Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Тендер үшін шенеуніктер сотталып жатыр. Ұзақ жыл түрмеде отырғандар, аса ірі көлемде айыппұл төлеу жазасына кесілгендер аз емес. Қызметінен айырылғандар, лауазымынан төмендетілгендер, тендер үшін абыройынан айырылып жатқандар өз алдына. Бірақ бәрібір шенеуніктер қанша таяқ жесе де, тендерге келгенде қайта-қайта сүріне береді. Неге?
Неге десеңіз, тендердің арғы жағы миллион-миллион ақша. Осы миллиондар үшін кейбір шенеуніктердің әдепті, ар-намысты аттап кететіні өкінішті. Жуырда Жамбылда жұптасып қаржы жымқырған ерлі-зайыпты әкім-кәсіпкердің заңсыз әрекеті әшкере болды.
Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев заңды некедегі әйелі Марал Есқожаның «Жарық құрылыс компания» ЖШС-іне бір көзден 11 мәрте, жалпы сомасы 23 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік тапсырысты жеңіп алып берген. Өзінің жұбайына 11 мәрте тендер әпергеніне қарағанда әкім тыс шектен шыққан сияқты.
Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Дәурен Сәбиевтің айтуынша, әкімнің іс-әрекеті «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 50 бабы 1-бөлігі 2,4 және 5 тармақтары бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіру деп бағаланған. Осыған орай оның үстінен Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тәртіптік іс қозғап, мәселесі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Кеңес отырысының шешімімен жұбайымен жұптасып қазына қаржысына қол салған құландық әкім М.Иманбаевты атқарып отырған лауазымынан босату туралы аудан әкіміне ұсыным жолданды.
Кеңестің ұсынысының орындалатынына күмән жоқ сияқты. өйткені Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов әйелінің атынан табыс тапқан әкімнің әрекеті бойынша тиісті орындарға құжаттарын өткізгенін, осы ұсыныс негізінде Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев қызметінен босатылатынын мәлімдеп отыр.
Тендерді басқа емес, өзінің әйелінің ұтып беріп отырған әкімнің қызметтік тағдыры осылай шешілді. Бұдан өзге шенеуніктер сабақ алар қояр ма екен? Әй қайдам.