25 миллион халқы бар Бейжің көшелері қаңырап қалды
Коронавирус Қытай астанасының күнделікті өміріне көп өзгеріс әкелді, деп хабарлайды Oinet.kz сайты 24.kz порталына сілтеме жасап.
Қауіпті індет елді жайлағаннан бері 25 миллиондық шаһар көшелері қаңырап қалған. Шетелдіктер мұндай көріністі ешқашан көрмегенін айтады. Тіпті әдетте адамға толы метролардан да жолаушыларды сирек кездестіресіз. Себебі Ухань қаласынан лезде тараған қауіпті дерттен Бейжің тұрғындары көшеге шығудан қорқып қалған.
Фенг Юминг, студент:
– Коронавирус қатты алаңдатады. Алайда үрейімізді ұшырған жоқ. Себебі атқарылып жатқан іс-қимылдар дерттің таралуын тежеп, індетке тосқауыл қояды деп сенемін. Мысалы, мына көлік тұрағына кіру үшін дене қызуын тексеріп барып бірақ өткізеді.
Ал соңғы мәліметке қарағанда Бейжіңде коронавирусты жұқтырғандардың саны 274-ке жеткен. Оншақты адам дерттен айығып шықты. Індетті жұқтыру оқиғалары көбіне шаһардың Хайдянь мен Чаоян ауданында тіркелген. Қалада ауруға қарсы тексеру шаралары күшейтілген.