Жиі сыналатын Жетпісбаевтың командасы «Нұр Отанға» оппозиция ма?

Oinet.kz 20-03-2009 1414

Screenshot_6.jpg

«Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама». Атқа қонса болды үзеңгіні үзіп жіберетіндей боп шамасына қарамай шірене беретін шенеунік жарықтықтар  осынау халық даналығына құлақ асса ғой шіркін. Сонда абыройлары айрандай төгіліп, мінген аттарының үстінен масқара болып оңбай құламас еді-ау. Қайдағы? Баяғыдай басшылықтың баспалдағына біртіндеп көтерілмегендері былай тұрсын халықтың тағдыры сеніп тапсырылған әкімдік қызметпен әкесі сатып әперген ойыншық секілді ойнайтындар аз болмай тұр. Күні кеше облыстық әкімдікте Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің өзі өткізген алқалы жиында  «көтере алмас шоқпарды беліне байлаған» сондай шенеуніктің бірі Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев мырзаның ойнаймын деп жүріп ойыны осылып қалғанын көзімізбен көрдік. Ақталудың, алдап сөйлеудің амалын тағы таппай ауыр сынға іліккен Арман Шәріпбайұлы жан-жағына жас балаша жалтақтаған күй кешті. Өмірзақ Шөкеев облысқа басшылық жасаған  тұста Шымкент қаласында  басталған тәп-тәуір тірліктердің бүгінде жарасымды жалғасын таппай орта жолдан тоқтағаны, тәртіп пен тазалықтың бетімен жіберілгені белгілі. Бұл Шөкеевтің кәдімгідей ашуын туғызғандықтан Жетпісбаевты сабағы нашар оқушыдай орнынан тұрғызып қойып оған қатқыл дауыспен ұрсуының себебі түсінікті. Өйткені орта жолдан тоқтаған тірліктерге байланысты, Өмірзақ Шөкеевке қатысты әрқилы әңгімелер өрбіп жүргені жасырын емес. Оған қоса Жетпісбаевты бизнестен билікке әкелген, облыс әкімінің орынбасары дейтін атақ-даңқы дардай қызмет ұсынған да осы Өмірзақ Шөкеевтің өзі еді. Артылған сенімнің ақталмағаны өкінішті-ақ. Таяуда ғана облыстың жаңа әкімі Асқар Мырзахметовке есеп беру кезінде де Арман Жетпісбаевтың жұмысында келеңсіздіктер көп кездесетіні ашып айтылды. Демек  «Рейтинг» газетінде  Жетпісбаевтың жиі сыналатынына оның өкпелеуі де, «ер-тоқымын бауырына алып тулауы» да орынсыз деп ойлаймыз. 

Айтпақшы...Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев та, оның төрт орынбасарының үшеуі де биліктің партиясы есептелетін, төрағалықтың тізгінін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұстаған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына мүшелікке өтпеген екен. «Арман Шәріпбайұлы да, оның орынбасарлары Гаухар Көпеева, Жолдасбек Күздеубаев және өзім, бәріміз де «Нұр Отанға»мүше емеспіз»дейді  ұялы телефон арқылы тілдескенімізде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.  Дұрыс қой, кім қай партияға кірем десе де немесе ешқандай партияға мүшелікке өтпеймін десе де өзінің еркі, өзінің заңды түрдегі құқығы. Дей тұрсақ та Президенттің жергілікті жердегі тікелей өкілі бола тұра, әрі биліктің нанын жеп, ас-суын ішіп жүрсе де Жетпісбаев пен оның командасының Президент басқаратын, биліктің партиясы есептелетін «Нұр Отан» партиясына мүшелікке өтпеулері тіпті түсініксіз. Сонда бұл биліктің қызығын ғана көрумен шектеліп, сол биліктің партиясының сан алуан жауапкершілігінен бас тарту болғаны ма? Бұған дейін де «Нұр Отан» партиясының бастамасымен халықтың әл-ауқатын жақсартатын, елдің ертеңгі күнге сенімін оятатын қаншама бағдарламаларды жүзеге асыру қолға алынды. Қазіргі кезде де, бұдан кейін де «Нұр Отанның» тікелей араласуымен, атсалысуымен талай игі тірліктер жүзеге асырылатыны анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» жұмысын жандандыруға, беделін арттыруға нақты-нақты тапсырмалар беріп, оның орындалуын өзінің айрықша назарына алғаны  баршаға мәлім. Олай болса Жетпісбаев пен оның командасы «Нұр Отанның» атқарып жатқан істерін көзбояушылық деп санай ма, әлде басқа бір бақай есеп бар ма? Қайдан білейік, қаланың бұрынғы әкімі Анарбек Орман, қала әкімінің бұрынғы аппарат басшысы Керімхан Қадырбеков, қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Ғабит Нысанов, тағы басқалар сияқты «Нұр Отан» партиясына мүшесі болсақ мәселеміз май-шаммен қаралады деп қауіптенетін де шығар. Соңғы уақытта «Нұр Отанның» тәртіпке, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі күшейгеннен кейін қауіптері күшейе түспегеніне кім кепіл?   

Көптеген облыстарда, облыс орталықтарында, аудан-қалаларда бұл партияның филиалына сол өңірдің әкімі басшылық жасайды. Дәл қазіргідей қиын кезеңде «нұротандықтар» үкімет пен жергілікті билікпен дағдарыс тудырған мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс істеу керек. Жемқорлықпен күресте де бұл партияға жүктелер міндет ауқымды. Бір сөзбен айтқанда бүгінде билік дегеніміз-«Нұр Отан» партиясы, партиямыз-билік. Екеуінің де ел мүддесі жолындағы алған бағыты ортақ. Бұл партияның араласуынсыз өткен маңызды жиындар мен атқарылған іс-шараларды кездестіру мүмкін болмай барады. Облыс орталығы болғандықтан да Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев көп жиындарда облыстың басшыларымен иық тірестіріп, қатар отырады. Жергілікті билік «Нұр Отанмен» бірігіп атқарып жатқан мәселелерді сөз еткенде Жетпісбаев іштей не ойлайды екен? «Неге осы мен қыруар тірлікті тындырып жатқан «Нұр Отанға» кірмеймін» деген өкінішке беріледі ме, әлде «қай жерге дейін барар екенсің» деген сын көзбен қарайды ма? 

Құлай берілгендігі сонша, ілгеріде  коммунистер «партбилетті» өткізуді  қызметті тапсырудан да ауыр жаза көретін. Қызметтен босатса да партия қатарынан шығармауын сұранатын.  «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп әндеткенде дүниені ұмытып кете жаздайтыны есімізде. Шымкентте «атқарылған істің аз екені», Жетпісбаевтың жұмысында кемшіліктердің көптігі халыққа ортақ тірлікті «Нұр Отанмен» «бірге жалғастырмауында» болар бәлкім?! 

"Рейтинг" газеті

Мырзахметовті есіктен ендірмеудің астарында экология мәселесі ғана тұрған жоқ...
Асқар Мырзахметов: «Арғы дүниеде ру да, атақ та, қызмет те жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу