Әлнұр Мұсаев: «Айсұлтанды саяси мақсатта пайдаланғысы келетіндер көп»
Айсұлтанның мәлімдемелері бүгінде жұрт аузында, сенер-сенбесін білмей дүдәмал күйде жүргендер де, түрлі жорамалдар айтып «отты үрлей» түскендер де көп. Қалай болғанда да бұл әңгіменің қазіргі таңда шығуы көп жәйтті аңғартады. Айсұлтан атаған және Рахат Әлиевті, жалпы бұл отбасын жақсы біледі деген экс - төраға Әлнұр Мұсаев жуырда Рахат пен Айсұлтанның туыстығын растайтын ДНК талдауын жария етті. Сондай-ақ ол ел аузындағы мәселеге қатысты «exclusіve.kz» порталына толыққанды сұхбат беріпті. Сұхбатында генерал-майор Айсұлтанның есірткіге «отыруын» 2007, 2015-2016 жылдардағы күйзелісімен байланыстырыпты. «Әсіресе 2007 жыл ауыр болды. Оның көз алдында өткен әкесі мен атасы-президент арасындағы жанжал және әке-шешесінің ажырасуы жас баланы тура жолдан тайдырды. Содан кейін есірткілер кетті. Бұл психикалық ауытқудың нақты себебі болды», - дейді Ә.Мұсаев. Сондай-ақ ол Рахатпен дос болғанын, бірақ «билікті басып алу» бойынша Дариғамен ешқандай әрекет болмағанын айтады. Мұсаев Айсұлтанмен жиі әңгімелескен,
Австрияға келмеуін, анасының қасында болып қолдау көрсетуі қажеттігін айтып кеңес берген. «Бірақ ол әкесінің қалай қайтыс болғанын анықтағысы, бұл жерде атасы қандай рөл атқарғанын білгісі келіп, ол туралы не білетінімді сұрауын жалғастырды. Сіз, бұл оқиға болған кезде әкеммен бірге түрмеде отырдыңыз, дейді. Бұл сұрақтар оны үнемі мазалады...», - дейді Мұсаев өз сұхбатында. Экс-төрағаның айтуынша, Дариға балаларының арасында Айсұлтанды бәрінен жақсы көрген. Ал Рахат оны 15 жасқа дейін қатаң ұстаған. Әрбір қадамын бақылап, мектепке, футболға өзі апарған. Отбасындағы жанжал басталған соң бақылау тоқтаған. Өзімен бірге Венаға алып кеткен. Міне осы кезде ата мен әкенің арасында бала үшін күрес күшейген. Әрқайсысы Айсұлтанды өз жағына тартқан. «Мен анасының жанында болуы керек деп есептеп, Айсұлтанды Венадағы әкесінің үйінен ұрлағандай болып, Астанаға жібердім... Бірақ Дариға да атасы да оны бақылай алмады неге екенін білмеймін, оған ешқандай ықпал етпеді, қажетті көңіл бөлмеді. Біраз уақыттан кейін Айсұлтан Венаға қайта келді. Мүмкін оны әкесінің айналасында пайда болған шытырман жағдай қызықтырды. Сонымен бірге, Рахаттың өз хатшысы Элнора Шоразовамен бірге тұра бастағанына ренжіді. Жалпы, жігіттің басындағы жағдай өте шиеленісті болды. Мен өзімнің балама да, басқа біреуге де бұл жігіттің сол жылдары бастан кешкен жағдайын тілемес едім», - дейді Мұсаев. Сондай-ақ экс-төраға М.Әблязовпен арадағы байланысы, М.Жәкішевке қатысты көзқарасы туралы айтыпты.
Oinet.kz