Рабаевтың соты әлі біткен жоқ

Oinet.kz 22-05-2014 888

Бір жыл. Бұл көп уақыт па, аз ба? Бәлкім, бостандықта жүрген адам үшін атқан оқтай зулап өте шығатын бір сәттік қана кезең секілді сезілетін шығар? Ал, азапты күндері мен түндерін темір тордың арғы жағында, отбасынан, бала-шағасынан жырақта өткізген адам үшін ше? Ол аз десеңіз, осынша уақыт заңсыз қамалса ше? Бұл қорлықты басынан өткерген адам ғана шынайы ұғына алатын шығар? 

Screenshot_33.jpg

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің қозғаған қылмыстық ісі бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сол кездегі басшыы Ә.Рабаевты сот санкциясымен 2013 жылдың 4-мамыр күні қамауға алған болатын. Арада тұп-тура бір жыл уақыт өткенде, яғни 2014 жылдың 4-мамыры күні сот айыптау үкімін оқып, күдіктіге тағылған  қылмыс дәлелін таппай сот залынан босатылғаны баспасөз беттерінде жарыса жазылды. Содан бері де біршама уақыт өтті. Кезінде жерден жеті қоян тапқандай «Рабаев ісін» жамағатқа жария еткен қаржы полициясы агенттігінен де, олардың таққан айыбын мақұлдап, сотқа жолдаған прокуратура тарапынан да үн жоқ. Жым-жырт. Ең болмағанда «кезінде елді шулатқан оқиға еді ғой, ақыры неге бұлай аяқталды, ендігі жерде не болады деген сауалдарға қатысты мәселелерді түсіндірейік» деген оймен бұқараралық ақпарат құралдары арқылы елге ресми ақпарат таратқан ешкім болмады. Осыдан кейін «апам да аң-таң, мен де аң-таң», оқырмандар да аң-таң.... 

Айыптау қорытындысында Ә. Рабаевқа қандай айыптар тағылып еді? Әуелі соған аз-кем тоқталайық. 2006 жылдың 5-сәуірі күні КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ-Р/Д М-32 автокөлік жолының Бәйдібек ауданы аумағындағы 137-193 шақырым аралығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Жобаланған қаржы 159 459 400 теңге. 2006 жылы бұл қаражаттың 65 311 300 теңгесі бөлініп, ол толығымен игерілген. Одан кейін бюджет тапшылығына байланысты қалған қаражат бөлінбей қалған. 2008 жылы облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы мен мердігер компания арасында 260 411 780  теңгеге келісім-шарт түзілген. Жұмыс жобаға сәйкес жүргізіліп, нысан 2009 жылдың қыркүйек айында 60 айға, яғни алдағы 5 жылға кепілдеме мерзімі белгіленіп, мемлекеттік қабылдау жүргізілген. Демек, бұл автожолға жөндеу жүргізген мердігер 2014 жылдың қыркүйек айына дейін ол жолдың сапасына қадағалау жүргізуі, нақтырақ айтқанда өз есебінен бүлінсе жөндеуі, тесілсе жамауы тиіс деген сөз. Алайда, 2011 жылы Ә.Рабаев басқаратын аталған басқарма тарапынан КХ-3 «Көксәйек-Аксу-Шаян-Мынбулак» автожолының Бәйдібек ауданының аумағындағы 118-185 шақырымдарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурс жарияланады. Көрсетілген бұл нысанға 2009 жылы ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған 8,4 шақырым жол да енгізілген. Құны 598 861 885 теңге болып белгіленген бұл конкурста «Айжамал» ЖШС жеңімпаз деп танылады. Осылайша екі жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жұмыстары жөнделген жолға екінші қайтара қаражат бөлініп, 131 672 598 теңгенің жұмысы атқарылмаса да «игеріліп» кеткен. Дәлірегі, ысырап болған, жымқырылған...». 

Қаржы полицейлерінің айыптау қорытындысында таққан айыптары осындай. Алайда, бұл айыптаулар сотта өз дәлелін таппады. 

- Бұл іс бойынша 70-тен астам куә, жәбірленуші жақтың  заңды өкілі сұралды. Нәтижесінде сот күдіктінің іс-әрекетінде қылмыс белгілерінің жоқ екенін анықтады. Оқиға орын алған жерге арнайы құрылған комиссия шығып, мән-жаймен танысқан уақытта сот жаңа жолдың халыққа сапалы қызмет етіп отырғанының куәсі болды. Қолдағы бар фотосуреттерге қарап, кезінде аталған нысан жөндеу жұмыстарын қажет еткендігі анықталды. Мемлекеттік сатып алу, жөндеу жұмыстары заң шеңберінде атқарылған. Бүгінде жол бар, халық пайдаланып жатыр, сапасы стандартқа сай. Сол себепті, сот ақтау үкімін шығарды. Күдікті азамат бір жыл бойына заңсыз қамауда отырды деп есептеймін, - деді сот процесіне төрағалық еткен Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қахаров. 

Журналистермен өткізген брифингте осыншама уақыт өзін қамауда заңсыз ұстағаны үшін Ә.Рабаевқа Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 42-бабына сәйкес қылмыстық қудалау органдарымен келтірілген залалды қалпына келтіру құқығы берілгенін, оны алдағы уақытта өзі шешетінін айтуды да ұмытпады. Ал, судья тарапынан ешқандай лауазым иесіне қатысты жеке қаулы шығарылмаған. «Өйткені, бұл іс бойынша аса бір ауыр процессуалды заңбұзушылық болған жоқ, тек тергеу органдары мен прокуратураның пікірі бір бөлек те, соттың пікірі бір бөлек болды» деді судья. 

«Бәрі де түсінікті, бірақ, ештеңе де түсініксіз» деген екен басы әбден қатқан бір бейбақ. Сол айтқандай, тағылған айыптың дәлелденбегені, сол себепті ақтау үкімі шығарылғаны түсінікті. Бірақ, кезінде үлкен айқай-шуға ұласқан бұл істің соңы неге үнсіздікке ұласты? Шындығына келгенде кезінде елді әбден шулатқан, ақпарат құралдарында сыннан көз ашпайтыны аздай Астанадағы алқалы жиындарға дейін аты-жөні аталып тұрып тағдыры талай мәрте «майшаммен» қаралған батыр бала Болатбектің  Әлиевтің қызметімен қош айтысуы да осы атышулы оқиға тұсында болмап па еді? Сол кезде осы екеуіне қатысты естіген адам жағасына ұстайтын  сан алуан қандай қауесет тарамады дейсіз. Бұл заңдылық та. Өйткені «құрбандыққа шалынған» Рабаев оның айтқан тапсырмасын екі етпейтін, бас маман болудан басқарма басшылығына дейін өзі түбіне су құйып өсірген төл кадры екенін елдің бәрі біледі. Ол облыс әкімінің орынбасары қызметіне өскенге дейін оған орынбасары бола жүріп білмегенін үйренді, мемлекеттік қызметтің мың қатпарлы құпиясынан саяси сауат ашты. Айтпақшы, сот үкімінде аты аталатын «Айжамал» ЖШС ел теңге сауудың көзі санайтын тендердің жеңімпазы деп танылып, мұның соңы Рабаевтың басын бәлеге шатылдырған үлкееее-ен дауға ұласса, дәл осы «Айжамал» ЖШС оның ұстазы, қамқоршысы Болатбек Әлиевпен әлдеқандай бір байланысы бар екені ақпарат құралдарындарында уақытысында аз айтылған жоқ. Арғы жағын «ішің білсін әллуай» демекпіз. 

