Мемлекеттік органдар 104 миллиард теңгені игермеген болып шықты
Он бір айдың қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктер жалпы сомасы 104 миллиард теңгені игермеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ.
Бірінші вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 8 триллион 514 миллиард теңге кіріс жиналды.
"Мемлекеттік бюджет бойынша кірістер 101,3%-ке асыра орындалды. Республикалық бюджеттің таза кірісі 6 триллион 219 миллиард теңгені құрады", - деді ол үкімет отырысында.
Кірістер, негізінен, ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар есебінен өскен.
Ал жалпы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,3%-ке атқарылған, 69 миллиард теңге атқарылмады.
"Оның 19 миллиард теңгесі үнемдеу болды. Игерілмегені 50 миллиард теңге", - деді Смайылов.
Айтуынша, бюджет қаражатының игерілмеуіне орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу және істерді сотта қарау себеп болған.
Қаражатты толық игере алмай жатқан министрліктердің арасында экология, геология және табиғи ресурстар, ішкі істер, ауыл шаруашылығы және тағы басқа министрліктер бар.
Бұдан бөлек, бюджетті игермеген өңірлер де аталды. Есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге 1 триллион 521 миллиард теңге нысаналы трансферт бөлінді. Оның 1 триллион 455 миллиард теңгесі игерілді.
"66 миллиард теңге атқарылмады, оның 12 миллиард теңгесі үнемдеу болса, 54 миллиард теңгесі игерілмеді", - деді қаржы министрі.
Айтуынша, бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 26 миллиард теңгеге көп. Бюджет қаражатын ең көп игермеген: Түркістан облысы – 12 миллиард теңге, Нұр-Сұлтан қаласы – 8 миллиард теңге, Шымкент және Алматы қалаларында тиісінше 7 миллиард теңге және 6 миллиард теңге, Атырау және Манғыстау облыстарында – 3 миллиард теңге.
Смайыловтың сөзінше, бұл ақша орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен жеткізілетін таурлардың бекітілген кестеден кеш қалуына, шарттардың жасалмауына, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуіне байланысты игерілмей қалған.