Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
-Біз мықты мемлекет болуымыз керек. Ұлы халық болу үшін біз тұрғындарымыздың санын көбейтуге тиіспіз. Қазір мешіттер көп салынып жатыр. Мешіт салып, оған ата-анасының атын береді, неге балабақшалар салмайды? ...Біз қазір дінтану туралы сөз қозғап отырмыз, бірақ біз атеизм жөнінде де мәселе көтеруіміз қажет. Дінтану институттарында атеизм жөнінде дәріс беріледі. Жоғары оқу орындарында да атеизм өтілуі тиіс. Таңертеңнен кешке дейін мешітте болу тәрбие емес. ...Біз бүкіл халық болып осыған мән беруіміз керек. 2025 жылы біздің мемлекетіміздің атауы өзгеруі мүмкін...( tengrinews.kz сайтынан алынды)
Мәжілісте дін істері агенттігінің есебіне қатысты мәселе қызу талқыланып жатқан кезде Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев осылай деді және әңгіме арасында алдағы уақытта төлқұжатқа азаматтардың қай ұлтқа жататындығы көрсетілмеуі мүмкін деген болжамын да білдірді... «Атың шықпаса жер өрте» деген осы шығар.
Уақтысында Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан халықтары Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарып, былтыр Мәжіліс депутаттығының мандатын иеленген Жұматай Әлиевті не түлен түртті екен?
Осы жиында мешіттердің басым көпшілігінің Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында екендігі де кеңінен әңгіме болды. Мешіт көп деген не сөз? Бұл барып тұрған күпірлік емес пе? Бірақ сол мешіттердің құрылысына бюджеттен соқыр тиын да бөлінген жоқ қой. Бәрі де қалталы азаматтардың, қайырымдылық қорларының көмегімен тұрғызылған. Ал балабақша сияқты әлеуметтік нысандарды салу бұл мемлекеттің азаматтардың алдында Ата Заңмен кепілдік берілген міндеті. Мәжілісте отырған азаматтың осы екеуін ажырата алмағаны ма?
Екіншіден, кешегі кеңестік кезеңде 70 жыл бойы атеизмді оқып, соны насихаттағаннан шыққан мүйіз қане? Енді «өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді» деген заманда жас ұрпақты қайтадан «құдай жоқ» деп оқытсақ, жетіскен екенбіз.
Үшіншіден, «2025 жылы біздің мемлекетіміздің атауы өзгеруі мүмкін» деген мүлдем түсініксіз. Тәуелсіздік алған 22 жылда Қазақстанның атын әлемге таныттық, өзіміздің ұлттық мемлекеттік келбетімізді қалыптастырдық деп жүргенде халық сайлаған депутат не шатып отыр? 2025 жылы, енді 12 жылдан кейін не болады? Қазақстан атауы шынымен де жойылады ма? Осындай қауіп бар ма? Бұған дейін Ассамблеяда жауапты қызметтерді атқарған азамат әлде бірдеңені біліп айтып отыр ма? Ол осы сөзіне түсінік беруі тиіс деп ойлаймыз.
Байқайсыз ба, соңғы уақыта Мәжілістен мән кете бастаған сияқты. Күні кеше төмегі палата халықтың қарсылығына қарамастан қос қолдап тұрып қолдаған зейнетақы туралы заң жобасын Елбасы кері қайтарды. Мәжілісмендер елге масқара болды.
...Осы күзде Мәжіліс тарқайды-мыс деген әңгіме әлде расқа айнала ма? Сіз бұған не дейсіз?