Рас, Әбілсейіт Рабаев қамауға алынған кезде көпшілік оған жанашырлық сезіммен қарады. «Құрбандыққа шалынды» деді. Бірақ, ол өзіне өзі жанашырлық танытпайтын сыңайлы. Сот жеке шағымданып, моралдық шығынын өндіруге мүмкіндік бергенімен, өзін заңсыз қамады дегендерге қабағын шытқысы келмейтінін сездіріп отыр. Бір жыл тұрмақ бір күнін де темір тордың арғы жағында заңсыз өткізген адам Конституциялық құқын қорғау үшін тиісті органдарға шағымданбаушы ма еді? Ә. Рабаев тарапынан әзірге ондай пиғыл байқалмайды. Ел аузындағы әңгімеге сенсек, Ә.Рабаев ешкімді де қудаламай, бұрынғы жайлы креслосын да аңсамай, Шымкентпен қош айтысып, Алматыға жақсы жұмысқа кірісетінге ұқсайды. Ұсыныстар да жоқ емес көрінеді. Алдағыны  Алла ғана біледі, уақыт қана көрсетіп бере аладыБәлкім, «бостандыққа шыққаныма шүкір, ұзақ жылға сотталып кеткенде не болар едім, бастан құлақ садақа» деген де болар? Әйтеуір, тордан босаған бұлбұл құстай алды-артына қарамай пыр-пырлап ұша жөнелді. Әлде аздап есін жиып алған соң қарымта қайтаруға  білегін сыбанар ма екен? Оны жетелеп өсірген Болатбек Әлиев те кезінде араға сегіз жыл салып барып өзінің баяғыда жұмыстан абыройсыз қуылғанын,  тіпті сотты болғандығын, бәрін, бәрін  еңбек кітапшасынан түбегейлі өшіріп тастаудың, сот арқылы өмірбаянын  жаңаша жазғызудың амалын тапқанын, сөйтіп дәл осы Рабаев басқарған басқарманың басшылығына қалай тағайындалғанына дейін нақты құжатпен толық хабардардармыз. Тағы бір таңданарлығы Әбілсейіт Рабаевты ақтаған сот пен бір кездері Болатбек Әлиевті ақтаған соттың, осы салада жүрген адамдардың арасынан бір байланысты байқадық. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. 

P.S. Бұл мақала осыдан екі апта бұрын жазылуы тиіс еді. Бірақ, біз өйтпедік. Өйткені, үкім оқылғаннан соң Рабаевтың ақталғаны жөнінде жаппай айтылатыны түсінікті еді, ал, қылмыстық істі қозғаған, оның заңдылығын қадағалаған органдардың пікірін ешкім жария етпеді. Себебі, ол айтылған жоқ. Біз осы пікірдің айтылуын күттік. Кешегі күні прокуратурадан жаңа мәліметтер алдық. 

Сіз не дейсіз? 

Айгерім Балтабаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық  прокуратурасы Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының аға прокуроры:

«Ақтау үкімін түпкілікті шешім деп айтуға әлі ерте»

- Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен сотталушы Ә.Рабаевтың әрекетінде қылмыстық оқиға болмауына байланысты ақталғаны белгілі. Алайда, бұл үкім заңды күшіне енген жоқ. Өйткені, біз, яғни прокуратура тарапынан апелляциялық наразылық енгізілді. Онда Рабаевтың кінәсі бар екенін көрсетіп, сот үкімін бұзып, жаңадан қарап, осы баппен айыптау туралы үкім шығаруды талап етіп отырмыз. Яғни біз өз ұстанымымызда қаламыз және соны жалғастырамыз. Себебі, бұл оқиғада қылмыстық әрекеттер бар деп есептейміз. 

Осы жерде айта кеткен жөн, «Қазкоммерцбанк» АҚ Шымкент филиалының бұрынғы басшысы А.Пірімбаевтың ісіне байланысты да осы Әл-Фараби аудандық соты 2012 жылдың 24 желтоқсанында ақтау үкімін шығарған болатын. Прокурорлық ықпал ету актілерінің нәтижесінде ағымдағы жылдың сәуір айында Пірімбаевқа қатысты барлық сот актілері апелляциялық сатыда бұзылып, ол кінәлі деп табылды. Осы сот актілерін бұзу үшін бізге екі жылға жуық уақыт қажет болды. Сол себепті, Рабаевқа қатысты ақтау үкімін де түпкілікті шешім деп айтуға әлі ерте. 

"Рейтинг" газеті

Мемлекеттік органдар 104 миллиард теңгені игермеген болып шықты
16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу