Оңтүстік жұртынан түңілмеңіз, Тұрсын Жұртбай мырза!

Oinet.kz 18-12-2014 1513

“Жебе” газеті облыс туралы теріс пікір туғызуға мүдделі ме?

«Қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік». Бұл Елбасының сөзі.  Елдің де ортақ пікірі осы. Өткен жылы 80 жылдығы арқа-жарқа тойланған облысымыз  төңірегінде топтастырылған тамаша тілектер, ордалы ойлар «Ұлысымның ұйытқысы—Оңтүстік» атты кітапта жарық көрді. Елбасының өзі  бастап, Парламенттің қос бірдей палатасының спикерлері, өзге де көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, депутаттар, Қазақстан былай тұрсын кезінде даңқы жер жарған күллі Кеңес Одағына дейін өнердегі мықтылығын мойындатқан кілең марғасқалар, Халық қаһарманы, зиялы қауым өкілдері қоштап қазақтың алтын құрсағы, қазақтың алтын бесігі екені жиі айтылып жүрген Оңтүстік  Қазақстан облысы туралы  парасатты пікір қозғағандары көңіл шіркінді көк дөненге отырғызып, бір көтеріп тастайтыны талассыз.  Өкінішке қарай былтыр күзде ғана жарық көрген аса құнды жинақта жарияланған Елбасы мен елге сыйы мол азаматтардың бір арнада тоғысқан риясыз тілек-ниеттерін енді, міне, жебеушісі кім екені елге мәлім «Жебе» газеті арқылы Тұрсын Жұртбайдың түкке алғысыз етіп тастауға тырысқаны,  былдыр-батпақ бірдеңе айтпақ болғаны қатты қынжылтады. Сонда «Жебе» газетіндегі сұхбатты оқып ойланғанымыз, жинақ жарық көргелі бергі арадағы небәрі жарты жыл ішінде оңтүстік теріс бағытта түбегейлі өзгеріп кететіндей Тұрсын Жұртбайдың көзіне шайтан көрінгеннен сау ма? Оны шатастырған шайтан қу ма, өзі қу ма, ол жағын білмедік. Білгеніміз, Тұрсын Жұртбайдың түңіліп сөйлеуі соңғы жарты жылдың жүгі емес, біршама уақыттан бері оңтүстік өлкесіне “өкпесі қара қазандай” сияқты. Өйткені, «Жебе» газеті алған сұхбатта оның «...соңғы екі-үш жылда осы өңірдің орыстануға бет бұрып жатқанын сезуші едім. Шымкенттің қазақылықтан қол үзіп бара жатқанына осы сапарымда толық көз жеткіздім» деп көкігені осыны көрсетеді. Бұл дегеніңіз, қазіргі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің соңғы екі-үш жылдағы  ұлттық мүддені ұлықтау жолында тындырған талай-талай оң бастамаларын, сондай-ақ, су жаңа фактіге жүгінсек, күні кеше белгілі болғандай «Саясат-Monіtorіng» тобының жасаған рейтингісі бойынша Астана, Алматы және облыс әкімдерінің арасында екінші орын алған еңбегін көпе-көрнеу жоққа шығару емес пе?  Онымен қоймай, биыл Ұлыстың ұлы күні Шымкентте ерекше тойланғанына айрықша тоқталып, «Мүмкін осыдан кейін Шымкент халқы қазақ тіліне бет бұратын шығар. Кім білсін?!»»деп күдік пен күмән араластыра сөйлегеніне күлесіз бе, жылайсыз ба?

image.png

Тұрсын Жұртбай

Дұрыс-ақ, биылғы Наурыз мерекесінің өзгеше тойланғанын өзіміз де мақтап, мадақтап жаздық. Бірақ, бұған дейінгі, бұл жылға дейінгі толағай тірліктерді, тың идея, игі қадамдардың барлығын белінен бір-ақ сызып тастау тым шектен шығушылық қой. Байқағанымыз, Тұрсын Жұртбай облыс әкімінің өзі басы жетпейтіндей оны осындай қадамға итермелеген өзге біреу дегенді тұспалдап тұрған сыңайлы. Қалай десек те, атақты Расул Гамзатовтың «сен өткенге пистолет тіресең, болашақ саған зеңбірекпен оқ атады» дегенін Тұрсын Жұртбайдың ұмытпағаны жөн. 

Егер бұл сөз өмірдің күнгейінен гөрі көлеңкесіне, тәттісінен гөрі ащысына көбірек үңілетін немесе ұлттың жалауын көтергенсіп, көсемсінгенсіп, кісімсінгенсіп жүретін кеудемсоқ әлдебіреулердің аузынан шықса, «осы жұрт не демейді» деп қоя салған болар едік. «Оңтүстік орыстанып барады» деп байбалам салып отырған көп жұрттың бірі емес, есімі күллі қазаққа белгілі алаштанушы-ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай мырза. Бұл пікірін «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегенді ұран етіп алған, ақпарат айдынына жуырда ғана желкен тартқан «Жебе» газетіне берген сұхбатында білдіріпті. Айтылған әңгіменің түп-төркініне қарағанда, Оңтүстік өңіріне жасаған іс-сапары кезінде Тұрсын мырза «Шымкенттің қазақылықтан қол үзіп бара жатқанына толық көзі жетіпті». Өзгелер «Оңтүстік ұлысымның ұйытқысы» деп, айналып-толғанып жүргенде, Жұртбай мырза жұртта қалған адамдай, тып-тыныш жатқан оңтүстіктен түңіліпті. «Қазақтың рухы Оңтүстіктен бастап іритін болса, онда жағдайымыз жақсарады дегенге күмәнім бар» деп ашық күнде қара аспанды төндіріпті. 

Жалпы уақтысында Оңтүстік туралы жайсыз әңгімелер аз айтылған жоқ. Облыста келеңсіздік орын ала қалса, «не шықса да Шымкенттен шығады» деген шаншу сөз өзгелердің ойына орала кетеді, әйтеуір. Бірақ, қандай жағдай болса да Оңтүстіктегі қазақылықтың қаймағын шайқаған, киелі топырағына түкіргендей жайсыз әңгіме айтылмаушы еді. Ал, Тұрсын мырзаның «Егер Шымкент бетін осылай теріс бұрып алатын болса, онда жағдайымыз жақсарады дегенге күмәнім бар» деп қойып қалыпты. Тым асыра айтылғандық емес пе?

«Бұл Шымкент бұдан 20, 10, тіпті 5 жыл бұрынғы Шымкент емес» депті Т.Жұртбай мырза. Осыдан жиырма жыл бұрынғы, осы Шымкентіміздің бас көшесі Коммунистік, бас алаңы Лениннің атымен аталған заманды неге көксеп отырғанын түсінбедік. Ал, соңғы бес жылдан бергі аралықта не болып еді? Облысты басқарған төрт жылдан астам уақыт ішінде Асқар Мырзахметов ономастикалық комиссияның төрағалық тізгінін өз қолына алды. Білуімізше, республикада облыс әкімі төрағалық ететін ономастикалық комиссия некен-саяқ. «Көшедегі атауларының 70-80 пайызы орыс, 10 пайызы өзбек, ал қалған 10 пайызы қазақ екенін көріп қайран қалдым» дегеніңіз осы облыс басшысы, облыстық ономастикалық комиссияның төрағасы Асқар Мырзахметовке айтқан ескертпеңіз бе, әлде ренішіңіз бе, Тұрсын мырза! Сізді қайран қалдырып отырған күні кеше өз бастамасымен Шымкентте Алашорда үкіметінің тоқсан жылдығын атап өткен, ұлттың ұлылығын ұлықтау үшін рухани салаға көп еңбек сіңірген Асқар Исабекұлы ма?  

Қалам ұстаған қауымның арасында «сын болсын, бірақ, шын болсын» деген сөз бар. Кезінде талай басылымдарда қызмет істеген, кәсіби журналист ретінде де танылған Тұрсын мырзаның сыны мен шыны осы жолы бір-біріне мүлдем қабыспайтынын кесіп айту керек. 

Мына қызықты қараңыз, «Оңтүстік Рабат» газетінің 20 наурыз күнгі санында Тұрсын Жұртбаймен сұхбат жарияланыпты. Осы сұхбатында ол «Шымкент өңірі жайында көзқарасым әманда түзу. Жұмыс бабымен жиі-жиі келемін ғой. Халқы еңбекқор, бауырмал екендігі бәрімізге мәлім. Жасыратыны жоқ, мұнда келсем көңіл-күйім көтеріліп қалады» депті.

Ал, дәл осы 20 наурыз күні шыққан «Жебе» газетіне берген сұхбатында «Оңтүстік орыстанып барады» деп түнереді. Мұнысы екіжүзділік болып шықпай ма? Бұдан кейін Т.Жұртбай мырзаның қай сөзіне сенеміз? Қысқа күнде қырық құбылған оның өзі ме, әлде, алаштанушы ғалымның «аузын қисайтып» отырған «Жебе» газетінің тасасында тұрып «диспетчерлік» жасап жүрген «дәулер» ме? Қашаннан қонағы үзілмеген, дастарханы жыйылмаған меймандос Оңтүстікке Тұрсын Жұртбайдың кейінгі кездері келгіштеп, жиындардан жиі бой көрсетуінің, «Жебе» газетіне жазған-сызған дүниелерін жиі жариялауының астарында біз білмейтін бір гәп бар ма? «Жебенің» көксегені есімі елге танымал азаматтардың қолымен от көсеу ме, әлде өзін-өзі жарнамалау ма? Ойда-жоқта ақпарат айдынына желкен тартып шыға келген «Жебенің» жебеушісі кімдер, бұл ұжымға жиналғандар қайдан келді, қайда жұмыс істейді? «Жебенің» жетегіне ергендер «суыңды ішейін, құдығыңа түкірейін» деп шаңыраққа қарамай, шіреніп шалқая, шалқақтай бастады» деген мағынадағы әр алуан алып қашпа сөз соңғы кезде неге күрт көбейіп келеді? Осындай-осындай сүбелі сауалдар өте кө-ө-өп. Бұл өз алдына қозғалатын бөлек мәселе...

«Шындығында мен Шымкенттің орыстанып бара жатқанына қатты таң қалдым. Мен өзім Қазаққа қиындық туғанда бір сақтап қалса осы Оңтүстік, Оңтүстік Батыс аймақ қауіп-қатерден алып қалады деп ойлаушы едім... Әйтсе де соңғы екі-үш жылда осы өңірдің орыстануға бет бұрып жатқанын сезуші едім. Шымкенттің қазақылықтан қол үзіп бара жатқанына осы сапарымда толық көз жеткіздім. Бұл Шымкент бұдан 20, 10, тіпті, 5 жыл бұрынғы Шымкент емес. Бүкіл Шымкент халқының, оның ішінде көше халқының орыстанып, орысқа бет бұрып кеткеніне таң қалдым. Керісінше солтүстік облыстар, солтүстік-шығыс облыстар қазақ тіліне мойын бұрып келе жатыр. Өкінішке қарай, Шымкентте қазақша сөйлей алмайтын немесе қазақ тілінде сөйлегісі келмейтін адамдарды көрдім.

Ал көшедегі атауларының 70-80 пайызы орыс, 10 пайызы өзбек, ал қалған 10 пайызы қазақ екенін көріп қайран қалдым. Мен көшедегі халықтың қай тілде сөйлесіп кетіп бара жатқанын қолыммен санап отырдым. Сонда байқадым, көшеде кетіп бара жатқан өзбек жігіті мен қыз өз ана тілінде сөйлесіп бара жатыр екен. Мен олардан жөн сұрап едім, олар маған өзбек тілінде жауап берді. Ал қазақтардан жөн сұрасаң, орыс тілінде жауап береді. Тіпті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенттеріне дейін орыс тілінде сөйлейді екен. Міне, осы жағдайларға таң қалдым. Егер Шымкент бетін осылай теріс бұрып алатын болса, қазақ халқының тілі, тілдік намысы бері бұрылады дегенге сенбеймін. Қазақтың рухы Оңтүстіктен бастап іритін болса, онда жағдайымыз жақсарады дегенге күмәнім бар.

Әрине, қара аспанды төндіре беруге тағы болмайды. Мәселен, облыс әкімдігінің қолдауымен Ұлыстың ұлы күнін наурыздың 14-нен бастап атап өтіп жатыр екен. Қазіргі кезде әкімдіктің бұл игі шарасын Астана халқы жыр қылып айтып жүр. Ой да жүр, қыр да жүр, той да жүр, жұмыста болсын бұл туралы айтып жатыр. Шындығында бұл оң бастама. Мүмкін осыдан кейін Шымкент халқы қазақ тіліне бет бұратын шығар. Кім білсін?!»

(Тұрсын Жұртбайдың «Жебе” газетіне берген сұхбатынан үзінді. «Жебе» газеті, 20 наурыз 2013 жыл)

Сырт көз сыншы

«Қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік»

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның Оңтүстігі шуақты күнімен, көкөніс пен жемістердің, қауын-қарбыздарының көптігімен, мол астығымен, халқының жомарттығымен әрі меймандостығымен республикамыздың ежелгі салт-дәстүрін толықтыра түседі. Міне, осының бәрі Оңтүстік Қазақстанға толық қатысы бар. Оңтүстік тұрғындары жақсы жұмыс істей де, қонақтарды жақсы қарсы ала да, әрі біздің салт-дәстүріміз бен тілімізді сақтай да біледі.

Қайрат Мәми, Сенат Төрағасы:

Ұлттық болмыс пен әдет-ғұрпымыздың қаймағы бұзылмай сақталуына кепіл болып, даналықтың сырларын ішіне бүккен шежірелі өлке Оңтүстік Қазақстан – дала мәдениетінің ошағы. Азаматтарына биік рух пен дарын топырағынан дарыған киелі мекен.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс Төрағасы:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік» - деп, осы облысқа жиі ат басын бұрып, оның дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде сіздер халқымыздың ежелгі салт-дәстүрін сақтап, ұлттық рухты жоғалтпай жоғары ұстап, өсіп-өркендеп келесіздер.

Мырзатай Жолдасбеков, Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Асылы, Оңтүстік қазақ тарихының алтын бесігі, ордасы, қазақылықтың салтанат құрған, ұлылардың ізі қалған мекен, ыстық ықылас пен пейілдің, адамгершілік пен инабаттылықтың өлкесі, жер ананы емген дихандар мекені. Оңтүстіктің жемісі де тәтті. Кешегі кеңестік кезеңде де қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын аман сақтап қалған да осы өңір. Оңтүстік атырабы қадау-қадау тау тұлғаларымен де ерекшеленеді.

Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты:

Оңтүстік - өзіне қанша күйе жақса да,  кір жұқпайтын өлке. Оны көре алмайтындардың жаңсақ пікіріне сене бермеңіздер. Әркімнің айтқанына илана беруге бола ма? Осы Оңтүстіктің қазақтары болмаса Астанаға неше түрлі жақсы нышандар келмес те еді. Астананы қазақтандырған Шымкенттен келгендер. Әдебиет пен өнерге сусап, шөліркеп тұрған ортаға нәр сепкен Оңтүстіктің не жазығы бар?    Шымкент, Оңтүстік Қазақстан десе көз алдыма бауырларым елестейді. Күнгейдің халқы ата-бабамыздан қалған рухани мұраны, салт-дәстүрді қаймағын бұзбай сақтап отырған ел. Мен мұны әр сапарымда мақтанышпен үлгі етіп айта жүремін. Оңтүстік – қазақ деген халықтың алтын бесігі, кәусар бұлағы, киелі шаңырағы!

Талғат Мұсабаев, Халық қаһарманы, Ресей Батыры, ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

Шырайлы да шежірелі мекен Оңтүстік Қазақстан өңірі – тәуелсіз еліміздің дархан халқы көп шоғырланған, еңбекқор жұрты кәсібін дөңгелеткен, қойнауы терең тарихы бар, ата-бабаның ежелгі салт-дәстүрін дәріптеп, қазақтың қаймағын шайқалтпаған, қажырлы да қайсар ұлттық рухты жоғалтпаған, аты аңызға айналған азаматтар мен біртуар тұлғалар сыйлаған қасиетті жер, құтты қоныс.

Ермек Серкебаев, КСРО халық әртісі,  Социалистік Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор:

Оңтүстік күнінің ыстығындай құшақтары ыстық, көңілдерінен көгілдір көктемнің шуағы есетін оңтүстіктік көрермендердің, жалпы Оңтүстік халқының  ерекше жылы ықыласын ешқашанда ұмытпаймын.Оңтүстік өңірі – қазақ халқының өңірі мен мәдениетінің, салт-дәстүр үрдістерінің қаймағы бұзылмай сақталған мекен екендігі белгілі. Осы қалыптарыңыздан айнымай – таймай, жаңа ғасырларға жаңарған-жасарған өлке ретінде жете беріңіздер!

Асанәлі Әшімұлы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Оңтүстік өңірінде жылылық көп. Адамға деген көзқарас, қарым-қатынас, сыйласу, сағынып құшақтасу, шын ниетімен дастархан жаю, иығыңа шапан жауып, ат мінгізуі тіпті өзгеше, ерекше дәстүрге айналған. Қанына сіңген, ана сүтімен бірге келген Ұлы мәдениет деп білем. Мұны түсінбейтіндер «Шымкентский вариант» деп мұқатқысы келеді, мейлі солай-ақ десін. Бірақ, бұл тек Оңтүстікте ғана дәстүрге айналған кеңдік, адамды сыйлаудың жоғарғы формасы деп білем.

Бекболат Тілеухан, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Арысты сүймегенің намысты сүймегенің. Шымкентті келемеждеймін деп бүкіл қазақтың тарихын күстаналап жатқандарыңды білесіңдер ме? Шымкентті өз жерім демесе, батырлардың батыры Қажымұқан атамыз туған топырағы Торғайға қайтпай, Бөгенде мәңгілік бөгелер ме еді? Ұлт үшін мансабын құрбандыққа шалған Жұмабек Тәшенов сынды ағамыз туған жері Ақмолаға оралмай, Шымкент жаман болса, мәңгілікке сонда қалар ма еді?!

Сіз не дейсіз?

Мархабат Байғұт,  жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

«Тұрсын Жұртбайға жараспай тұр...»

— Тұрсын Жұртбай белгілі алаштанушы, осы салада өте көп ізденіп жүрген азамат. Наурыздың басында Шымкентке келген. 5 наурызда Әлихан Бөкейханның туған күніне орай «Серпін» жастар клубының Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырған басқосуына бірге қатыстық. Осы жиында «Жебе» газетіндегі сұхбатында білдірген пікірін маған да, көпшілікке де айтқан. 

Ал, көшедегі атаулардың 10 пайызы ғана қазақша, қалғаны орысша, өзбекше дегені ащылау айтылыпты. Биыл Ұлыстың Ұлы күні 14 наурыздан бастап тоғыз күн тойланды. Бұл бастаманы толық қолдайтынымды, оны дәстүрге айналдыру қажеттігі жөніндегі пікірімді «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» газеттерінде, телеарналарда білдірдім. Алайда, “осы оң бастамадан кейін Шымкент халқы қазақ тіліне бет бұратын шығар” дегені Тұрсын Жұртбайға жараспай тұр. 

Болатбек Тілеубердиев, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ филология факультетінің деканы, ономастика жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі:

«Оңтүстікке топырақ шашуға болмайды»

— Ономастикалық комиссияның құрамында жұмыс істеп жүргенімізге оншақты жылдың жүзі өтті. Қазақыландыруға қатысты өте көп жұмыстардың атқарылғанына куә болдық. Облыста бүгінде қазақшаланбаған көше, елді мекен атаулары қалмады десек те болады. Жыл санап бұл саладағы жұмыстар жалғасып келеді. Нәтиже бар. Сондықтан Тұрсын Жұртбайдың айтқан пікірімен келісуге болмайды. 

Кезінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Уәлихан Бишімбаев қазақ тіліндегі құжат айналымын жақсарту мәселесін маған сеніп тапсырған еді. Оқу орнындағы әрбір құжат айналымы, анықтамалардың қазақ тілінде дұрыс жазылуын қатаң қадағалап келеміз. Студент жастар арасында да қазақ тілін меңгеруі жоғары деңгейде. Республикалық телеарналарда жұртшылықты тәнті етіп, қазақ тілінде хабар жүргізетін өзге ұлт өкілдерінен шыққан жүргізушілердің көпшілігі осы ОҚМУ-дан түлеп ұшқан. Студенттеріміздің арасында өзге ұлттың өкілдері де қазақшаны бір кісідей меңгеріп жатқанда, қазақтар қазақша білмейді деуге бола ма?

Әрине, кемшілік те жоқ емес. Бірақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде атқарылған жұмыс көп. Оңтүстік өңірі республикада қазақ тілінің мәртебесін көтеруде көп жетістікке жетті. Өзгелер бізден үлгі алды. Астанаға бара қалсаңыз, өзгелер оңтүстіктің қыздарына құда түсуге құмартып тұрады. Неге? Өйткені, кім де болсын тәрбиелі жерден, өскен-өнген, қазақылықтан ажырамаған отбасыдан қыз алғысы келеді емес пе? Оңтүстікке топырақ шашуға болмайды. Республикада ұлттық рухы бар, табан тіреп тұрған өңір Оңтүстік. Егер барлық облыстар Оңтүстікке қарап бой түзесе, етек-жеңін жинаса жаман болмас едік. 

Балхия Көмекбаева, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы: 

«93 пайызы заңға сәйкес келеді»

--Тәуелсіздік жылдарында облыста 3 ауданға, 33 шағынауданға, 136 ауылдық округке, 344 елді мекенге, 2366 көшеге, 317 білім мекемесіне жаңа атаулар берілді. Аудандар мен қалаларда барлығы 2636 билборд (панно, баннер) орналасқан. Оның 2625-і немесе 99,5 пайызы мемлекеттік тілде. 2012 жылы 8469 коммерциялық нысан болса, оның 7849-ы немесе 93 пайызы заңға сәйкес келеді. Өткен жылы коммерциялық нысан атауларының 542-сі ретке келтіріліп, қалған 78-імен жұмыс жүргізілуде. Тұрсын Жұртбайдың көшедегі атауларға қатысты мәліметтерді қайдан алғанын, пайыздық көрсеткіштердің қандай зерттеулерге негізделгенін түсіне алмай отырмыз.  

Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 96 пайызы қазақ, тек 4 пайызы ғана өзге ұлт өкілдерін құрайды. Олардың 99 пайызы мемлекеттік тілде еркін іс қағаз жүргізе алады. 2011 жылдан бастап аудан, қалалар мен жергілікті басқармалар шығыс құжаттарын 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізуде. Облыс мемлекеттік тілдегі құжат айналымы бойынша республикада 1-орында тұр. Тіл комитеті облысты «Тіл туралы» Заң талабының 5 критерийі бойынша тексеріп, нәтижесінде республикадағы 1-ші болып бес жылда бір рет тексерілетін «болмашы» топқа жатқызды. 

Облыстағы 2 621 523 адамның 72,6 пайызы қазақтар. Ал, балабақшадағы бүлдіршіндердің 85 пайызы қазақ тілінде тәрбие алады. 2012-2013 оқу жылында барлық оқушылардың 74 пайызы қазақ сыныбында оқиды. Тағы бір дерек, 2012 жылы туылған 78 299 баланың 72 920-сының немесе 93 пайызының тегі қазақша жазылған. Бұдан кейін Оңтүстіктің жұртшылығы қазақылықтан қол үзіп бара жатыр деуге бола ма?

Мұрағаттан: 04.04.2013

Әскерге барған әкімдер кімдер?
Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту қате екенін Парламент депутаттары «енді түсінді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу