын ашу! Осы орайда бізде басталған пилоттық жобаның маңыздылығы мен жауапкершілігі өте үлкен. Өткен жылдық үрдіс жалғасын тауып, алдағы міндеттерді ойдағыдай орындауға жұмылатындығымызға сенімім мол. Табысты болайық,-деп жазған еді әкім қаңтар айында үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін. Алайда Мырзахметовтың мақтаған жобасына жамбылдық шенеуніктер бүгінде қырын қарап жүрген сияқты. Қанша дегенмен көзден кеткен соң, пилоттық жобаның тиімділігі де көңілден кете бастаған сияқты.
Ал, Асқар Мырзахметовтың өзі осы екі айдың ішінде ешқандай қызметке тағайындалған жоқ. Алғашқыда «Мырзахметов әні-міне жаңа лауазымға тағайындалады екен» деген әңгімелер шыққан. Алайда Жамбылға барған президент Тоқаев облыстың бұрынғы басшыларының біраз қателіктерін айтқан соң мұндай «әні-міне» әңгімелер де сап тыйылды.
Мырзахметовтың пилоттық жобасы түгілі қызметтік тағдыры да белгісіз күйде қалып отыр.