Елікбай Тоқбергенов жүрген жерде ел неге шулай береді?

Oinet.kz 29-11-2019 1079

«Кешегі Кеңес Одағы кадр мәселесіне өте қатаң, аса байыпты қарайтын. Қазір кадр таңдау мәселесі бетімен кеткені соншалық, кешке қойшы болып ұйықтап, таңертең әкім болып тұратын жәйттер жиі кездеседі. Кеңсеге қарапайым қызметкер болып келіп, талай жыл тәжірибе жинақтап, әбден ысылған соң қызметте жоғарылау үрдісі адыра қалды. Қызметкердің қарым-қабілетін, іскерлік қасиетін бағалаудан гөрі тамыр-таныс, ақша, жең ұшынан жалғасушылыққа жол берушілер көп».   

Screenshot_42.jpg

Фото Азаттық сайтынан

«Рейтинг» газетінің 2009 жылдың ақпанындағы санында біз осылай деп жазған екенбіз. Кімдер туралы дейсіз бе? Қызметтік баспалдақта тезірек өсу үшін, карьерасында өте үлкен секіріс жасау үшін бір ауылдық округтің әкімі қызметін бір-екі күн атқарып, артынша үлкен лауазымды қызметке тағайындалып кеткен кадрлар жөнінде. Таңертең әкім болып оянған сондай кадрлардың ішінде Елікбай Тоқбергенов те бар болатын. Мәселенің қысқаша мән-жайы былай, Елікбай Тоқбергенов Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылының әкімі қызметіне 2006 жылдың 19 қазанында тағайындалып, бір күннен кейін яғни  20 қазанда өз еркімен қызметтен кетеді. Сол күні облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық департаменті директорының креслосын иеленген. Ауылдық әкімдіктегі бір күндік карьерасында керемет іскелік көрсетіп, бірден департамент директоры болып кеткен Тоқбергенов не деген бақытты жан еді дейсің. Алайда директор абыройсыз жағдайда атынан ауып түсті.

Сол жылдың тамызында «Рейтинг» газетіне берген сұхбатында облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Сұлтанғали Атыхаев облыста тендер дауына байланысты бір топ шенеуніктердің қызметтен кеткенін мәлім етті.  

- Жазықсыз жазаға ұшырап, нақақтан нақақ күйген   бірде-бір қызметкер жоқ. Әркім өзінің жіберген кемшілігіне орай  тиісті жазасын алды. Шара қолданылған шенеуніктердің барлығы  тендерлік  комиссияның  құрамында болған. Кемшіліктерді көріп, біле тұра келісімін беріп, тиісті құжаттарға қол қойды. Енді істегендеріне жауап берсін. Айталық, осыдан біраз бұрын облыстық  энергетика басқармасының бастығы Елікбай Тоқбергенов пен 4 бөлім бастықтары тендерді дұрыс өткізбегені үшін қызметінен кетті, - дейді бөлім жетекшісі. Содан бергі аралықта он жылдан астам уақыт өтіпті.  

Мұның бәрін не үшін еске түсіріп отыр дейтін шығарсыздар? Содан бергі аралықта мемлекеттік қызметтің ауылынан алыстап кеткен Елікбай Тоқбергенов биыл Шымкенттегі «Shymkent bus» муниципалды автобус паркінің директоры қызметіне тағайындалды. Тоқбергенов тізгінді қолға ала салысымен шу шықты. Бәрін басынан бастасақ.  

Биыл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына дәл бір жыл толған күні (19 маусымда) ашылған паркке жеткізілген 300 автобустың Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «БРК-Лизинг»  компаниясының қоғамдық көліктерді жаңарту жобасы аясында алынғаны айтылды. Су жаңа автобустарды тапсырған Ғ.Әбдірахымов мегаполиске жыл соңына дейін тағы 700 автобус жеткізілетінін мәлім етті. Алайда міне, жылдың аяқталуына бір ай ғана уақыт қалды. Қалалық әкімдік дәл қазір қалған 700 автобусты әкелмек түгілі бұған дейін келген 300 көлікке жұмыс тауып бере алмай отыр.  Қаланың көлік саласына жауапты басшылардың айтуынша, Әбдірахымовтың кезінде келген  300 автобустың 231-і 12 маршрутта қызмет етеді. Ал 69 автобус маршруттың болмауына байланысты қаңтарылып тұр. Жүріп тұрған автобустың жұмысшыларын да жалақымен жарылқай алмай отыр. Күні кеше ғана қаланың қоғамдық көлік саласының жаңа тарихы басталып, жаңа парағы ашылғандай көрінген көңіл күйден түк те қалмады.  

Тамыз айында парктің басшылығына Елікбай Тоқбергенов келді. Осы кезден бастап жүргізушілер жалақының берілмей жатқандығына байланысты  ақпарат құралдары арқылы наразылықтарын білдірді. Директор  жалақы қарызының 10 миллион теңгеге жуықтағанын және оның кешігуін жұмысшылардың жалақы аударатын карточкаларын толық дайындап бітпегендігімен байланыстырған еді. Қарашада қордаланған жалақы қарызы 51 миллион теңгеге жетті.  

Өткен сәрсенбіде парк жұмысшыларының наразылығынан кейін, Шымкент қалалық әкімдігінде жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бақармасының басшылары, парктің  директоры Елікбай Тоқбергенов және паркке құрылтайшылық ететін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жетекшісі Әбілсейіт Рабаев баспасөз мәслихатын өткізді. Олар жалақы мәселесін 2-3 күннің ішінде шешуге уәде берді.  Парк жұмысын тоқтаусыз жүргізу үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Петро Қазақстан» компаниясынан 200 миллион теңге алыпты. Басшылар жүргізушілердің алатын жалақысына қатысты мәліметтерді ашып айтпай, ән нәрсені бір сылтауратқандай көрінді. Бірақ олар жүргізушілерге әу баста уәде етілгендей 180 мың теңге емес келісім-шартта көрсетілген 130 мың теңге төленетін мәлім етті. 

Біз осы аптада паркте істейтін жүргізушілермен хабарласқан болатынбыз. Олар жұма күні жалақының аударылғанын, бірақ уәде етілгендей 130 мың теңгеден емес 70 мың теңгеден берілгенін мәлім етті. 70 мың теңге жалақының қазіргі заманда мақтанатындай табыс емес екендігі рас.  Жүргізушілердің айтуынша,  парктің жұмысында түсініксіз нәрселер көп. Жаңа автобустардың әрқайсысы күніне 30-35 мың теңгеден ақша өткізеді. Егер әр автобус күніне осыншама табыс тауып тұрса, бір айдағы табыс 1 миллион теңгеге жуықтайды екен. 231 автобустың айына қанша табыс әкелетінін енді өзіңіз есептей беріңіз. Парктің «Петро Қазақстан» компаниясынан 200 миллион теңге көмек алғанын жоғарыда айттық. Келесі жылдан бастап  субсидия алсақ деген дәме де жоқ емес. Енді өзіңіз ойланып көріңіз, әркімге қарап алақан жаятын осындай компанияда қандай болашақ болуы мүмкін.  

Жалпы Шымкентте автобустардың жаңаруы 2015 жылдан, сол кездегі қала әкімі Дархан Сатыбалдының кезінен басталады.  Алғашқы жасыл автобустарды «Green Bus» деп аталатын алпауыт компания алып келді. Қалада ескі-құсқы көліктермен алаңсыз қызмет көрсетіп жатқан жекеменшік ұсақ компаниялардың басшылары содан бергі аралықта жасыл автобус көрсе жүректері зырқ ете қалатын болған. «Green Bus» сол 2015 жылы қалаға бірден 200 автобус алып келді. Автобус болғанда да қандай дерсіз? Ұзындығы 10 метрге жетеді, жалпы сыйымдылығы 85 адамға лайықталған. Диспетчерлік бақылауды реттеу үшін GPS навигаторларымен және жолаушылар үшін тегін қызмет көрсететін WІ-FІ интернет желісімен қамтылған. Ең бастысы, көліктер бензинмен емес, табиғи газбен жүреді. Бұл экономикалық жағынан ғана емес, экологиялық жағынан да тиімді. Мұндай көлікке қытайдың сары мәстек сары автобустары бәсекелесе алсын ба?  «Green Bus» «есіктен енген бойда төр менікінің» кебін кигізді. Жергілікті компаниялар сырылып шетке шыға бастады. Ал жеп отырған наннан айырылу кімге ұнайды дейсіз?! Көлік компанияларының басшылары көп ұзамай-ақ өздерінң өкпе-реніштерін білдіре бастады. Ал биыл «Shymkent bus» компаниясы құрылғаннан кейін тіптен шулап кетті. Айтпақшы, былтыр жасыл автобустардың өздеріне тиесілі бағыттарға кіріп, қожайындық ете бастағанына қатысты арыз-шағымды «Атамекеннің» жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында айтқан азаматтың бірі біз әңгіме етіп отырған  Елікбай Тоқбергенов еді. Арада бір жарым жыл өткеннен кейін ол осы парктің басшылығына келді. Таңдаудың басқаға емес, Тоқбергеновке түскені тегін бе?  

Осыдан кейін барып «Елікбай Тоқбергенов жүрген жерде ел неге шулай береді?» деген сауалдың көлденеңдей беретіні рас.  Мұның жауабын енді кімнен сұраймыз?  Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ, 

"Рейтинг" газеті, №466 2019 ж

215 миллион теңге жымқырды деп айыпталған Шкарупа Тоқаевтың атына арыз жазды
Қазақстан командасы әлем чемпионатында Қытайды жеңді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу