Беларусь пен Ресей арасындағы дау немен аяқталды?
Беларусь пен Ресей арасындағы мұнай-газ дауы аяқталғанға ұқсайды, деп хабарлайды «Хабар 24» порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Екі мемлекет басшысы Сочиде келіссөздер өткізді. Сөйтіп, ресейліктер көрші елге газды 2019 жылғы тарифтермен жеткізуге келісті. Десе де, қара алтын бағасына жеңілдік жасалмайтынын жеткізді. Өйткені Беларусьтің ыңғайына қарай мұнай саласындағы шарттарды күрт өзгерту мүмкін емес көрінеді. Минск бұған келісті. Алайда қара алтынды өзге жерден жеткізу жағын қарастырып жатыр. Беларусь пен Ресей арасында мұнай экспорттау шарттарына қатысты дау ұзаққа созылды. Ақыры былтырғы жылдың соңында Ресей Беларуське қара алтын жеткізуін тоқтатты.
Тек «Сафмар» тобы компанияларының бір реттік партиялары ғана жеткізіліп тұрды.
Олег Гайдукевич, Беларусь республикасы халықаралық істер жөніндегі өкілдер палатасының өкілі: – Беларусь энергия ресурстарының бірыңғай ортақ нарығының болғанын қалайды. Сонда нарықтың барлық қатысушылары үшін баға бірдей болады. Соның арқасында одақтас мемлекетпен ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да ынтымақтастығымыз нығая түспек. Нәтижесінде ортақ экономикалық жобаларымыздың арқасында біз Еуроодақ, Қытай, не өзге елдермен бәсекеге қабілетті боламыз.
Сочиде өткен келіссөздердің нәтижесі бойынша Минск Мәскеуден газды өткен жылғы тарифпен, яғни мың текше метрін 127 долларға сатып алады. Негізі Беларусь жағы бағалардың біршама төмен болуын талап еткен. Дәлірек айтсақ, мың текше метрін 70 долларға сатып алғысы келген. Бірақ өткен жылғы тарифтер сақталып қалды. Мұнайға келетін болсақ, шикізатты жеткізу қайта жанданатын болды. Алайда ол коммерциялық шартта орындалады. Яғни ешқандай жеңілдіксіз, әлемдік бағада жеткізіледі.
Дмитрий Крутой, Беларусь республикасы министрлер кеңесінің бірінші вице-премьері: – Беларусьтің жеке өзіне ғана арналған ерекше шарттар қажет емес. Біз қара алтынды әлемдік бағалармен сатып алғымыз келеді. Бұған Владимир Путин де келісіп отыр. Ол Ресейдің мұнай өндіру компанияларымен арадағы жұмысымызға барынша қолдау көрсететініне уәде берді. Мәскеумен ұзақ мерзімді келісімшарттар болмағандықтан, жыл басынан бері мұнай өңдейтін жергілікті зауыттар өздерінің өндіріс қуатын толықтай пайдаланып жатқан жоқ. Ресейден Беларуське импорттау деңгейі қаңтарда 4 есеге төмендеген. «Беларусьнефть» жағдайды бақылауда ұстауға тырысуда. Сөйтіп бұған дейін тек экспортқа шығарылып отырған отандық шикізат жергілікті зауыттарға жеткізілетін болды. Қазір Беларусь билігі қара алтынды Ресейден арзанырақ жеткізуші серіктестер іздеп жатыр. Келіссөздер Қазақстанмен де жүргізілуде.