Тимур Турловты Ресей прокуратурасы сотқа берді

Oinet.kz 02-10-2026

Screenshot_1.png

Ресейдің Бас прокуратурасы қазақстандық кәсіпкер, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турловқа және онымен байланысты бірқатар компанияларға қатысты сотқа талап-арыз берді. Ресейлік «Коммерсантъ» басылымының жазуынша, талаптың ықтимал мақсаты – Турлов пен басқа жауапкерлерді экстремистік қызметке қатысы бар деп тану және олардың Ресейдегі активтерін мемлекет пайдасына тәркілеу. Бұл туралы Exclusive.kz хабарлады.

Әзірге сот құжаттарында талаптың нақты мазмұны жарияланбаған. Алайда «Коммерсантъ» дереккөздері істің Турлов пен оған байланысты құрылымдардың Украинаға көрсеткен қаржылық көмегіне қатысты болуы мүмкін екенін айтқан.

Басылым мәліметінше, Турлов жеке қаражатынан Қазақстандағы Украина елшілігіне гуманитарлық көмек сатып алуға 1 млрд теңге аударған. Сонымен бірге ол Украинадағы гуманитарлық дағдарыс жағдайында көмек көрсеткен қазақстандық қайырымдылық қорларына 371,5 млн теңге бағыттаған. Ал Freedom Holding-тің еуропалық бөлімшесі UNITED24 платформасы арқылы жедел жәрдем көліктерін сатып алуға 2 млн еуро бөлген.

Ресейлік басылым осыған ұқсас қайырымдылық аударымдарына байланысты Ресейде бұған дейін де азаматтарды экстремист деп таныған сот істері болғанын жазады. Кейбір істерде гуманитарлық мақсатқа арналған қаражат Украина қарулы күштеріне қажетті заттарды сатып алуға жұмсалды деген тұжырым жасалған. Бұл ретте Турловқа қатысты істің нақты құқықтық негізі сот құжаттарында әзірге ашылған жоқ.

Талап-арыз Мәскеудің Тверь аудандық сотына 24 қыркүйекте түскен. Жауапкерлер қатарында Тимур Турловпен бірге Аркадий Щукин және W-Empirical Holding Corp., Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd. компаниялары көрсетілген. Іс бойынша тараптардың алдын ала әңгімелесуі 15 қазанға белгіленген.

Freedom Holding компаниясы Ресейде қазір бизнесі де, активтері де жоқ екенін мәлімдеді. Компания өкілдері талаптың мән-жайын зерттеп жатқанын және холдинг қызметіне елеулі қауіп төніп тұрғанын көрмейтінін айтты.

Тимур Турлов 2022 жылы Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алған. 2023 жылы Ресейдегі бизнесін толық сатқаны хабарланған. Ал 26 қыркүйекте ол Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланды.

 

 


Әшімбаев Ақордаға орала ма?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу