Кім күшті? "КНБ" ма, әлде ПОЛИЦИЯ ма?
Қазақстан құқық қорғау органдарының саны көп болғанымен сапасы төмен. Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы болғанымен, одан қоғамға тиіп жатқан пайда да шамалы. Мәселен, есірткіге қарсы күресу Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ішкі істер органдарының, бұлардан бөлек кеден органдарының міндетіне жатады. Бірақ одан есірткі тасымалына тегеурінді тосқауыл қойылды деп айта аласыз ба?! Сол сияқты кейінгі кезде қарқын алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те осындай жалпыға ортақ іске айналып кеткен. Онымен қаржы полициясы түбегейлі айналысады. Алайда осы жұмыстар ҰҚК де, ішкі істер органдарына да жүктелген. Бәрі күресе береді. Құдды бір құқық қорғау органдарын біріне-бірін аңдытып қойғандай.
Құзырлы органдардың ортақ іске келгенде жұдырықтай жұмылудың орнына өзара қырғи қабақ болып қала беруі де бәлкім, осыдан шығар. Қырғи қабақ болу түк емес, пагон таққан “палуандар” қанқұйлы төбелесуге дейін барады екен. Оған Мақтаарал ауданының орталығы Жетісайда болған оқиға куә.
Мәселенің мәнісі былай, биылғы 5 ақпан күні кешкі уақытта Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасының жол полицейі, полиция капитаны Қожаберген Ақшораев көшедегі көліктерді “аңдуға” кіріскен. Капитан бір кезде тәртіп бұзған жүргізушіні тоқтатып, одан пара талап еткен. Жол полицейі жүрек жұтқан екен. Өйткені “алыс-беріс” болған орын аудандық ішкі істер басқармасына таяқ тастам ғана жер. Тап осы сәтте…
Көлік аңдыған капитанның әрбір қимылы ҰҚК қызметкерлерінің назарында болыпты. Олар оқиғаны таспаға түсіріп, пара алушының қолына дереу кісен салады. ҰҚК үшін мұндай операциялар үйренішікті жағдай ғой. Дегенмен қызық,…сонда қалай, “КНБ-шниктер” пәлен жерде, пәлен күні жүргізушінің тәртіп бұзып, одан көше сақшысының пара талап ететінін алдын ала қайдан біліп қойған? Бейнекамераның да табыла қойғаны таңқаларлық.
Хош сонымен, ҰҚК қызметкерлері тапа-тал түсте нақты айғақтармен ұсталған күдіктінің қолын қайрып, көлікке отырғызуға бет алады. Алайда капитан да өзінің оңайлықпен “жан бермейтіндігін” көрсетіп, қарсыласа бастапты. Сол сәтте оқиға ешкім күтпеген бағытқа бұрылып сала берген… Бұл енді жоспарда жоқ болатын.
Жақын жердегі ішкі істер басқармасында үлкен жиын өтіп, жиналыстан бір топ тәртіп сақшыларының сау етіп шыға қалған сәті еді. “Жау қолына” түсіп қалған капитан соларды көріп арқаланды ма, әйтеуір, жанұшыра көмек сұрапты. Содан бір топ полицейлер (ресми құжатта--7-8, ал көзкөргендер--20-30 деп жүр) әріптестерін арашалап алу үшін “КНБ”-ға қарсы аттанған. “Ұрысқа” алғаш болып аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мұрат Қалдыбаев атой салып кіріскен көрінеді.
Осы оқиғаны көрген адамдардың айтуынша, полиция мен ҰҚК қызметкерлері арасында “жекпе-жек” сұмдық болған ұқсайды. Оған күмәндануға да болмас, себебі “әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ”, бәрі “майданға” аттанып кеткен. Қарапайым жұртшылық та оқиға орнына кімді шақырарын білмей дал болған сияқты.
Бұл “шайқаста” қай жақтың жеңіп шыққанын әзірге айта алмаймыз. Дегенмен ресми мәліметтерге қарағанда, “финалда” парамен ұсталған капитан Қ.Ақшораев айғақтық заттар болып саналатын бейнекамераны алып, оқиға орнынан ізін суытыпты. Бірақ аз уақыттан кейін ол полицейлердің “қолбасшысы” подполковник Мұрат Қалдыбаев екеуі дене жарақатына байланысты ауруханаға түскен. Екі полицей шынында да таяқ жеді ме, әлде жауапкершіліктен жалтарудың амалын істеді ме, белгісіз.
Мақтааралдағы масқара жағдай ОҚО ІІД мен ҰҚК-нің ОҚО бойынша департаментінің басшыларына жайсыздау тиген тәрізді. Парамен ұсталған Қожаберген Ақшораев көп ұзамай ҰҚК-ның қолына табыс етіліпті. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ҰҚК-нің тергеу абақтысына қамалған. “Ұрысқа” қатысқан полицейлердің үстерінен де тез арада қылмыстық іс қозғалады. “Істі кім жүргізеді?” деген сауалға басшылар біраз бас қатырып, ақыры бұл жұмысты екі жаққа да бейтарап қаржы полициясына жүктеген.
Егер жұртшылықтың есінде болса, үш жылдай уақыт бұрын Созақ ауданында да осыған ұқсас жайт тіркелген болатын. Ол жолғы күш сынасу полиция мен прокуратураның арасында өрбіп, оның ақыры Созақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының қылмыстық жауапкершілікке тартылуымен тынған еді. Жетісайдағы оқиға немен аяқталар екен?
Біз осы мәселе жөнінде Мақтаарал ауданының прокуроры Айдархан Бабышевпен хабарласқан болатынбыз. Ол “тергеу амалдары жүргізіліп жатыр” дегеннен асып ештеңе айтқан жоқ. Дегенмен, ұзынқұлақтан жеткен мәліметтерге қарағанда, екі жақ бір бітімге келгенге ұқсайды. Шамасы, қаржы полициясы “бауырларына” төрелік емес, арағайындық жасаған-ау.
“Ет сасыса тұз себеміз, ал тұз сасыса не себеміз” деген мақал тап осындай да айтылса керек-ті. Полиция күш сынасуға келесі жолы кімді шақырар екен?! Аман жүрсек, оны да бір күні көрерміз.
Ғалымжан Елшібай,
«Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі