Ақпарат министрі Айсұлтан Назарбаевтың Facebook-тағы жазбасына пікір білдірді
Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Елбасының немересі Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі жазбаларына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасаған Oinet.kz.
Министр бүгін әдеттегідей "Хабар" арнасындағы "Открытый диалог" бағдарламасының қонағы болып, сұхбат барысында Айсұлтан Назарбаев жайлы сұраққа да жауап берді.
"Бұл мәселе бойынша ағайынға айтқым келеді, қазір жалпы біздің қоғамда ғана емес, әлем бойынша өтірік пен шын ақпаратты ажырату үлкен мәселе болып тұр. Кейбір топтар жалған ақпарат таратып, үлкен компаниялардың, жеке адамдардың тіпті, бүтін бір елдің абыройына нұқсан келтіріп жүргенін көріп жүрміз. Бірақ мұның артында жымысқы ой, пайда көру ниеті тұрады және мұндай мысалдар соңғы уақытта біздің елде де көбейіп келеді. Мұның соңы арандап қалуға әкелуі мүмкін.
Айсұлтанға қатысты да осыны айтқым келеді. Ағайын, бұл - бірінші кезекті оның анасының трагедиясы. Ана үшін баласынан асқан қандай қымбат нәрсе болуы мүмкін және айтқым келетін тағы бір маңызды дүние бар. Кейбіреулер осы оқиғаға Елбасын да араластырғысы келеді. Шу жасап, елді дүрліктіруге тырысады. Бірақ халықтың бағына туған жақсымызды қаңқу сөзге қалай қиямыз?
Өзіңіз ойлаңызшы, экономикасы құлдыраған, жоқ болып кеткен, өндірісі тоқтаған елді 30 жылда қазіргідей деңгейге көтеру кімнің қолынан келеді? Қазақ қашан да ел үшін туған ерлерді бағалаған, төбесіне көтерген, абыройын сақтаған. Бабаларымыз айтқандай, "Бетеге кетсе бел қалар, берекең кетсе нең қалар?" Ағайын, сондықтан берекемізді бағалайық. Жел сөзге еріп, жақсы істі жоққа шығармайық", - дейді Дәурен Абаев.
Еске сала кетейік, таяуда министр қазақстандықтарды "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға шақырған еді.