Бас дәрігер босатылды. Маймақовқа - жазбаша ескерту
Бұған дейін «Рейтинг» газетінде «Елбасының тапсырмасына, прокуратураның пәрменіне Маймақов елең етпей жүр» деп жазған едік. Сол мақалада «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «кінәлі адамдар қатаң жауапкершілікке тартылсын» дегенді қадап айтқанына 3 айдан асып барады. Бұған облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Ералиевтің заңсыздықтарды әшкерелеген қызметтік хатын қосыңыз» дей келіп, Елбасының тапсырмасына, прокуратураның пәрменіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуарбек Маймақов елең етпей жүргенін көрсеткен едік. Арада көп уақыт өтпей жатып осы жанайқайымыздан нәтиже байқалып, бірқатар өзгерістер орын алды.
Жақында өткен комиссия мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау саласындағы жіберілген бірқатар кемшіліктер жайы қаралды. Мұнда облыс әкімі Асқар Мырзахметов медицина қызметкерлерінің заң бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазымды қызметкерлерге қатаң шара қолдануды, қажет болған жағдайда атқарып отырған қызметтерінен босатуды тапсырған болатын.
Облыстық прокуратураның тексеру нәтижесі бойынша, Түлкібас аудандық медициналық бірлестігінің бастығы Б.Ақшаловтың 2009 жылғы 24 наурыздағы №48 бұйрығына сәйкес Түлкібас аудандық емханасының дәрігерлері Н.Калашникова, И.Халмухамедова, Ж.Ақылбаева, Г.Балтабаева, Д.Боранбаева және «Шақпақ-баба» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Б.Әлібаева қызметтерінен босатылды.
Аудандық емхананың дәрігерлері Г.Аяпова – декреттік демалыста, ал Г.Есеева және «Састөбе» дәрігерлік ауруханасының аға дәрігері Б.Тұрсынбеков арнайы оқуда болғандықтан, атқарып жүрген қызметтеріне сәйкестіктері кейін қарастырылатын болды.
Облыстық денсаулық саласын басқарып отырған Ә.Маймақовтың өзі де жазасыз қалған жоқ. Жазбаша ескерту алды. Өйткені, қарамағындағы медициналық мекемелерге, олардың басшыларына деген бақылауды тым әлсіретіп жіберген. Сол себепті де көптеген кемшіліктерге жол берілуде. Алдағы уақытта аталаған істер бойынша мемлекет қаржысының заңсыз жаратылуына жол берген кінәлілер анықталып, тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Сондай-ақ, мұндай кемшіліктер мен заң бұзушылықтар қайталанбас үшін барлық деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшыларының міндеттеріне сәйкес жауапкершіліктерін арттыру мақсатында нақты тапсырмалар берілді. Бұл тапсырмалар облыс әкімдігі тарапынан қатаң бақыланатын болады.
"Рейтинг" газеті